«Өнерім – өмірім»

Белгілі сазгер, әнші, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Бақытжан Сәуекеновтің 70 жасқа толған мерейтойына орай Меңдіқара елінде шығармашылық кеші өтті. Концерттік шараға облыстық мәдениет басқармасының басшысы, аймағымыз бен еліміздің түкпір-түкпірінен зиялы қауым өкілдері, композитордың замандас достары, өнердегі шәкірттері, көпшілікке танымал эстрада майталмандары арнайы келді.
Дүйім ел Бақытжан Сәуекеновті ұлтымыздың мәдениеті мен өнеріне өлшеусіз із қалдырып келе жатқан дарынды сазгер, дара дауысты әнші ретінде жақсы таниды. Бағзыдан келе жатқан рухани мұрамызды келешек ұрпаққа жалғап отырған алтын көпір. Патриоттық, лирикалық тақырыптарда жазылған шығармаларымен халқымыздың жүрегін баурап алды. Өзінің кіндік кескен өлкесіне деген сағынышынан дүниеге келген, байтақ даламыздың әр нүктесіне арналып жазылған «Туған жер – Торғайым» туындысы талай жиын-кештердің сәнін кіргізіп келеді. Ал әйел затының бар болмысын аша білген «Даланың ару қызы», «Қазақ қызы» әндері бүгінгі таңда үлкен сахналарда орындалып жүр. Бұлардан бөлек, жүрегінен шыққан «Анажан»,«Қостанай-Торғай бауыр ел», «Ағасы бар інілер бақытты», «Арқалығым менің», «Асыл аға, Жақан аға», «Туған жер», «Қазыналы Қостанай», «Майдангер әке», «Арайлым менің», «Өнерім-өмірім» қатарлы шығармалары кейінгі буынның репертуарын толтырды.
Кеш басталардың алдында Бақытжан Сәуекеновтің әуеніне жазылған көпшілікке танымал әндері мен кейінгі жылдары жарыққа шығып жатқан шығармалары топтастырылған «Жүректі ән тербейді» жинағының тұсауы кесілді.
Концерт барысында облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов аймақ әкімінің құттықтауын жеткізіп, елдегі ахуал тұрақталса, сазгердің кешін Қостанай төрінде ұйымдастыру жөнінде ұсынысын айтты.
Ал аудан әкімінің атынан сөз сөйлеген орынбасары Қалыбек Жұмашев жақын арада мерейтой иесіне «Меңдіқара ауданының құрметті азаматы» атағын беру туралы ұсыныс мақұлданып жатқанын жеткізді.
Бүгінгі концертке облысымыздың әр өңірінен О.Мұқатова, О.Ғалымов, А.Мұқатов, «Тұран» триосы, Қ.Ражанов, Н.Қабыкен, Шыңғысовтар дуэті, Ж.Сәуекенов қатарлы жергілікті өнерпаздармен бірге, елордадан Д.Таңатаров, М.Шайкелов, Ш.Сейдахмет, Қ.Нұрғалиев , А.Зейнолла бастаған танымал эстрада әншілерінің орындауында кеш иесінің туындылары көрерменге тарту етілді.
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков,
Меңдіқара ауданы.

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓