Дертке – дауа, емге – шипа

Қазір дертіне дауа іздеген ағайынға таңдау көп. Шыбын жанына шипа іздеген жұрт бүгінде шетел асып, сабылмайтын болды. Бұған заманауи емдеу орталықтарының бой көтеріп, озық технологиялардың жеткізілуі септігін тигізіп тұр. Боровской кентіндегі қарағайлы-қайыңды орманның ішінде орналасқан Мұхамеджан Қарабаев атындағы облыстық оңалту орталығы бұрын туберкулезбен ауыратын сырқаттарды емдейтін шипажай болған. Қазір де солай. Бірақ, уақыт өлшеміне сай тек атауы өзгерді.
Оңалту орталығы ультрадыбыстық диагностика, электрлі және магнитті емдеу аспаптары тәрізді соңғы үлгідегі медициналық құрылғылармен жабдықталған. 1986 жылы іргесі қаланған шипажайға биыл алғаш рет күрделі жөндеу жүргізілді.
– Өткен жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында облыстық бюджеттен 933 млн теңге бөлініп, ғимараттың іші-сырты толық жөнделді. Бұған дейін отыз төрт жыл бойы бірде-бір рет жөндеу көрмеген нысан шыны керек, жайсыздық туғызып тұрған еді. Өздеріңіз білесіздер, бұрын бұл мекеме құрт ауруына шалдыққан науқастарды емдейтін шипажай болатын. 2019 жылы атауы мен жұмыс бағыты өзгертіліп, оңалту орталығына айналды. Қазіргі таңда жарақат алғандар, неврология, инсульттан кейінгі, коронавирус індетінен жазылған және күрделі отадан кейінгі науқастарды қабылдаймыз, – дейді оңалту орталығы бас дәрігерінің міндетін атқарушы Нұрхан Өтегенов.
Жөндеу жұмыстары 2020 жылдың мамыр айында басталып, биыл наурыз айында аяқталды. Оңалту орталығы 150 орынға шақталған. Қазіргі таңда орталықта дәрігер-фтизиатр, кордиолог, травматолог, невропатолог, реабилитолог мамандар жұмыс істейді. Дегенмен, әлі де мамандар жетіспейді. Оңалту мекемесінде бойын сырқат меңдеген жандарға физиопроцедуралар, массаж, серуендеу, оттегі терапиясы сияқты ем-дом жасалады.
Бас дәрігердің міндетін атқарушы Нұрхан Өтегеновтің сөзіне сүйенсек, орталық денсаулығын түзетуге ниет білдірген науқастарды қабылдауға әзір. Мұнда білікті мамандар жеткілікті. Алайда, кейбір мамандардың жетіспеуі қолбайлау болып отырғанға ұқсайды. Былтыр оңалту орталығына қажетті құрал-жабдықтарды сатып алуға тағы қосымша қаражат бөлінді. Орталықта жүзден астам медицина қызметкері жұмыс істейді.
– Мен бұл мекемеде 1997 жылдан бері еңбек етемін. Ауруханамыз ұзақ жылдан бері жөнделген жоқ еді. Соның орайы былтыр ғана түсті. Енді міне, өздеріңіз көріп тұрсыздар, жаңа кейіпке енген. Көрген кісінің көзі қуанады. Мәселе мемлекеттік бағдарлама аясында шешімін тапты. Күрделі жөндеуден кейін мекеме іші жарқырап шыға келді. Қыста жылы, жазда салқын. Нағыз жанға дауа сыйлайтын орынға айналды. Салқын су, ыстық су ағып тұр. Науқастар төрт мезгіл тамақтанады. Сөз орайы келгенде облыс әкімі Архимед Мұхамбетовке өз алғысымды айтқым келеді, – дейді дәрігер-фтизиатр Галина Фуртикова.
–Оңалту орталығында ем алушыларға барлық жағдай жасалған. Тамағы да дәмді. Адам жанына жылы сөз де әсер етеді. Дәіргерлердің мен сияқты науқас жандармен сыпайы сөйлесуі, тіл табыса білуі адамға кәдімгідей қанат бітіреді. Күн сайын физиотерапия, массаж жасайды, парафинмен емдейді. Оттегімен демаламыз. Тыныс алу гимнастикасы, емдік дене шынықтыру жаттығулары жүргізіледі. Адам жанына бұдан артық не керек, – дейді емделуші Бақыткүл Киреева.
Мұхамеджан Қарабаев атын иеленген оңалту орталығының бүгінгі келбеті осындай. Адам жанына арашашы болған ақ халатты жандардың абзал ісіне біз де сүйсіндік. Әсілі, адамзат баласының ізгі мұраты – ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздейік!
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.
Меңдіқара ауданы.

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓