Ұйымшыл ауыл

Жаңа жарықтандыру жүйесін құру, жолдарға асфальт төсеу, балалардың ойын алаңын салу. Бұл Рудныйға іргелес жатқан Перцев елді мекенінде биыл атқарылар жұмыстың бір парасы ғана.
Аядай ғана ауылға соңғы жылдары көшіп келушілер қарасы көп. Өйткені мұнда табиғи газ бар, зәулім мектеп, бірнеше шаруа қожалығы мен диірмен жұмыс істеп тұр. Егін егіп, мал жайлауға да қолайлы. Бір жағынан Қостанай мен Рудныйды жалғаған күре жолдың бойында орналасқан. Автобус маршруты қатынайды.
Перцев – Қашар, Горняцкі кенттері сияқты Рудныйдың әкімшілік аумағына кіреді. Қаладан қашықтығы –14 шақырым. Ауылдың инфрақұрылымы жыл сайын жақсарып, халық өркениеттің барлық игілігіне қол жеткізіп келеді. Мәселен, жақында бес көшенің ескі шамдары тиімді, әрі жарықтығы жоғары заманауи жарықдиодқа ауыстырылды. Бұған қалалық бюджеттен 5 млн теңге бөлінген. Тағы екі көшені(Речная, Омаров) жарықтандыру үшін 2 млн теңге қарастырылып отыр.
Сонымен қатар, ауыл ауыл болғалы мүлдем тас жол көрмеген екі көшеге асфальт төселмек. Айта кетерлігі, Рудныйда өзекті саналатын қоқыс мәселесі де мұнда толықтай шешімін тапқан.
– Қазіргі таңда санитарлық тазалық айлығы аясында абаттандыру жұмыстарын қызу қолға алдық. Тұрғындар өте ұйымшыл, әрі тазалықты жақсы көреді. Сол себепті олар тұрмыстық қалдықтар мен күлқоқысты шашпай, бір-екі жерге жинайды да кейін арнайы көлік жалдап полигонға алып кетеді. Қоқыс шығарудың бұл механизмі сағат сияқты жұмыс істеп тұр, – дейді ауыл әкімі Берік Сандыбаев.
Берік Төлепбергенұлының айтуынша, билік пен халықты мазалайтын сұрақтар жоқ емес. Соның ішінде, өзектісі – сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету. Тіршілік нәрі келгенімен, оның қысымы төмен және құбырлар жиі жарылып жатады. Әкім «Рудный су арнасы» мекемесі мәселені шешуге бар күшін салып жатқандығын алға тартады.
Жалпы алғанда халықтың көңілі мен тұрмысы тоқ, ауылдың көркейіп, дамуына бір адамдай үлес қосуға әзір.
– Отбасымызбен Ресейден көшіп келгенбіз. Қаладан гөрі ауылда тұруды мақсат тұттық. Сол себепті, жан-жақты зерттеп, таңдауымыз осы ауылға түсті. Жағасында өзен, іргесінде өнеркәсіптік қала бар. Жұмыс жағынан еш қиналмадық.
Ауылға келсек, барлығы жыпжинақы, тәртіп бар. Жақын маңдағы елді мекендердің бәрінде болдым. Перцевке жететін жер жоқ, – дейді ауыл тұрғыны Сейілхан Жүнісов.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ.

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓