Ақжарқын Жанат еді

Біздің Жанат Торғайдың Аманкелді ауданының тумасы еді. Аманкелді болғанда да өңір журналистерінің абыз ұстазы, «дала академигі», марқұм Бөгетбай Әлмағанбеттің қызы болатын.
Сонау бір студенттік кезімізді, жастық шағымызды еске алсақ, домаланған ақсары қыз Жанатымыз еске түседі. Сөйлегенде қолын сермеп мимикамен түсіндіре қоятын және ол өзіне керемет жарасатын. Үнемі ашық-жарқын қалпы көз алдымызға елестейді. Ол өзі сондай, реті келіп тұрған жерде тіке сөйлейтін.
Әлі есімде, 1973 жылдың күзінде КазМУдың студенттері облысымыздың сол кездегі Ленин ауданы, «Новопокров» совхозы, «Үйкескен» деген бөлімшесіне Алматыдан ауыл шаруашылығы жұмысына келген едік. Жалын атып, лапылдаған өрімдей кезіміз. Бір жолы курс жігіттері жергілікті жігіттермен жаға жыртысып, шу болды. Бізді жетекшіміз профессор А.Х Марқабаев (марқұм): «Мұндай бұзақыларға қатаң жаза – оқудан шығару керек» деп зәремізді алды. Сол кезде бес курстан жұмысқа барған факультет жиналысында курстасымыздың ортасынан суырылып шығып Жанат сөз сөйледі: «Жігіттер қыздардың намысы үшін ара түсті. Басынан сөз асырмаған, өзгені басындырмағаны үшін неге жазалауымыз керек? «Бас жарылса бөрік ішінде, қол сынса жең ішінде». Ауылдағы кілең қазақ балалары тіл табысады», – деді сөзін салмақтап сөйлеп. Сол жолы Жанаттың сөзіне жетекшіміз де басқалары да тоқтаған. Сол кездегі біздің риалығымызды ойлай беріңіз. Кейін сол «Үйкескен» күндерінен бір-бірімізге естелікке жазған қойын дәптерімде Жанаттың қолтаңбасы: «Үйкескен» дейсің бе? Айналайын-ау, оны ұмыту, жастық шағымызды ұмытумен пара-пар ғой» деген екен. Адам жанын жүрегімен түсінетін, сергек сезімталдығымен бізге қымбат еді.
«Жалған айтып жағымды болғаннан, ақиқатты ашық айтып араз болған артық» дейтін әкесі Бөгетбайдың ұстанымы Жанаттың да бойынан табылатын. Ол Бөгетбай ақсақалдың артында қалған құнды мұрасын жинастырып, «Торғайдағы азаттық көтерілісі» атты деректі де дәйекті жинағына редактор болды.
Университет бітірген соң "Жалын" баспасында жұмыс істеді. Қызметтес үзеңгілестері Жанаттың өткір ойы мен әдептілігі таң қалдырады дейтінін талай естідік. Курстасымыздың кемеліне келген шағында да біреумен ұрысып қалыпты дегенін естіген емеспіз. Бауырмал болатын. Іні-сіңлілеріне қамқор болды. Қызы Алуаға жақсы ана, немерелеріне сүйікті әже болды. Жұмысын тастаған жоқ. 90-шы жылдың ортасынан бастап Алматыдағы КСК-ның төрайымы болды. Тұрғындардың ықыласына бөленді. Жұмысын адал атқарды.
Осыдан екі жыл бұрын Аманкелдіге барғанмын. Алдымнан жарқылдап Нұрлыбек шықты. Жанаттың туған інісі. Жымиысы, ақтарыла кететін көңілі ұқсап тұр. Сол жолы Нұрлыбектің шаңырағында қонып, курстасымның туғандарымен дидарласып қалдық.
Кейін Алматыға телефон шалып, Жанатпен сөйлесіп, туған жердің жаңалығын айтып, көңіл демдеген едік. Бірақ ол соңғы тілдесу екен…
Енді, міне, Жанатымыздың да дүниеден озғанына да қырық күн болыпты. Көзі тірі курстастарының жүрегінде де, көңілінде де – Жанаттың жарқын бейнесі. Бақұл бол! Аманкелдідегі Нұрлыбек Әлмағанбетке, туған-туысқандарына арты қайырлы, жаны жанатта болсын дейміз!
Курстастары атынан
Жанұзақ АЯЗБЕКОВ.

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓