Марғұлан ОСПАНОВ: «Ыбырай – халықаралық деңгейге лайық тұлға»

Ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығына арналған іс-шаралар легі жалғасып жатыр. Мерейтойлық оқиғалардың ең елеулілерінің бірі Тобыл өңірінен елорда төріне апарылған "Даланың дара ұстазы" көшпелі көрмесі болды деуге негіз бар. Осы бір жаңалық және өзге де жоспар-жобалар туралы мәлімет алу үшін Ыбырай Алтынсариннің облыстық мемориалдық музейінің басшысы Марғұлан Оспановты сұқбатқа тарттық.
— Көшпелі көрме туралы, оның мақсаты, өту барысы жайында баяндап берсеңіз. Бұл көрменің бұрынғылардан қандай ерекшелігі, артықшылығы болды?
— ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің, Қостанай облысы әкімдігінің қолдауымен ҚР Ұлттық музейінде, ұлы ағартушы-педагог Ыбырай Алтынсариннің өмірі мен шығармашылығын насихаттау мақсатында, «Даланың дара ұстазы» көшпелі көрмесі ашылып, ыбырайтанушы-ғалым Серікбай Оспанұлының «Ыбырай жолы» кітабының тұсаукесері болып өтті. Сондай-ақ, зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен «Үміт еткен көзімнің нұры балам…» дөңгелек үстелі ұйымдастырылды. Іс-шараға елордадағы мемлекет қайраткерлері, әдебиеттанушы ғалымдар, тарихшылар, ыбырайтанушылар қатысты. Бұл жолы көшпелі көрменің көркін ашқан ерекше дүниелер көп болды. Мәселен, дыбыстық сүйемелі бар голограммалық көріністер қолданылды. Голограммада 3 минуттық бейнеролик айналып тұрды. Озық технология мүмкіндігін пайдаланып, ұлы ұстаздың образы қимыл динамикасы арқылы көрсетіліп, әйгілі «Кел, балалар, оқылық!» өлеңі аудио құрылғымен дыбысталды. Сондай-ақ, өлеңнің жазбаша нұсқасымен қосымша фотосуреттер беріліп, образды барынша шынайы етіп көрсетуге тырыстық. Көрмеге музей қорындағы бірегей жәдігерлер мен құнды құжаттар, фотосуреттер қойылды. Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтының мұражайынан алынған түпнұсқа жәдігерлер көпшіліктің қызығушылығын арттырды. XIX ғасырдағы мектеп үлгісі ретінде жасалған Ы.Алтынсариннің оқушыларға сабақ беріп отырған сәті бейнеленген мемориалдық сыныпты да осы көрме бұрышына орналастырдық. 20 сәуірде ашылған көрме әуел баста 15 күнге межеленгенімен, кейін көрермендер сұранысы бойынша тағы бір аптаға ұзартылып, бас-аяғы 22 күн жұмыс істеді. Келушілер қарасы көп болып, көрме маңынан адам арылған жоқ деуге болады.
— Көрме аясында басқа ілкімді іс-шаралардың өткенінен хабардармыз. Мәселен, Серікбай ағамыздың жаңа кітабының тұсаукесерін есте қаларлық оқиғалардың біріне балауға болады. Ғалымның қалың оқырманға жол тартқан осы етжеңді еңбегі туралы кеңірек мәлімет бере кетсеңіз…
— Көрмемен бірге ғалымдардың қатысуымен дөңгелек үстел ұйымдастырылып, осы шара барысында ыбырайтану ғылымына сүбелі үлес қосып, елеулі еңбек етіп жүрген ыбырайтанушы-ғалым, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Серікбай Оспанұлының сиясы кеппеген «Ыбырай жолы» кітабының тұсаукесер рәсімі жасалды. Кітапта ағартушының  өміріне қатысты кешегі кеңес дәуіріндегі саясатқа орай бұрмаланған ақтаңдақтар, оның өскен ортасы, оқыған мектебі, дүниетанымы бүгінгі күн талабымен ұштастырыла, жаңаша көзқараспен зерделеніп, ағартушылық, жазушылық, сыншылық, сатириктік, публицистік, тарихшылық, шешендік, қайраткерлік, заңгерлік, ғалымдық, тағы да басқа қырлары ашылады. Сондай-ақ, үш жұрты, ақындық ортасы, аралас-құралас болған әріптестері, дос-жарандары, ашқан мектептерінің жанашырлары, ақын, ағартушы ізбасарлары, шәкірттері жайында әңгіме қозғалады. 800 беттік көлемді кітаптың соңында ұлы ұстаздың 1879-2018 жылдар аралығында жарық көрген еңбектерінің библиографиялық көрсеткіші түзіліп берілді.
Мазмұнды іс-шараға Қостанай облысы әкімінің орынбасары Бақыт Есімова арнайы қатысып, дөңгелек үстел басында әйгілі ағартушының ұшан-теңіз еңбегіне тоқталып, ұлы ұстаз есімін ұлықтауға арналған іс-шаралардың әлі де жалғасын таба беретінін айтып өтті. Осы шараға қытысқан филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов «Ұлт Ұстазы», педагогика ғылымдарының кандидаты, ыбырайтанушы-ғалым Тана Қоңыратбай «Ыбырай хаттары» тақырыбында баяндама жасады. Сондай-ақ, жиынға ҚР Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Алтынбек Нұхұлы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары – Әлия Сапарова, Берік Әбдіғалиұлы, Мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы Еркін Әбіл, «Egemen Qazaqstan» газетінің журналисі Бекен Қайратұлы, ҚР ағарту ісінің үздігі, экономика ғылымдарының кандидаты Ибраш Естайұлы, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Репертуарлық саясат басқармасының басшысы Рига Онаева, Креативті индустрияны дамыту жөніндегі жобалық кеңсе жетекшісі Данат Жумин және тағы да басқа зиялы қауым өкілдері қатысты. Осы іс-шараларды жоғары деңгейде ұйымдастырып, ел мәдениетінің дамыту, ұлт жауһарларының рухын асқақтату жолындағы еңбегіміз үшін ҚР Ұлттық музейінің басшысы Арыстанбек Мұхамедиұлы алғыс хатын табыстады.
— Бәрекелді, құтты болсын! Ал мұндай көрмелер басқа елді мекендерге, облыстарға да жиі сапарлап тұра ма? Жалпы өзге өңірлермен әріптестік қарым-қатынас оң жолға қойылған ба?
— "Алтынсарин аймақтарда" инновациялық жобасы аясында тұлғалық музейлер арасында тәжірибе алмасып, мәдени-рухани байланысты нығайту, ынтымақтастықты дамыту мақсатында меморандум жасалып тұрады. 2018 жылдан бастап, бүгінгі күнге дейін Қазақстанның көптеген тұлғалық музейлерімен тығыз қарым-қатынас жасап, бірлесе іс-шаралар атқардық. Нәтижесінде ғылыми-зерттеу экспедициялары өткізіліп, практикалық конференция, дөңгелек үстел және көшпелі көрмелер ұйымдастырылды.
Биыл ұлы ағартушының 180 жылдығына орай Алматы қаласындағы Ахмет Байтұрсынұлының музей үйіне көшпелі көрмемен сапар шектік. Көрмеге музей қорындағы Алтынсариннің асыл мұралары қойылды.
Ыбырай Халық ағарту ісінің де, ағартушылық әдебиеттің де, журналистиканың да негізін салушылардың бірі болса, Ахмет Байтұрсынұлы ол жасаған осы абыройлы істердің бәрін жалғастырып дамытушы, талантты ізбасары. Ахмет 1891 жылы Ыбырай қалаған Торғайдағы екі сыныптық орыс-қазақ училищесінде білім алды. Ыбырай ХІХ ғасырда кирилл қарпі негізінде қазақ алфавитін құрастырушы болса, Ахмет Байтұрсынұлы ХХ ғасырда араб графикасы негізінде қазақ әліпбиін жасап шықты. Осы орайда ұйымдастырылған көшпелі көрменің атауы да «Қазақ әліпбиінің негізін қалаушылар» деп аталды.
Қостанай өңірінен шыққан қос ғалымның еңбектерін насихаттауға арналған жиынға Алатау бөктеріндегі айтулы ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Айта кету керек, ағартушы-педагогтің өмірі мен қызметі туралы, ХІХ ғасырдың ортасы ХХ ғасырдың басындағы халық ағарту ісінің пайда болу, жетілу және даму тарихын баяндайтын құжаттар ҚР Ұлттық кітапханасының Сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар қоры және ҚР мемлекеттік архивінде сақталған. Музей қорындағы материалдарды жүйелі толықтыру мақсатында "Архив-2025" мемлекеттік бағдарламасы аясында Ыбырай Алтынсарин музейінің ғылыми қызметкерлері Алматы қаласындағы мұрағат қойнауындағы деректі құжаттардың көшірмелерімен музей қорын толықтырды. Музейдің зерттеу-ізденіс жұмыстары әлі де жалғасын табады. ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Бақытжамал Оспанова Ыбырай музейіне ағартушы жайлы жазылған бірқатар құнды әдебиеттер табыс етті. Музей қорына келіп түскен тың деректер цифрлық форматқа көшірілетін болады.
18 мамыр Халықаралық Музей күніне орай “Рухани жаңғыру” бағдарламасы аясында Арқалық қаласындағы дала өлкесі тарихи облыстық музейінің ұйымдастыруымен “Музейлер шеруі” акциясы өткізілді. Бұл іс-шараға қатысқан  музейлер көпшілік назарына түрлі тақырыпта дайындаған көрмелерін ұсынды. Ы.Алтынсарин мемориалдық музейі “Ұлы даланың ұлы Ұстазы” атты көрмесі арқылы көпшілікке Ұлт ұстазының өмірі мен педагогикалық қызметі жайлы баяндады. Сондай-ақ, осы күні Ы.Алтынсарин атындағы АрқМПИ-мен бірлесіп, «Ыбырай Алтынсариннің ағартушылық тағылымы» республикалық ғылыми танымдық жиын өтті. Аталған шараға жергілікті зиялы қауым өкілдері мен ыбырайтанушылар, ғалымдар, мәдениет және қоғам қайраткерлері қатысты. Ұлы ұстаздың тек қазақтың емес, барша түркі халықтарының орасан зор қайраткері екенін тәпсірлейтін тың деректер, дәлелді пікірлер ортаға салынды.
—  Ыбырай мерейтойына арналған тағы қандай ерекше жобалар жүзеге асты? Басқа қандай жоспарларыңыз бар?
— Былтыр Ыбырай музей қорының материалдарын пайдаланып, «Хабар» агенттігі, «МИР», «Каzakh ТV», «Абай TV» және «Qazaqstan» ұлттық арнасы деректі фильмдер түсірді. Сонымен қатар, Ы.Алтынсариннің мемориалдық музейі бірқатар көлемді жобаларды іске асыруда. Атап айтар болсақ, әлгінде сөз болған "Алтынсарин аймақтарда" инновациялық жобасы, «Тұлға тағылымы» арнайы жобасы, «Ыбырай мұрасы – ұлт қазынасы» ғылыми-зерттеу жобасы, «YBRAI ALEMI» виртуалды музейлік жобасы – ерекшелеп айтуға тұрарлық дүниелер. Бұдан бөлек, түрлі сипат-мазмұндағы 16 жоба аясында жұмыстар жүргізілуде. «Qostanai» телеарнасымен бірлесіп,  «Kóneniń kózi», «Тарихқа тағзым» жобалары жарық көріп жатыр. Биыл ҚР Тәуелсіздігімен қоса, Ы.Алтынсарин музейі мен «Qоstanai» телеарнасының ашылғанына да 30 жыл толып отыр. Мерейлі даталарға байланысты телеарна ұжымымен ынтымақтаса отырып, бейнефильм түсірдік. Ұлы ұстаздың 180 жылдығына арналған «2021 – Ыбырай жылы» күнтізбесі жарыққа шықты. Заманауи цифрлық қосымшалар арқылы күнтізбенің беттерінде QR-код арқылы құжаттар, фотосуреттер, бейнематериалдар орналастырылған. Күнтізбе 180 жылдыққа орай 180 данамен шығарылды. Ғ.Қайырбеков атындағы №9 орта мектебі мен Ы.Алтынсариннің мемориалдық музейі бірлесіп, облыс ұстаздары арасында қазақ күресінен «Ұстаз барысы» ашық турнир өткізді. 44 балуан боз кілемде бақ сынасты. Турнир жалғасын табады деп сенеміз.
Ал, енді, «Архив – 2025» арнайы жобасы шеңберінде, жұмысты жандандыру мақсатында РФ Челябі, Орск, Орынбор қалаларында мұрағаттық жұмыс жүргізу, Троицк қаласындағы Зайнулла Расулаев медресесіне, Челябі облысына ғылыми экспедиция жасау жоспарда тұр.
— Ыбырай мерейтойына ел бойынша лайықты деңгейде көңіл бөлініп жатыр ма? Қандай да бір қалау-тілек, ұсыныстарыңыз бар ма?
— Біз Ыбырай Алтынсаринді өз деңгейіне көтере алмай келеміз. Қазіргі таңда тек облыстық, тіпті республикалық деңгейде ғана шектеліп қалмай, халықаралық деңгейге шығаруымыз керек. Себебі, Ыбырай тек халық мектебін қалыптастырушы ғана емес, ол жалпы түркі елдеріндегі зайырлы мектептің негізін салушы тұлға екенін білуіміз қажет. Қырымдағы Бахчисарай тарихи-мәдени және археологиялық мұражай-қорығында ұлы ұстаздың өз қолтаңбасымен Исмаил Гаспринскийге сыйлаған, Қазан қаласында 1884 жылы басылып шыққан «Шариғатул-Ислам» кітабының экземпляры сақталған. Ыбырайдан кейін өзінен 10 жас кіші Исмаил Гаспринский Алтынсарин үлгісімен түркі-мұсылман медреселерінде зайырлы ғылым пәндері саналатын физика, химия, билология сабақтарын енгізді. Реформаторлық жәдид қозғалысын бастады. Бұл қозғалыс барша түркі халықтарының дүмше молдалардың надан уағызынан бас тартып, зайырлы ғылымдардың бет алуына, дінді жаңаша түсініп, ұлттық тұрғыдан пайымдауға әсер етті. Әлі де мұрағат қойнауынан Ы.Алтынсаринге және оның айналасындағы ізбасарлары мен достарына қатысты басқа да деректі құжаттар табылып жатса, музей үшін үлкен жетістік деп ойлаймыз.
Ыбырай мектебі – қазақ халқын ұлт ретінде азаттыққа жетелеген, күреске дайындаған, ең алғашқы қазақ зиялыларын қалыптастырған мектеп. Кез келген нәрсе нәтижесімен өлшенеді. Ыбырай мектебінің жемісі – Алаш қозғалысы. Ал, Алаш арыстарының бәрі осы мектептің түлегі деп айтуға толық негіз бар. Себебі, олар – осы үрдіспен тәрбиеленіп, "Қазақ хрестоматиясын" оқып өскендер. Соның арқасында Әлихан Бөкейханов бастаған тұлғалар қазақтың азаттығы үшін күресіп, мемлекетіміздің негізін қалыптастырды. 1925 жылы Ә.Бөкейханұлы А.Байтұрсынұлына: «Алтынсарин баласы Ыбырай хақында өзің жазсаң жақсы болар еді, ол сенің ағаң емес пе? Егер ол қазір өмір сүрсе, сендей болар еді, ал сен ертерек дүниеге келгенде, оның ісін жасарың хақ» деп хат жазған еді. Осыдан-ақ, ұлт мүддесін ойлауда ұлылардың үндес болғанын аңғару қиын емес.
Алда Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтпекші. Бәрекелді! Былтыр да Абайдың 175 жылдығын ЮНЕСКО деңгейінде атап өттік. Ортада облыстық деңгейде ғана қалып қойған – Ұлы Ұстаз Ыбырай ғана. Өкініштісі сол.
— Облыстық музей ыбырайтану ғылымына қандай жаңалықтар қосты? Көрмелер мен жиындардан басқа әйгілі ағартушыны насихаттаудың қандай ұтымды, озық тәсілдерін пайдалана алып жатсыздар?
— Биыл «YBRAI ALEMI» виртуалды музейлік жоба аясында «Ы.Алтынсариннің ізімен» атты виртуалды туристік маршрут-интерактивті картасы іске қосылды. Ол арқылы Ыбырай ашқан мектептердің типтері мен орналасқан жері, осы білім беру мекемелеріне қатысты мұрағат құжаттары туралы толық ақпарат беріледі.  Картада нысандар бойлығы мен ендігі анық көрінетін нақты геодеректер негізінде орналастырылады. Пайдаланушы белгілі бір объектіні таңдаған кезде, медиа форматтағы деректерді қоса есептегенде, толық ақпарат ала алады (аудио, бейне, мұрағаттық құжаттардың скан-көшірмелері, фотосуреттер, инфографика және т.б.). Интерактивті картаның көмегімен пайдаланушыларға GPS-навигация арқылы таңдалған объектіге дейін жүру маршрутын құру мүмкіндігі беріледі. Жобаның мақсаты – қоғамдағы виртуалды әлеуметтік кеңістіктің дамуына байланысты компьютерлік технологияларды қолдана отырып, аймақтың туристік әлеуетін арттыру.
            Жалпы, электрондық ақпарат беру формаларының бірі – виртуалды карта арқылы қоғамның тарихи құндылықтарға деген қызығушылығын арттырып, «сандық мәдени мұраларды» көпшіліке насихаттау заман талабына сай тәсіл саналады. Виртуалды туристік маршрут жобасы осыған орай қолға алынғанын айта кетейік. Ілкімді жоба аясында ұлы ұстаздың мемориалдық музейі, кесенесі және Омар құдығы бойынша заманауи 3D форматындағы виртуалдық экскурсия екі тілде жұмыс істеуде. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында әзірленген 3D-тур жобасы 2 қабаттан, 28 панорамадан, 400 экспонаттан, 1 кесене мен Омар құдығынан тұрады. Бір сөзбен айтқанда, заманауи технология мүмкіндігін тұтынудан кенде қалып жатқанымыз жоқ.
            — Сұқбатыңызға рахмет айтамыз!

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓