Айтолқын Айқадамова: ӘЙЕЛ ҚАЛАСА, ӘЛЕМДІ ТЕРБЕТЕДІ

Кезекті "OnlineSuqbat" бағдарламасының қонағы – облыстық "Қостанай таңы" газетінің үздік журналисі, Қостанай облысының Меценаттар клубы тағайындаған "Шабыт" сыйлығының иегері, аймақтық баспа саласында жиырма жылға жуық қызмет етіп келе жатқан тілші Айтолқын Көкенәкиқызы. Белгілі журналист тікелей эфирде оқырмандардың сауалдарына жауап бере отырып, өз тәжірибесімен және қоғамдағы әйел затының орны жайлы пікірімен бөлісті.
– Айтолқын Көкенәкиқызы, онлайн сұхбат алаңына қош келдіңіз. Бүгін әдеттегінше журналистиканың қырсыры, осы жолдың қызығы мен шыжығы туралы әңгімелессек деймін. Білуімізше, журналистика саласында еңбек етіп жүргеніңізге жиырма жылға жуықтапты. Бір орында тапжылмай еңбек етіп, осы іске адалдық танытуыңыздың сыры неде? Жалпы журналист болуды бала күніңізден армандадыңыз ба? Әлде бұл ата-ананың қалауы ма еді?
– Әрине, ауылдан шыққан әр бала журналист болуды армандайды. Мектеп бітірген кездері ол бір қол жетпестей көрінетін. Себебі ол шақта қазіргідей интернет жоқ, қолға тиген республикалық газеттерді қызыға оқып, теледидарға телміретінбіз. Осы салада тер төгіп жүрген аға-әпкелеріміз биік шыңда жүргендей көрінетін. Бір жағынан әкемнің де таңдау жасауға ықпалы мол болды. Әкем қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің ұстазы, тіл маманы, өте сауатты жан. Қазірдің өзінде жасы 80-нен асса да компьютер тілін жақсы меңгеріп алған. Мен Аманкелді ауданы Үрпек ауылында Жаңа ауыл орта мектебінде білім алдым. Мектебіміз де, ауылымыз да талай талантты балаларға қанат байлап ұшырған құтты мекен. Мықты деген ұстаздардан білім алдық. Әр баланың өз арманынан қол жеткізуіне ең алдымен сол кісілердің қосқан үлесі мол дер едім. Мен мектеп бітірер шақта Қостанайда журналистика факультеті енді ашылып жатқан болатын. Әкемнің жолдасы Байтұрсын Ілияс ағамыз "қызың бағын сынап көрсін" деп ұсыныс білдірген екен. Әкеммен бірге облыс орталығына келіп, арманның жетегінде журналистика факультетіне оқуға түстім. Бес жыл білім алып, жұмысқа орналастық. Қарап отырсам кеше ғана келгендейміз. Байтұрсын Ілияс, Серікбай Оспанов, Гүлнәр Асанбаева сынды ұстаздарымыз қазақ жастарын біріктіріп, журналистика факультетін дер уақытында ашып, ауылдан келген қазақ жастарына мол мүмкіндік берді деп ойлаймын. Осы БАҚ саласында жүрген бүгінгі үздік мамандардың көбі сол Ахаң атындағы университеттен білім алды. Сол жастардың қатарында біз де болдық. Ауылдардан жинақталып, 11 студент 5 жыл білім алдық.
– Облыстық "Қостанай таңы" газеті редакциясында жұмыс қалай басталды? Сіз редакторлық қызметте болған "Жастар кз" қосымшасының қазіргі жағдайы қалай?
– Облыстық "Қостанай таңы" басылымы мен үшін ыстық. Жазылған материалдардың басым көпшілігі мәдениет, отбасы, бала тәрбиесі және жастар тақырыбы аясында. Соның ішінде шынымен де бір кездері "Жастар кз" қосымшасы үзбей шығып тұрды. Алғашында бұл тұтас редакция алқасы болатын. Кейін жастарға арналған сегіз беттік қосымша ретінде шығып, оның беттелуі де, мазмұны да маған жүктелді. Қызығушылығымды қосымшаның сапасына және дизайнына бөліп, жақсы ақпарат беруге тырысатынмын. Тіпті, газет бетін әрлеу және сурет өңдеу бағдарламаларын үйреніп алдым. Аймақтың жастарымен байланыста болып, деңгейді көтердік. Ал, қазір "Жастар кз" қосымшасы арнайы жарияланбаса да, газеттен жастарға бағытталған тақырыптар кеңінен жазылуда. Оны менен кейін келген жас журналистер жалғастыруда.
– Журналистика әлемінің қыр-сыры көп. Үнемі іссапар, қызықты оқиғалар да аз болмайтын шығар.
– Студент кезімізден облыстық басылыммен үнемі тығыз байланыста болатын едік. Сол кездерде көлемді шыққан материалдарымның бірі "Дельфин" балалар үйі жайлы болды. Мақала ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың жағдайын көріп, мәселенің алдын-алу мақсатында жазылды. Әрине, жұмыс барысында, ұжыммен байланыс орнату кезінде де есте қаларлықтай қызықты оқиғалар өте көп. Бірақ, мен қызықты оқиғалардан бөлек қоғамға пайдалы болған кездерімді есте сақтаймын.
Бір жолы Таран, бүгінгі Бейімбет Майлин ауданына бардық. Отбасында 4-5 баласы бар ағамыз үкіметтен қолдау іздеп жүр екен. Жұбайының із-түссіз жоғалып кеткеніне біраз жылдың жүзі болған. Балаларға үкіметтен көмек алайын десе, жұбайының жоғалғанын дәлелдеуі керек. Ол үшін адвокат, қосымша қаражат керек. Ал, оған жағдай да, мүмкіндігі де жоқ. Істі қолға алып, жағалай хат жолдап, тегін адвокат жалдауға да, мемлекеттік қолдау алуға мүмкіндіктердің бар екенін біліп, мәселесін шешіп бердік. Қолдан келер көмегімізді көрсетіп, алғысын алдық. Кейін білсек, ағамыз бірнеше жылға балаларына тиселі көмекті өндіріп алып, жағдайын біраз түзеген екен. Осындай тығырықта қол ұшымызды бергенімізге қуандық. Тағы да бір іссапарымызда Арқалық қаласына аттандық. Редакцияға арнайы көмек сұрап келген майдангер ақсақалға көмек бердік. Ардагер атамыз талай жылдан бері бір баспанаға зар болып жүр екен. Сол кездегі қала әкіміне кіріп, мәселені зерттеп, газет бетіне "Сексендегі атамыз сергелдеңге түсті" деген мақала шыққан соң, атамызға 2 бөлмелі пәтер берілді. Бұл сияқты жағдайлар аз емес. Журналист ретін-де біреуге пайдаң тиіп, мәселе шешіліп жатса қуанып қаласың.
– Қазіргі заман талабына сай оффлайннан онлайнға көшуге мәжбүр болдық. БАҚ саласында қашықтан ақпарат таратудың қандай артықшылықтары немесе қиындықтары бар?
– Онлайн форматтың бір артықшылығы біздер барлық істерге икемдене алатынымызды түсіндік. Қандай жағдай болмасын ұжым болып берілген тапсырманы дер кезінде орындап, әрдайым байланыста боламыз. Материалдарымыз бірінші сайтқа жариялануын қадағалаймыз. Бірақ, үйде жұмыс жасаудың өзіндік қиыншылықтары да аз емес. Үйде балаларымыз бар, кейде уақыт жағынан үлгеру қиындықтар туындатады. БАҚ саласында жүрген нәзік жандыларға артылар жүк аз емес. Себебі, отбасын да қатар алып жүруге міндеттісің. Оның сыртында биыл балалардың сабағы да онлайнға ауысып кетті. Бәрін қадағалап, үлгеруге тиістісің. Ал біздерде мерекелік күндерде де, демалыс күндерінде де іссапарлар, кездесулер, мерекелік жиындар болып жатады. Барлығына үлгеруге тырысамыз. Өз басым қашықтан жұмыс барысында көбіне кешкі, тіпті түнгі уақыттарда көбірек жұмыс істеуге бейімделіп алдым. Сол бір кездерде түн ішінде кейіпкерлеріме немесе әріптестеріме хабарласып жатсам, олар да сол уақытта ноутбук алдында отырғанын айтады.
– Қазіргі сайт, әлеуметтік желілерден ақпарат тарату жүйесі дәстүрлі баспасөзге қалай әсер етеді?
– Әлеуметтік желілер, жеке блогтар қосымша ақпарат көздері ретінде өте жақсы дамып келеді. Бірақ, сондағы ақпараттардың барлығы бірдей шындыққа жанаса бермейді. Жаңалықты тез, жылдам тарату кезінде берілген ақпараттың шынайылығына көз жеткізе білу қажет. Кезінде, біздер үшін диктофон, кішігірім фотоаппаратты қолымызға алғанда дүниенің бір құлағын ұстап тұрғандай сезімде болатынбыз. Ал, қазір пайдалана білген адамға мүмкіндік өте көп. Сайт дәстүрлі баспасөздің аудиториясын дамыту үшін үлкен әсер ете бермек.
– БАҚ саласында ер азаматтармен қатар иық тіресіп жемісті қызмет етіп жүрген нәзік жандылардың қатары аз емес. Сіз үшін әйел адам ретінде бұл мамандықтың қиыншылықтары бар ма?
– Әрине, журналистика саласы өте қызықты сала. Оның дәмін бір татқан жан бұл саладан кете алмайтыны бар. Бірақ әйел адам болған соң кәсібиліктен бөлек отбасы деген маңызы жоғары дүние бар. Осы саланы жүрегіңмен қалап келген соң оның бар ауыртпалығына төзе білуің керек. Жұмыспен отбасын қатар алып жүру оңай емес. Кей кездерде өзіндік қиындықтар әрине болады. Бұл жағдайда маған отбасымның қолдауы үлкен көмек болды. Әсіресе, енем мен үшін көп қолдау білдірді. Балаларымның әжесі, отбасымыздың ұйытқысы ретінде біздерге күш беретін. Биыл оқыстан анамыздан айырылып, қиналып қалдық. Жиырма жыл бірге тұрып, тұрмысқа шыққаннан көп дүниені үйреткен асыл жансыз өмір сүру қиындау болды. Орны ойсырап тұр. Бірақ бізді жеткізіп кетті. Ондай аналар әр отбасында болып жатса әйел адамның қадамы нық болады. Сондықтан БАҚ саласында жүрген азаматшаларға ең бірінші жақындарынан қашанда қолдау керек. Әйел қаласа – әлемді де тербей алады.
– Бос уақытыңызда қандай іспен айналысқанды ұнатасыз? Қандай ерекше қызығушылықтарыңыз бар?
– Мен тамақты өте жақсы дайындаймын. Тәттілердің түр-түрін пісіре аламын. Кезінде тапсырыспен жұмыс істеген кездерім де болды. Отбасыма дүкеннен дайын тағамдарды алмаймын. Анам мен енемнен үйренген тәрбиенің арқасы болар, әпсәтте дастарқанымды жайнатып, келген қонақты ерекше күтемін. Болашақта өзімнің кішігірім дәмханамды ашсам деген арманым бар.
– Журналистиканың болашағын қалай елестетесіз? Сіз студенттерге сабақ беріп, дәріс оқисыз ғой. Жас журналистерге, жалпы жастарға қандай кеңес айтасыз?
– Иә, бір кездері арнайы шақыртумен студенттерге дәріс оқып, университетте де еңбек еттім. Мүмкін болып жатса бұл істі де қолға қайта ала жатармын. Бірақ менің түсінгенім білгеніңді біреуге үйрету оңай емес екен. Бұл орайда әріптестерім, оқытушылар Алматай Мергенбайқызы, Амангелді Шөрентаев, Гүлшат Марқабаева, Айсұлу, Гүлнұрлардың еңбектері ерен екен. Олардың шәкірт дайындауда қосып жатқан еңбектері зор. Аймақтық медиа индустрия саласында үздік мамандар көп. Сәйкесінше, алдағы уақытта деңгей одан сайын өседі деп ойлаймын. Ал жас мамандарға айтарым, журналист этикасын ұстану қажет. Берілетін хабарды жан-жақты қарастырып, объективті болуға тырысқан жөн. Қазір мүмкіндіктер өте көп. Қосымша курстар, семинарларға қатыса отырып, шыңдалуға болады. Барша жастарға сәттілік тілеймін!
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Аякөз ҚОЖАБЕКОВА.
Р.S: Құрметті оқырман! Сұхбаттың бейне нұсқасын Инстаграм әлеуметтік желісі @qostanai_tany парақшасына тіркелу арқылы көре аласыздар.

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓