«Тұғырлы тұлға»

Арқалық қаласының құрметті азаматы, белгілі композитор, ҚР Мәдениет қайраткері Жұмағали Сүлейменұлы Өмірбекті мәңгілік есте қалдыруға арналған "Тұғырлы тұлға" атты естелік кітап жарық көрді.
Кітаптың алғы сөзін жазған ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, әдебиет сыншысы Жұмаш Сомжүрек.
"Жұмағали туралы 390 беттен тұратын бұл естеліктер жинағы жақсы құрастырылған. "Тұғырлы тұлға" деген аты да затына сай тауып қойылған. Оның дос-жолдастарының көптігі, олардың Жұмағалиға арнаған жүрекжарды пікір-лебіздері оның біз айтып отырғандай аяулы азамат болғанының айғағы.
 Жұмағали есімін көпшілікке, яғни қазақстандықтарға жаятын оның рухани мұрасы – әндері. Олай болса, достары мен туыстары оның сол әндерін республикаға танымал әншілердің репертуарына енгізуге күш салуымыз қажет.
Жұмағали сазгерлігімен қоса, Қостанай мен Торғай аймағына белгілі айтулы күйші, қайраткер тұлға, жанжақты өнер иесі. Олай болса, естелік кітабын шығарумен ғана қанағаттануға болмайды. Оның атында жоғарыдағыдай мақсаттағы Қор құрылса, Жұмағалидың рухы көзі тірісіндегідей елге мәңгі мәдени қызмет көрсете беретін болады", – деп жүрек толғанысын өреді кітаптың алғы сөзін жазушы ақиық ағамыз.
– Еліміздің ардақты ұлы, ҚР Мәдениет қайраткері, сазгер, күйші Ж.Өмірбек ағамыздың кітабын шығардық. Ол кісі – жүріп өткен жолы үлгі боларлықтай азамат болатын. Сондықтан, есімін есте қалдыру мақсатымен осы кітапты шығардық.
Кітап үш бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімінде Жүкеңнің өзі, ағайын-туысы, дос-жарандары туралы, екінші бөлімінде жолдастарының Жүкең туралы жазға-ны, үшінші бөлімінде еске алулар топтастырылған. Бұл кейінгі жас ұрпақ үшін үлкен үлгі болар іс деп ойлаймыз, – дейді марқұмның үзеңгілес інісі, өнер ардагері Бейсенбай Ержанов.
 "Тұғырлы тұлға" кітабы Алматы қаласында басылып шыққан. Оның алғашқы даналары аймақ музейлеріне таратылып берілді.
Мұрат
 ЖҮНІСҰЛЫ
Арқалық қаласы.

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓