Несібелі Бәсенова: «Сот орындаушысы коллектор емес»

ТМД елдері арасында Жеке сот орындаушылар палатасы Қазақстанда ең алғаш енгізілген институт. Биыл бұл құрылымға 10 жыл толды. 2011 жылы лицензия алған тұста облыс бойынша 6 жеке сот орындаушысы ғана екен. Олардың алдында ең алдымен "Жұмысты неден, қалай бастаймыз?" деген міндет тұрды. Сол кездегі қадамын тәй-тәй басқан, материалдық-техникалық жағдайы нашар, жалдамалы кеңсені паналаған жаңа құрылымның бүгінгі күнге дейін қандай жолдардан өткеніне куә, қазіргі Жеке сот орындаушылары өңірлік палатасының төрайымы Несібелі Бәсеновамен сұқбаттасқан едік.
– Алғаш Қанат Тілеуғабылов деген азамат екеуіміз жұмысты бірге бастағанбыз. Жалға алған кеңсе арендасының бір айын ол, келесі айын мен төлеймін. Өзіміз сот орындаушы, өзіміз курьер, өзіміз еден жуушымыз. Ол кезде 16 банк филиалы жұмыс істейді. Қанат екеуіміз кезекпен-кезек сол қаржы ұйымдарын аралап, борышкерлердің есеп-шотындағы ақшаны тексереміз. Қолымыздағы басты құжатымыз – сот шешім шығарған орындау парағы.
Басында өзім басшы болдым, облыстық алқаны алғаш болып басқардым. Жайлап бір-екіден қосылып отырып, 2014 жылы 38 адам болдық. Осылайша бізге өңірлік палата мәртебесі берілді. Бүгінгі таңда палатамызда 100 жеке сот орын-даушысы бар.
– Алғаш банктерге өздеріңіз барып, борышкерлер дерегін жинап жүрдіңіздер. Бұл біле-білген адамға ауыртпалығы өте зор жұмыс. Қазір барлығы электрондық базаға ауысты. Қаншалықты нәтижесін беріп жатыр?
– Жалпы сот орындаушылары көп жылдан бері электрондық базамен жұмыс істейді. Ал Әділет министрлігінің "Борышкерлердің бірыңғай реестрі" деген ресми сайты бар. Мұнда бүкіл Қазақстан бойынша берешегі барлардың тізімі жазылған. ЖСН номерін терсеңіз, шыға келеді. Сот орындаушыларының тізімі де республикалық палатаның сайтында. Оны айтып отырған себебім, мысалы, коллекторлық жеке компаниялар жұмыс істегеннен бері "сот орындаушымын" деп өздерін таныстыратын болып кетті. Коллекторлық компания мен сот орындаушы екі бөлек ұйым. Хабарласып тұрған адамға толық аты-жөніңізді айтпастан бұрын алдымен оның өзінің кім екенін анықтап алуыңыз қажет. Ол үшін жоғарыда айтылған республикалық палатаның сайтынан тексеріп аласыз. Және қай мекемеде жұмыс істейді, қалалық сот орындаушысы болса, қалалық палатаға тіркелген бе немесе басқа мекемеге тіркелген бе, анықтау керек. Көбісі осы жағынан шатасады. Екіншіден, біз тек ғана борышкердің өзімен ғана тікелей хабарласамыз, оның анасы, әкесі, жұбайына қоңырау шалып мазасын алмаймыз.
– Сот орындаушысы деген жұмыс жүктемесі өте көп маман. Борышынан жалтарып, берешегін өтемей жүргендермен қалай күресіп келесіздер?
– Біріншіден, қылмыстық істер бойынша мүлкін тәркілеу деген бар, соны ғана өндірмейміз, қалған азаматтық істердің бәрін өндіру біздің мойнымызда. Қазір бір жеке сот орындаушысының қарамағында орташа есеппен 2000-2500 іс бар. Сондай-ақ, бір сот орындаушысында төрт-бес көмекші болуы мүмкін. Ол қаржыға байланысты. Бірақ көбі бір-екі көмекші алады. Жұмысын енді бастап келе жатқан сот орындаушылары істі өздері алады. Материалдық жағдайын дұрыстап алғаннан кейін тағы да көмекші қосуы мүмкін. Бес-алты мыңға дейін іс алып жүргендер бар. Олар қолдарынан келетін, үш-төрт көмекшісі барлар. Мұндай сот орындаушыларының қарамағында 15 мыңдай іс болады.
Ең қиын шаруа – алимент берешегін өндіру. Ол жерде екі жақпен теңдей жұмыс істеу керек. Талапкер тарапынан борышкер берешегін төлеп жатыр ма, ақшаны қайыратын мүмкіндігі бар ма деген сұрақ туындайды. Әйел адам келеді де, "мен 2-3 айдан бері алимент берешегін ала алмай жүрмін" дейді. Сот орындаушы борышкерді шақырады, одан арыз жазғызып алады, түсініктеме алады, әкімшілік жазаға тартады дегендей көп жұмыстар жүргізіледі. Жалпы қарамағымыздағы өндірілетін істердің 30-40%-ы мемлекет пайдасына шешілетіндер. Жол ережесін бұзғандар, қоғамдық орындарда иттерді серуендету ережесін бұзғандарға, сондай-ақ, көпшілік жерде темекі шеккен, ішімдік ішкен адамдар сияқты әкімшілік жаза арқалағандар сол тізімде. Ал қадағалушы орган – прокуратура күнделікті тексеріп жатады.
Айта кетейін, былтырғы жылдың аяғында тізімімізде іздеуде жүрген 140 мыңдай борышкер тіркеуде болған. Осыған қарап-ақ жұмысымыздың қаншалықты ауыр екенін бағамдай беруіңізге болады.
– Бізге мынандай шағымдар көп түседі. Айталық, әкімшілік құқық бұзғандар айыппұлын төледі немесе банк қарыздарын жапты делік. Кіріс басқармасы, банк, жол полициясы тарапынан базада төленген деген ақпарат шығады да, дәл сот орындаушыларына келгенде қарыз деп базада тұрады. Бұл мүлікті сату, баспана, басқа да сауда жасау кезінде алдыңнан үлкен кедергі болып шыға келеді. Мұның себебін түсіндіріп бере аласыз ба?
– Өкінішке қарай, төлемдердің базадан алынбайтыны жайында шағымдар көп түседі. Басшы ретінде осы жағынан күнде жұмыс жасаймын. Сіздің алдыңызда ғана жас бала келіп-кетті. 13 мың теңге салығы бар екен. Ол берешегін басқа жаққа төлеп жіберіпті. Кейде мұндай түсініспеушілік жиі кездеседі. Сондықтан әрбір жағдаймен танысып, анықтау кажет. Бұл жерде тек сот орындаушысы кінәлі деп айта алмаймын. Борышкердің өзі де кінәлі болып қалады. Көбісі 1-2 жыл төлемей жүріп, бір күнде апарып төлейді. "Бір күнде менің шаруамды шешіп беріңіз" деп келіп тұрады. Ал ол неге сонша уақыт созды? Неге уақытында төлемеді? Ол да жауапкершілікті сезіну керек қой. Автоматты жүйе болғандықтан, бұл жерде жалғыз бізге емес, прокуратурадан, орталық аппараттан да шағымдар түсіп жатады. Менің телефонымда колл орталық бар. Өзіме да дамыл жоқ. "Мынадай сот орындаушысы менің есеп-шотымды шешкен жоқ" деп Инстаграм парақшама да жазып жатады. Борышкер "мен төледім, болды, әрі қарай сот орындаушының жұмысы" деп ойлайды. Әр адам берешегін төлегеннен кейін қайта қоңырау шалып, бір тиянақтаған жөн.
– Несібелі Зариванқызы, сіздің өз салаңыз бен қоғамдық жұмыстарды қоса алып жүретін көшбасшылық қырыңыз жайында сұрайын дегенмін. Соның ішінде медиация институтының ішіндегі отбасын татуластыру саласын қолға алғаныңызды білеміз.
– 2019 жылы татуластыру жобасын әзірлеп шығарған болатынмын. Сот орындаушыларына наразы адамдар оларға қарсы сотқа жүгінеді. Онда барғаннан кейін сот орындаушының ісі заңды немесе заңсыз екендігі нақтыланады. Ұйғарым шығарылады. Соның алдын алу үшін әрі-бері ойлап, қалай сот орындаушыларын қорғап қалу керек деген ой келді. Сөйтіп татуластыру комиссиясын құрдық. Ол қандай комиссия? Ұрыс-керіссіз бейбіт түрде шешу. 2020 жылы осы комиссиямен жұмыс жасадық. Дәл осы жерде алимент бойынша шағымданғандар болса, татуластырып, қосыппыз. Қазір олар тату-тәтті отбасы, балаларын бірге бағып отыр. Биыл сол жобаны жеке бөліп, "Отбасы Help" деп аштым.
– Пандемия жағдайында жұмыстарыңыз қалай жүріп жатыр? Және сіздер тараптарыңыздан бірқатар қайырымдылық шаралары қолға алынды деп естідік.
– Жұмыс өткен жылға қарағанда, аздап қарқын алып келеді. Былтыр бір өзім ғана жұмыс істедім. Көбі үйде болғасын, елге қажетті қандай да бір көмек жасайық деп ойландық. Әкімдікке қоңырау шалып едік, олар қалалық емханаға термошәйнектер жетіспейді деді. Әріптестеріммен хабарласып, жиналып, таныс ар-қылы 6 термошәйнек сатып алдық. Қысқатолқынды екі пеш, оған қоса тәттітәпсек алып апарып бердік. Бізде 18 нәзік жан бар, солар блок бекеттеріне ыстықтай тамақ пісіріп апарды. Тобыл қаласындағы провизор орталығына да термошәйнек жеткізіп бердік. Ораза кезінде жылда мешітте 400 адамға ауыз-ашар беретінбіз. Былтыр пандемия кезінде оның орнына он отбасыға 21 мың теңгелік 25 келі ұн, 20 келі қант, 20 келі макарон, басқа да азық-түліктен жеткізіп отырдық. Биыл да соның жалғасы ретінде Рамазан айында 40 отбасыға осындай көмек көрсетілді. Сондай-ақ еліміздің 30 жылдығына орай "30 қайырымды іс" акциясын қолға алдық. Соның бір парасы ретінде құстың 30 ұясын жасатып, қалалық әкімдіктен рұқсат алып, орталық саябаққа ілдік. Жақында қалалық ТҮКШ бөліміне 100 алма ағашын еккіміз келетінімізді жеткіздік. Әкімдік оған орын бөлетін болды. Тек өскіндерді күзде отырғызу керек. Амандық болса, сол кезде алма ағаштарын ексек деген жоспарымыз бар. Және жеке сот орындаушыларына арнап аллея сұрап отырмыз.
– Әңгімеңізге рахмет!

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓