Еңбек еткен ерінбей

Қай жылы газетте басылғаны есімде жоқ. Бірақ, жергілікті ақын Бидалбек Қарағұловтың мал дәрігері Тұяқты келемеждеген өлең шығарғанын білем. Іле Қойшығара ағамыздың әлгі азаматқа сықағымен жауап қайтарғаны бар. Сөйтсем, кейіпкер Қойшекеңнің бауыры екен. Сол жолы сатираға бейім екенін аңғарған едім.
Торғай облысының алғаш шаңырақ көтерген кезі. Алтын дәнге толы қамбасымен, өркен жайған өндірісімен республикада алдыңғы орынды еншілеген, әрқайсымызға сайлы пәтер сыйлаған Қостанай шаһарын қимасақ та, туған жерге деген сағыныш бойымызды билеп, жангелдиндік, амангелділік жігіттер Бүкілодақтық комсомолдық екпінді құрылыс деп жариялан-ған Арқалық қаласына көштік те кеттік.
Мұнда Қойшекең облыстық "Торғай таңы" газетінің әдебиет және өнер бөлімін басқарды да, жүре келе үйреншікті сала – облыстық радионың Бас редакторлығына жоғарылады.
Қазақстан Жазушылар одағының кеңесшісі Сейт Кенжеахмет-ұлының ұсынысымен ашылған әдеби бірлестікте Қойшекеңнің "Ілгешек" атты тұңғыш жинағын талқылағанбыз.
Күндердің күні "Ағамыз республикалық "Егемен Қазақстан" газетіне қызметке орналаспақшы" деген хабар желдей ескен сәтте алматылық қаламдас достарымнан "Басылым басшысының мінезі ауыр" дегенін естіген соң іштей қолдау көрсетуін тілегенмін. Әйтсе де менің ақ ниетімді бұрмалап, "Республикалық газетте істей алмайды" сөзімен алмастырған суайтқа өкпем қара қазандай.
Беріректе ол кісінің Ыбырай Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтының акт залында Қазақ хандығы, қазақ халқының тағдыры төңірегінде көсіліп сөйлегені-не сүйсінгенім сондай, үзілісте ағаны құшағыма орадым.
Ана жылы қала әкімі Жомарт Түбекбаев Қойшекеңнің Жанкелдин, Аманкелді аудандарында жасаған баяндамасын облыстық "Қостанай таңы" газетіне бастыруымды өтінген болатын. Мазмұны терең дүниені оқығандардың Қойшекеңнің елді бірлікке үндеген пәтуәлі сөзіне ұйығанына қанықпын.           
Ал, көз майын тауысып, мұрағатты ақтаруға келгенде алдына жан салмайды. Мәселен, халықтың сүйіспеншілігіне бөленген ақын-әнші Ахметхан Әбіқаев пен Жүсіпбек Салықовтың ұмытыла бастаған қоңыр дауыстарын республикалық радионың эфирінен қалың елге таратқанының өзі неге тұрады?!
"Қазақстан жазушылары" анықтамалығында, "Торғай энциклопедиясында", "Торғай тарландары" кітабында ағамыздың тасы өрге домалағанын дәлелдейтін деректер жеткілікті: Қазақ баспасөзінің қара шаңырағы – "Егемен Қазақстан" газетінде бөлім меңгерушісі, ҚР мемлекеттік хатшысының кеңесшісі, ҚР-тің Қытай Халық республикасында елшісі болуы зиялы қауымның шоғырына қосылғаны емес пе?!
Осыншама жауапты қызметті атқару барысында филология ғылымдарының кандидаты дәрежесіне қол жеткізуі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағының бұйыруы, ҚР Мемлекеттік сыйлығын иемденуі, "Алтын тамыр", "Көмбе", "Қазақтар" роман-эссесін туындатуы – төгілген терінің зая кетпегенінің белгісі.
Егер әңгімені әріден қозғасақ, Қойшекеңнің еңбек жолын бастауы да қызық: орта мектепті тәмамдаған бетте қой бағысып, ата-анасына көмектескен. Содан кейін ғана ҚазМУ-дегі филология факультетінің журналистика бөлімшесіне студент болып қабылданған. Яғни, қарт Торғайдың тарихында алғашқылардың легінде журналист мамандығын меңгерген.
Жазуға ынталы жастарды журналист мамандығын таңдауға кеңес беруден жалықпайды.
Ғажабы – игі жақсылардың жанында жүрсе де, көп адамның қолы жетпейтін қызметтерді атқарса да, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуден танбайды.
Өмірден көргені әрі жадында түйгені мол ағаның әңгімесін тыңдау ғанибет! Себебі, нақты мысалдармен шегелеп отырады.
Ең бастысы – ұлттық салт- дәстүрдің қаймағы бұзылмаған шалғайдағы ауылдан түлеп ұшқан Қойшығара Салғаринді қалың бұқараның көрнекті ғалым, қарымды қаламгер ретінде жоғары бағалауында шындық жатыр астасып.
Жақсылық Жүнісұлы,
ардагер-журналист.

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓