5-қабаттан секірмек болған

Қостанайда патрульдік полицей көп қабатты үйдің 5-қабатынан секірмек болған қызды құтқарды, деп хабарлайды облыстық полиция департаменті. 7 маусымда патрульдік полиция қызметкері полиция кіші лейтенанты Нығмет Үдербаев түнгі ауысымға кезекшілікке түскен. Ол әріптесі кіші полиция лейтенанты Нұрлыбек Байкенжинмен бірге қалада автокөліктерді патрульдеп жүріпті.
«23.05 шамасында Досжанов көшесінде бойжеткен бес қабатты үйдің терезесінен секіргісі келетіні туралы «102»- ге хабарлама келіп түсті. Бұл кезде автопатруль Л.Беда және Мәуленов көшелерінің маңында орналасқан. Оқиға орнына келген Нығмет Үдербаев шын мәнінде бесінші қабаттың терезесінде отырған қызды көрді. Оны райынан қайтаруға уақыт болған жоқ. Оның кез-келген уақытта төмен секіре салатыны белгілі. Бұл мезетте Н.Үдербаевтың әріптесі төменде болатын. Есікті ашу мүмкін емес және полиция қызметкері көрші кіреберіс арқылы пәтерге өту туралы шешім қабылдады», — дейді полиция хабарламасында.
Бесінші қабатқа қайта көтерілген тәртіп сақшысы көрші пәтерге, содан кейін қыздың балконымен қабырғалас балконға кіреді. Екі балконды арақабырға бөліп тұрғандықтан, пәтер иесі оны бұзып, көрші балконға кіруге рұқсат беріпті.
«Мен осы ағаш арақабырғаны сындырып, қыздың пәтеріне кірдім де, секіргелі отырған оны тоқтатып қалдым. Ол жылап, жігітімен ұрысқанын айтты», — дейді Н.Үдербаев.
Куәгерлер бұл оқиғаны бейне таспаға түсіріп, тәртіп сақшысына алғыстарын жаудырып жатты.
Нығмет Үдербаев патрульдік полицияда 8 жылдан астам жұмыс істейді. Осы уақыт ішінде оның тәжірибесінде түрлі жағдайлар болып тұратынын айтады. Өрттен құтқару, қолайсыз ауа райында жолда қалғандарға көмек көрсету полиция қызметкерінің әдеттегі жұмысына айналған.

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓