Жаңа жүйе жарға жықпайды

1 шілдеден бастап қазақстандық жүк тасымалдаушылар үшін бірқатар жаңашылдық енгізілмек. Яғни, көлік құжаттарын басқарудың бірыңғай жүйесі, электрондық жол парақтары мен тауар-көлік жүк құжаттары, міндетті спутниктік навигация және көлікті қашықтан бақылау тәрізді тәсіл қолданысқа енгізілуі мүмкін. Әзірге жергілікті көлік инспекциясы бизнес өкілдерін толғандырған мәселелер мен ұсыныстарына ден қойды.
Өңірлік көліктік бақылау инспекциясының бастамасымен облыстық кәсіпкерлер палатасында қостанайлық тасымалдаушылардың жаңа енгізілімдерге қатысты пікірі талқыланды.
«Кез келген ұйымның басшысы өз саласының білгір маманы. Сондықтан, біз сіздермен тығыз байланыс орната отырып, әрқайсыңыздың ұсыныстарыңызды қабылдауға әзірміз. Оның үстіне бізге жүк тасымалдаушылардан рұқсат беру құжаттамасына қатысты бірнеше өтініш түсті. Оларға мәселені шешудің оңтайлы жолдары туралы түсіндіре алсақ, бизнес өкілдеріне жаңа нормативтік-құқықтық актілер аясында жұмыс істеу ыңғайлырақ болмақ», – дейді облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Мұрат Әбенов.
Көліктік бақылау инспекциясы басшысының орынбасары Серік Безғазимовтің айтуынша, көлік құжаттарын басқарудың бірыңғай жүйесі – бұл іс жүзінде тасымалдаушылардың қызметіне байланысты барлық деректердің базасы. Ол бойынша максималды салмағы 3,5 тоннаға жететін көлік құралдары ғана жұмыс істеуі керек. Әзірге жүйе тест режимінде жұмыс істейді. Ноу-хауды қостанайлық сегіз кәсіп-орын сынап көреді.
"Көліктік бақылау бекеттерінде мобильді және стационарлық үлгідегі бақылау құралдары орнатылады. Мобильді көліктер – бұл инспекция балансында бар арнайы көлік. Оған жол полициясы қолданатын радарлар түріндегі құрылғы орнатылады. Жолдарда стационарлық қондырғыларды орнату ЖАО-мен келісілетін болады. Болашақта жолдағы бақылауды барынша автоматтандыру жоспарланып отыр. Яғни, инспектор көлікті тоқтатпайды. Тек, арнайы құралдардың көмегімен кез келген жүк тасымалдаушының рұқсат қағаздарының бар-жоғы туралы ақпаратты оқи алады. Бұл уақытты үнемдеп қана қоймай, сыбайлас жемқорлықты азайтуға мүмкіндік береді", – деді Серік Безғазимов.
Көлік құжаттарын бас-қарудың бірыңғай жүйесін пайдалану үшін кәсіпкердің ЭЦҚ-сы болуы қажет. Бизнестен ешқандай инвестиция қажет емес. Барлық шығынды 1,6,7 класты қауіпті жүктерді тасымалдайтын және жолаушылар тасымалымен тұрақты айналыспайтын кәсіпорындар ғана көтереді. Олар әр көлік құралына GPS навигациясын орнатуы керек.
"Облыста жолаушылар тасымалымен тұрақты айналыспайтын 32 кәсіп-орын лицензия алған. Тағы 10-12 кәсіпорын қауіпті жүктерді тасымалдап жүр. Олар қайда барады, қайдан келеді – бәрі бақылауда ұсталады. Әзірге бұл екі санатқа ғана қатысты, бірақ болашақта бұл талапты кезең-кезеңмен тасымалдаудың барлық түріне енгізуді жоспарлап отырмыз", – деді инспекцияның бас маманы Асхат Ақшукин.
Кәсіпкерлер егер жүйе істен шықса не істеу керектігін сұрады. "Оның жалғыз ғана жолы бар – құжаттарды бұрынғысынша көрсетуіңізге болады", – деп жауап берді көліктік бақылау инспекциясының мамандары. Заңнамада бұған тыйым салынбаған.
"Негізі мұның да өз артықшылықтары бар. Алайда 1 шілдеге дейін көп қалған жоқ. Бір ай ішінде жүргізушілерді ұйымдастыру және оқыту өте қиын болады", – деді SV TRANS Logistics ЖК басшысы, облыстық кәсіпкерлер палатасы жанындағы Өңірлік кеңестің мүшесі Валерий Сусаренко.
Инспекция мамандары жүйе біртіндеп енгізілетініне сендірді. "Пилоттық кезеңде" ешкімге жаза кесілмейді. Тест кезінде анықталған барлық ескертулер мен кемшіліктер түзетіліп, болашақта ескерілетін болады.

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓