Ұлыстың қамы, тұрмыстың сәні…

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылы «Nur Otan» партиясының кезекті съезінде 7,5 миллион ауыл тұрғынының тұрмысын жақсарту үшін жаңа бағдарламаны қолға алуды ұсынған еді. Содан бері «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы елдегі әлеуметтік саланы жақсартуға бағытталған көптеген игі іске себепкер болып келеді. Бұған Қостанай облысының әр аймағын мысал етуге болады…
 
Жол жөнделіп, көше көріктенеді
«Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы шеңберінде 2020 жылы 13 елді мекенде (Алтынсарин, Аманкелді, Бейімбет Майлин, Денисов, Жанкелдин, Қамысты, Қостанай, Меңдіқара, Науырзым, Ұзынкөл аудандарында) 59 жобаны жүзеге асыруға 2 млрд теңге бөлініп игерілді. Таңдалған 13 елді мекеннің үшеуі спутниктік және оны тірек ауыл болып саналады.
Былтыр атқарылған жұмыстардан Денисов және Қарамеңді ауылдарында модульді қазандықтар салынғанын ерекше атап өтуге болады. Аталған жобаларға 375,9 млн теңге жұмсалды.
Тағы бір ауқымды жоба – Торғайдағы аурухананың күрделі жөндеуден өтуі. Аудандық аурухананың іргесі 1975 жылы қаланған. Содан бері ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалып, ішінара ғана жаңартылған еді. Тозыңқырап қалған екі қабатты ескі ғимарат былтырғы күрделі жөндеуден кейін жаңа кейіпке еніп, аудан орталығындағы сәнді нысандардың біріне айналып шыға келді. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы арқылы жүзеге асырылған аталған жобаның жалпы құны – 420 млн теңге. Қаржы облыс бюджетінен бөлінген.
Биыл Тобыл-Торғай өңірінде облыстық және аудандық маңызы бар 190 шақырымнан астам автожолды және 102 көше учаскесін жөндеу жоспарланған. Бұған 13 миллиардтан астам теңге қарастырылып отыр. Көп жоба «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жүзеге асырылмақ.
– «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы аясында 640,8 миллион теңгеге 19 нысанда құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіледі. Әулиекөл, Майлин, Жітіқара, Қарабалық және Қостанай аудандарының 6 елді мекенінде жөндеу жұмыстары жоспарланған. Жергілікті бюджет қаражаты есебінен құрылыс-монтаж жұмыстары 85 нысанда жүргізілмек, оған 3,8 миллиард теңге қарастырылған, – деді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Алексей Костюков.
Сонымен қатар, тағы бірсыпыра жұмыстар атқарылмақ. Меңдіқараға қарасты Теңіз ауылына кіреберісте аудандық маңызы бар автожолға орташа жөндеу жүргізіледі. Жанкелдин ауданындағы Ақкөл және Қарасу ауылдары арасында көпір салынып жатыр. Облыс орталығындағы 2 көшені қайта жаңарту және елді мекендердегі 81 көшені орташа жөндеу де жоспардағы жұмыстардың қатарында Алексей Костюков атап өткендей, осы жылдың қорытындысы бойынша жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы облыстық және аудандық маңызы бар автожолдардың үлесін 77 пайызға дейін жеткізу көзделіп отыр.
– Қостанай облысында жыл сайын ведомстволық сараптаманың оң қорытындысы бар басым жобалардың тізбесі бекітіледі. Ақшалай қаражаттың бөлінуіне қарай Қостанай облысының автомобиль жолдары жергілікті желісінің көлік инфрақұрылымын жақсарту бойынша жұмыстар жалғасатын болады, – деп қорытындылады Алексей Костюков.
 
Ұзынкөлдегі жобалар жөнінде
 «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы арқылы Ұзынкөл жерінде көптеген жұмыстар атқарылды. Сөзімізге бір дәлел – аудан орталығындағы тақтайдай жолдар.
Жалпы қазір мұнда аудандық маңызы бар 339 шақырым жол бар. Оның 45,3% жақсы деңгейде. 2020 жылы аудандық және ауылдар ішіндегі жолдарды күтіп ұстауға 586 млн теңге қаралған. Биыл Ұзынкөл ауылындағы тоғыз көшені жөндеуге 153 млн теңге бөлініп отыр.
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы көмегімен өткен жылы бірқатар көше жолдарының тегістелгенін атап өткен жөн. Аудандағы жолдарды, көшелерді реттеуге республика қазынасынан 151 млн 289 мың теңге, ал облыс бюджетінен 16 млн 708 мың теңге қаржы қаралды. Сол сомаға Ұзынкөл ауылының Уәлиханов, Тоқбаев, Целинный, Ворошилов көшелеріне орташа жөндеу жасалды.
Жақында Ұзынкөл ауданын іссапарлап барып, мемлекеттік бағдарлама аясында салынып жатқан дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысына куә болып қайттық. Спорт нысанының іргетасы былтыр қаланған еді. Құрылыстың аяқталу мерзімі тамыз айына белгіленген. Бұл туралы Ұзынкөл ауданының әкімі жыл басындағы халыққа есеп беру кездесуінде айтқан болатын.
«Спорт кешенінде облыстық, республикалық деңгейдегі түрлі жарыстарды өткізуге болады. Осы құрылыс пайдалануға берілген соң, аудан орталығындағы спорт орындарымен қамту көрсеткішін 73 пайыздан 98 пайызға жеткіземіз. Бұл ғимаратта бір күнде 350 адам спортпен айналыса алады», – деген еді Мұрат Сандыбаев.
Мұнда футзал, волейбол, баскетбол, үстел теннисі, тоғызқұмалақ секциялары жұмыс істейді деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар, екінші қабатында тренажер залы болады. Қазір нысанның ішінде жұмыс қызу. Мердігер компания өкілінің айтуынша, құрылысқа тек қазақстандық материалдар қолданылуда.
«Жабдықтың көбін Қостанайдан тасымалдаймыз. Жұмысты кестеге сәйкес істеп жатырмыз. Бұл жерде әзірге 14 адам тер төгіп жүр. Астыңғы қабаттың аумағы мың шаршы метр. Мұнда футзал алаңы төселеді, жерін тегістеу үшін жаңа техника әкелдік. Сондай-ақ жуынып шайынатын бөлме де болады», – деп құрылыс учаскесінің бастығы Ғабдысамат Оразов бізге жұмыстың мән-жайын түсіндірді.
Жалпы, бұл ауданда бұқаралық спорт түрлері жақсы дамып келеді. Тұрғындарының 40 пайызы саламатты өмір салтын ұстанып, спортпен тұрақты айналысады. Жетістіктері де жетерлік. Мысалы, ұзынкөлдік баскетболшылар Қостанайдағы ресми жарыстардың көбінде топ жарып жүр. Жалпы, аудан орталығында баскетбол ең танымал спорт түрлерінің бірі. Жаңа кешен ашылса, қызығушылар қатары көбейері сөзсіз.
Қостанай – Ұзынкөл ауданы – Қостанай.
Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ.

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓