Үздіктер Еуропаға аттанады

Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының бірнеше курсанты Еуропаға аттанады. Болашақ полицейлер Penal Reform International ұйымының Capstone Project жобасы аясында Нидерланд Корольдігіне барып, сол елдегі сотталғандар құқығының қорғалуы мен түрме жүйесінің даму барысымен, сондай-ақ, адам құқығын қорғау мәселесімен танысып, тәжірибе жинақтайтын болады.
Аталмыш жоба аясында Қостанай академиясында өткен ғылыми байқауға жалпы саны 21 курсанттан құралған 7 команда қатысты. Олар арнайы комиссия мүшелерінің алдында «Алғаш рет сотталған әйелдерді психологиялық бейімдеу», «Экстремистік және террористік қылмыстары үшін сотталғандарды оңалту», «Қазақстанда сотталған шетелдіктердің құқықтары» тақырыптарын қамтыған ғылыми жұмыстарын қорғап шыққан.
Қазылар алқасының төрағасы, Нидерланд Корольдігінің Қазақстан Республикасындағы Елшілік миссиясы басшысының орынбасары Арнаут ван Ваунденберг мырзаның айтуынша, «Қазақстан Республикасы мен Нидерланд Корольдігі құқық қорғау саласында өзара тиімді ынтымақтастық орнатқан.
– Бұл жоба курсанттарға адам құқығын қорғау мәселелеріне қатысты зерттеу жұмыстарын халықаралық деңгейде жалғастыруына мүмкіндік береді. Жас зерттеушілер халықаралық және жергілікті университеттердің профессорларының жетекшілігімен жұмыс істейтін зерттеушілер тобының құрамында болады. Бұл модель әлемнің ең үздік жоғары оқу орындарында табысты қолданылуда, – деді елшілік өкілі.
Халықаралық жобаға үміткер 7 команданың ішінен «Экстремистік және террористік қылмыстары үшін сотталғандарды оңалту» мәселесі туралы ғылыми жобаны сәтті қорғап шыққан Анастасия Кириченко, Дамиля Байжанова, Юлия Кривич сынды курсанттар тобы жеңімпаз атанды. Үздіктер жақын арада Нидерландқа аттанады.
Бір апталық оқу сапары барысында Penal Reform International ұйымы байқау жеңімпаздарының Нидерланд Сыртқы істер министрлігінің, адам құқығын қорғау жөніндегі халықаралық ұйымдардың өкілдерімен, пенитенциарлық мекеме қызметкерлерімен кездесуін ұйымдастырады. Қостанайлық курсанттар жергілікті пенитенциарлық мекемелерді аралап, Бейбітшілік Сарайына, Халықаралық қылмыстық сот кеңсесіне барады. Байқау жеңімпаздары, голландиялық жоғарғы оқу орындары сарапшыларынан дәріс алады. Курсанттардың жеті күндік білім сапары Гаага, Амстердам, Утрехт қалаларында өтеді. Осылайша, біздің студенттер білімдерін одан әрі жетілдіре түспек.
А.ӘБДІЛДӘ.

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓