Көк талқан иесі

Бұл – ертеректе «Коммунизм таңы» (қазіргі «Қостанай таңы») газетінде жарияланған белгілі ақын, Қазақстанның халық жазушысы Ғафу Қайырбековтің мақаласы. Арада жылдар өтсе де, көтерген мәселе маңызын әлі жоғалтпаған. Бүгін газетіміздің мұрағатынан сарғайған беттерді ақтарып отырып тауып алған осы мақаланы оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.
Жуырда Қостанай облыстық «Коммунизм таңы» газетінен журналист Жақсылық Жүнісовтың «Торғайда тары өспей ме?» деген мақаласын оқып, менің есіме сонау алыстағы балалық, жастық жылдарым түсті.
Тары дақылы Торғай өлкесі тұрмысының, оның егіншілігінің тарихи бір тарауы десе – артық емес. Ол тарау алғаш осыдан кем дегенде екі ғасыр бұрын қыпшақ Сейітқұлдың қолымен жазылған. Арғы жерде «Tрактор егін екті» деген дерек жоқ. Ыбырай Алтынсариннің осы аттас өте шағын әңгімесі де қазақтағы егіншілік жайындағы тұңғыш шығарма болуы мүмкін. Онда үлкен мәселе болашақ үлкен халықтың бірыңғай мал ырқына бағынып кетпей, даланы кезе бермей, отырықшыланып, егінмен айналысуы керек екені қозғалады. Сөйтіп, көп болмаса да, ұзына ғасыр бойына Торғай аракідік егін егіп келген. Сондағы егісінің ең негізгісі – осы тары дақылы болатын. Рас, даланың байтақ жазығы көбіне көп мал, әсіресе жылқы өрісі болғандықтан, тары тек Торғай өзенінің сағасында, оның сан саласында егілетін. Яғни, суармалы егін еді. Оны қалай суаратын еді, дегенге келсек – алдымен еске шығыр түседі. «Шығыр» дегенде, оны көп қазақ біле бермейді. Оны Сыр өңірі ғана білсе керек. Торғайда содан ауысқан бұл ғажайып құрал – қазақтың ойлап тапқан алғашқы техника, механизмінің бірі. Шығырдың кілең ағаштан жасалған тетіктерінің өзінің сандаған атауы бар. Олар тіліміздің де көнелігін дәлелдеп, байлығын асырады «Кегей», «Әуіт», «Доғалақ», «Астау», «Ырғай», «Көзқап» деген сөз секілді, енді түгел есімде жоқ, толып жатқан сүйек мүшелері болатын. Шаңырақ құсатып жасаған алып шеңберді «Кеңейді» жағалатып «қырық шелек» байланатын. Ол шеңбер емен күпшек арқылы ағаш тегершіктерге орнатылып, тегершіктен шыққан жетек ағаштар арқылы ат немесе өгіз көзіне кигізқап кигізіп, күпшек, діңгекті айналдырар еді. Көзге қап кигізу – бас айналдырмаудың әдісі ғой. Сыртынан қамыс қора, үйшік жасалынып, ішіне көлеңке түскенде айналма тұғырды әр тұсында отырып алып, екі-үш бала әлгі ат немесе өгізді ұзын бишікпен ысқыртып айдап қоятынбыз. Шілденің күнінде бірыңғай ырғақпен әлгі шығырыңыз әндетіп қоятұғын. Алуан тетік ағаштардың бір-біріне егеліп, қажалып жатуынан шығатын бұл дыбыс – кәдімгі шешелердің баласын әлдилеп, ұйықтататын әуеніне ұқсайтын. Сонда әсершіл маған ол шығыр бүкіл өзен бойын әнге бөлеп, әлдилеп жатқандай көрінетін. Сонау 34-35 жылдардың жазында менің әкем шығыршы, мұраб еді.
Торғайдың «Батпақ суат» деген мүйісінде, осы күнгі «Дала қоңырауы» лагерінің орнында сол «Қайырбек шығыры» болған, жұрты, әулеті әлі жатыр. Сол жерден арғы «Ставка» дейтін жерде жаздың күні көкпеңбек жайқалған тары өсер еді. Бұл сұлу дақыл нағыз бойлап өскен кезде, құрақтай желбіреп, даланы керемет әсем көрікке бөлер еді.
Ол сонысымен-ақ қымбат еді. Жұрт кейбір шығыршыны мақтағанда: «Пәленшенің тарысының бойынан, биыл, япырм-ау адам көрінбейді», – ғой дер еді. Ал тарының сарғайып піскен кезін көрсең, дәндерін көтере алмай салбырап иілген сабақтар басына алтын моншақ тағып қойған әлде бір сұлу мүсіндерге ұқсаушы еді. Тарының екі түрі бар. Бірі – ақ, бірі – қызыл. Біздің тары көбіне қызыл болатын. Тары пісіп, қол орақпен орып, дестеленіп, сосын қырманға тасылып, содан адам, көлік аяғымен басылып, қалың сабаннан алғашқы дәндер аршылып, ашылып қалғанда, содан егінші ауыл бір-бір шелек тары үлесіп, үйлеріне апарып, қуырып, түйіп, диірменге тартып, дәм жасар еді. Жағалай ауыл «Көк талқан» тойын жасар еді. Онда көп жас қыз-бозбала жабылып, дүрс-дүрс келі түйер еді. Онда аса дәмді ас жасалады. Тары үстіне келі түбіне қаймақ, май құйылып, сөк ақтаған тары түйілді. Жаншылып, мыжылынады. Мұны «келсоқ» дейді. Қыз бен жігіт кезектесіп, келі соғады. Осы да бір жастық жарасым, романтика болушы еді. Содан туатын ән де, өлең де бар еді. Бұл мейрамның көркі, өте балаң кезде көрген әсерім әлі көз алдымда тұр.
Әлгі сөз басында тарының Торғай елі тарихында алатын орны бар – деген ой осы жерден басталады. Тарихи хикаясы халықтың рухани азығына, өлең-жырына, мінез-құлқына сіңіп кеткен. Тары мен білетін Торғай салалары, мекендері: «Албарбөгет», «Сарысу», «Қарасу», «Алқау», «Тоқанай» су алқабында көп егіледі. Кеше соғыс жылдарында Торғай жұртының негізгі қорегі осы тары болатын. Шағын-шағын колхоздар дәрменсіз, көлік-құралсыз, әсіресе азаматсыз күндердің өзінде азын-аулақ тапқан тарысын бір ортаға тапсырып, бір уыстан бөліп, грамдап жеген, талғажау қылған. Оған мен өзім куәмін. Райсоюзда талонмен сол тарыны қолмен үлестіріп берген мен болатынмын. Тары сөйтіп, Торғайдың аш-жалаңаш, қасіретті күндерінде де серік болды, қорек болды. Онда бидай, ұн дегендер көзден бір-бір ұшатын. Өйткені Қостанай алыс, көлік транспорт жоқ. Ұн әкелуге кеткен қалашылар қыстың басынан аяғында бір-ақ келетін. Тарыдан елдің жасамайтын тамағы жоқ еді. Қайнатып, қуырып, түйіп сөк жасап, ал қара тарыны диірменге тартып, ұн жасап, ашытып, таба нан пісіреді. Оның ыстық күйінде майға (болса, әрине) турап жесең қандай! Тары жармасынан жент жасайды ғой. Бидай қарасын аңсаған сол күндерде ел етінің наны, қамыры есебінде сөкті ақ дорбаға тігіп, етпен бірге пісіріп, қонағына беретін. Әрі-беріден соң, қара тарыны күйдіріп, әбден күйелеп, біз сия жасайтынбыз. Ол кәдімгі лак сыры секілді жылтырап, енді қайтып өшіруге келмейтін. Осының бәрі – тары тарихы, яғни ел тарихы емес пе? Мынау Ақтөбе аймағында тарыны, әсіресе ақ тарыны қатты қадірлейтіні көбімізге мәлім. Олар әлі күнге алыс астанадағы ағайындарға дорба-дорба сөк жіберіп жатады. Бейне бір туыс пен туысты жалғаған сағыныш осы, сыбағалық астай көреді. Иә, ол атақты Шығанақ Берсиевтің елі ғой, ақ тарының дүниежүзіне даңқын таратқан сол ел еді ғой. Одан кейін қазір ақ тарының халі не болғаны беймәлім.
Менің осыншама тарихты айтып жатқаным – тары дақылы қазақтың тікелей өз меншігіндегі егіні екенін айту. Орыста «пшено» деген бар, бірақ оның ел тарихына қатысы, беделі қандай екенін білмеймін. Осы күні кейде тыңды кінәлаушылар шығып жүр. Алтыннан бұрын біздің даланың бидайға, нанға жарығанын мен көрген жоқпын. Анау-мынау кемшілікке қарап, қашан тоғайғаныңды ұмытуға болмайды. Сол тоқмейілсу, тоғайғанға мәз болудың бір қырсығы – осы тарыға келіп тиген секілді. Жұрт оның әлгіндей тарихи еңбегін, қадірін ұмытып кеткен секілді. Оған бір себеп – сол бір не ашаршылық, жоқтық жылдарында қолына әрең түскеніне қарамай, енді бүгін сол тарыны бейне кедейшілік, жоқтық, жұпынылықтың асы, қорегі деп ұғынушылық. Санада сондай пікір қалыптасып қалғандық. Әрине, ұнның ақ көмеші мен бауырсағы, табан астында жатса немесе тауық, шошқа, қой асырауға жұмсалса тарыны ұмытпасқа шараң не? Біз әр дақыл, әр азықтық өсімдіктің өз пайдасы, нәрі бар екенін мүлде білмейміз. Бір өңкей тамақ денсаулығыңызды оңдырмасын ойламаймыз. Сол бір баяғы қыста адам түгіл, бір дорба тары жем жеген ат бір күндік жолға белі талмайтын. Қазір бүкіл мақсат – жерге қайта оралу, жерді, суды қамқорлыққа алу, одан шығатын өнім-табысты көбейту мәселесі қойылып жатқан тұста, біз де жерге, тарыға, қыпшақ Сейітқұл ауылына қайта оралуымыз керек. Елдің елдігі – жерімен, суымен. Екеуін бөліп жібергеннен тапқан пайданы көрмей отырмыз.
Торғайда тары егісі жаппай қолға алынуы керек. Шүкір, қазір техника бар. Жазда шалқып-тасып, көлкөсір болып, кейін «су аяғы құрдымға» кететін Торғай суларын тым болмаса тары, бау-бақша суарып болғанша ұстай тұруға болатын шығар. Айтпақшы, бір кездерде тары шөлге де өсетін еді ғой. Сонау «Қарасай», «Қошалақ», «Телеу бидайығы» деген жерлерде тары өсіп, оны орысуға немесе қосысуға талай барғанбыз. Бір қызығы, тары тек суы бар жерде өсе бермейді, құмдауыт жонға құмар, ондай әрі құм, әрі суы жақын жерлер бар. Сөйтіп, тары десе менің қай-қайдағым қозғалады. Елдің қиын-қиын тағдыры немесе молшылық, қызығы, сауығымен сайраны еске түседі. Көзіме көк жасыл алап, мұрныма көк талқан иісі келеді…
Торғайда тары өскенде қандай!
Ғафу ҚАЙЫРБЕКОВ

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓