«Үздік мектеп мұражайы»

Психологиялық қолдау және қосымша білім беру өңірлік орталығының ұйымдастыруымен, Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығына арналған «Үздік мектеп мұражайы» байқауының жеңімпаздары аңықталды.
Сайысқа облыстың 19 өңірінен 31 мектеп мұражайы өтінім берген. Байқауға қатысу үшін презентация түрінде бейне немесе фотоматериалдарды және ерекше таныстыру нұсқасын жіберу қажет болды.
Байқау мына аталымдар бойынша өткізілді: «Тарихи мұражайлар» (әскери-тарихи, еңбек даңқы, халықтар достастығы, мектеп тарихы, археология және этнография мұражайлары); «Кешенді өлкетану мұражайлары» (өңірдің табиғатын, экономикасын, тарихын және мәдениет бөлімдерін қамтиды); «Әдебиет мұражайлары» (атақты жазушылар туралы және олардың жергілікті өлкемен байланысын баяндайтын мұражайлар).
Қазылар алқасының шешімімен «Үздік тарихи мұражай» номинациясында Сұлтан Баймағамбетов атындағы Әулиекөл мектеп-гимназиясының оқушысы Амира Талкинбаева марапатталды.
«Үздік кешенді өлкетану мұражайы» номинациясында Қостанай ауданының Мичурин жалпы білім беру мектебінің оқушысы Іңкәр Әлімжан жеңімпаз атанса, «Үздік әдебиет мұражайы» аталымында Рудный қаласы Б.Майлин атындағы №7 мектеп-гимназиясының оқушысы Мөлдір Айтмұратова үздік деп танылды.
– Мектебімізге 2019 жылдың 23 қазан күні Бейімбет Майлин атамыздың есімі берілді. Осыған орай Қостанай облысының құрметті азаматтары келіп, салтанатты түрде мектеп мұражайын ашты. Сол уақыттан бері музейімізде үнемі экскурсиялар, ашық сабақтар, тақырыптық іс-шаралар өткізіледі. Осы жолы облыстық «Үздік мектеп мұражайы» байқауы өтетінін естіп, бірден дайындыққа кірістік. Ереже бойынша портфолио және мұражай жайлы бейнеролик түсіру керек болды. Аз уақыт ішінде ақпараттарды жинақтап, бейнероликті мектеп оқушыларымен бірге түсірдік. Осылайша жүргізілетін жұмыстарды толыққанды көрсете білдік. Оқушылармен бірігіп жасаған жұмысымызға әділ қазылар алқасы оң бағасын берді, – дейді Б.Майлин атындағы №7 мектеп-гимназиясының мұғалім-жетекшісі Ақсымбат Ғанибекқызы.
Облыстық байқауда қатысушылардың жоғары дайындығы көрінді. «Үздік мектеп мұражайы» сайысы оқушыларды Отанды сүюге, құндылықтарды қастерлеуге, елін, тегін, тарихын білуге зор үлесін қосты деп санайды ұйымдастырушылар.
Сания ЕРТАЕВА,
А.Байтұрсынов атындағы ҚӨУ-нің 2-курс студенті.

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓