Баспана алудың тетіктері қандай?

"Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі" атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде отбасы табысының түрлі деңгейлеріне сәйкес келетін бірыңғай тұрғын үй саясатын әзірлеуді тапсырды. Сонымен қатар, кезекте тұрған аз қамтылған, көп балалы отбасыларға баспана беру мәселесін алдағы үш жыл ішінде шешу қажет, ал баспана сатып алуға жағдайы жоқ азаматтарға әлеуметтік жалға алу тәртібімен үй ұсынылады. Қостанай облысында бұл тұрғыда қандай бағдарламалар іске асырылуда? Тұрғын үй алу тетіктері қандай? Осы және басқа да сұрақтарға "Отбасы банк" АҚ Қостанай облыстық филиалының директоры Әсел Асқарова жауап берді.
– Әсел Досымханқызы, пандемия басталған шақта елдегі барлық банк қиындықтарға ұшырады. Соның салдары қандай болды? Тұрғын үй сатып алу ережелері өзгерді ме?
– Рас, әлемдегі соңғы ахуал біздің елді де айналып өтпеді. Өткен жылы наурыз айының соңында карантиндік шаралар қабылданатыны туралы хабарланған кезде біз тұрғындарға баспана алудың тиімді жолдарын қарастырдық. Кейбір маңызды функцияларды онлайн желіге ауыстыруға тура келді. Ең үлкен жүктеме несие-ні кейінге шегеру мәселесіне түсті. 27 наурызда біз "Клиенттерге қарай жеті қадам" акциясын жарияладық. Қостанай облысының 160 мың тұрғыны біздің банктің салымшысы саналады. Әрбір екінші салымшы ипотека алып отыр. Міне, осы тұрғыда олардың сапалы әрі жедел қызмет алғаны маңызды болды. "Отбасы банк" – қарыз алушылардың қаражатын төлеуге қосымша үш ай қосып берген жалғыз банк. Біз тұрғындардан ешқандай да құжат сұраған жоқпыз, барлығы да желі арқылы іске асты. 15 сәуірден бастап банк сайтында арнайы онлайн-сервис іске қосылды, онда тұрғындар ЖСН енгізу арқылы үйден шықпай-ақ онлайн-режимде өтініш жазуға мүмкіндік алды. Пандемия басталған уақытта тұрғын үйге қол жеткізу тетіктері айтарлықтай өзгеріске ұшыраған жоқ. Тек қана механизм сәл өзгерді.
– Қарызын төлей алмаған қанша адам банкке жүгінді? Нақты дерек келтіре аласыз ба?
– Біз үнемі мониторинг жүргізіп, статистика жасап отырдық. Кейінге шегеру мерзімі ұсынылғаннан бастап 28800 отбасы көмекке жүгінді. Олардың дені қарызын 2-3 айға шегерді. Әрине, қаражат жүрген жерде қиыншылықтар болады ғой. Қазір несиесін мүлдем төлей алмай жатқан жандар бар. Меніңше, жыл аяғына дейін бір арнаға түсіп, мәселені біржақты етеміз. Қарызын төлемей жүрген тұрғындармен жеке сөйлесеміз, мамандарымыз үнемі кездесулер өткізіп тұрады. Көбі жұмысынан айырылып, енді бірі уақытша табысын жоғалтып жатады. Бұл проблема қай кезде де, қай банкте те болған. Ол уақытымен шешіледі. Біздің "кредиттік сөмкеміз" республика бойынша алдыңғы қатарда келеді. Былтырғы деңгейді биыл да ұстап қалуға тырысамыз.
– Қазір біздің облыста ғана емес, елімізде тұрғын үйдің бағасы күрт қымбаттап кетті. Оның себебі де белгілі. Осы тұрғыдан алғанда "Отбасы банкінің" бағдарламалары мен ұстанымы қандай да бір өзгеріске ұшырады ма?
– Банктің ұстанымы – салымшыларына барынша сапалы әрі жедел қызмет көрсету. Бұл тұрғыда біз өзіміздің стратегиямыздан жаңылған жоқпыз. Тұрғын үйдің бағасын банк қоймайды. Бұған бірнеше фактор әсер етеді. Рас, алдағы уақытта баспана бағасы тағы да артады. "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасы бойынша салынып жатқан нысандар туралы айтатын болсақ, болашақ баспаналарыңыздың бағасы 1 шаршы метр үшін 180 000 теңгеге дейін көтеріледі.
– "Отбасы банк" ипотекалық бағдарламаларының ішіндегі ең көп сұранысқа ие болып отырғаны қайсысы?
– Бұрынғыдай емес, қазір "Отбасы банк" көптеген тиімді бағдарламарды жарыққа шығарды. "Нұрлы жер" – 5%, "Бақытты отбасы" – 2%, "Шанырақ" – 5%, "Жас отбасы" 6%-бен беріледі. Барлық бағдарламаның тиімді тұстары бар, бірін артық, бірін кем дей алмаймын. Дегенмен, өңірде "Нұрлы жер" бойынша өтінім берген салымшылардың саны көп.
– Біздің оқырмандардан арыз-шағымдар келіп жатады. Мысалы, "Аэропорт" шағын ауданындағы көп қабатты № 45/3 тұрғын үйі осы биыл наурыз айында пайдалануға берілуі тиіс еді. Бірақ қазір сол үйдің екі қабатының қабырғаларынан басқа дымы жоқ. Құрылыс тоқтап тұр. Бас мердігер "Саулет РСО" ЖШС жауап беруден жалтарады. Бұл мәселе жөнінде не дейсіз?
– Шынында бұл проблема бойынша хабарласып жатқан тұрғындар көп. Біз де аталмыш тұрғын үйдің құрылысына алаңдаушылық білдіреміз. Бұл үйдің жайын Қостанай қаласының құрылыс бөлімінен сұрау керек. Олар "Отбасы" банкке хат жазғанды. Онда "Аэропорт" шағын ауданындағы №45/1, 45/2, 45/3 үйлерді пайдалануға беру 2021 жылдың желтоқсанына жоспарланғаны жазылған.
– Оқырмандарға түсінікті болу үшін тағы бір қайталасақ: қандай салымшылар бірінші болып баспана алады? Ашығын айтқанда алдын ала пайыздық төлемін бірден төлеп, үй алуға кезекке тұратындар ма, әлде біреудің кезегін салып алатындар ма?
– Конкурстан өту үшін ашылған депозиттің уақыты, ай сайын қаражат салып отырғаныңызды көрсететін бағалық көрсеткіш есепке алынады. Егер сіз кезекте тұрсаңыз, сонымен қатар "Отбасы банктің" салымшысы болсаңыз, әрине мүмкіндігіңіз жоғары. Тағы бір айта кетерлігі, "Нұрлы жер" бағдарламасында кезекте тұрған салымшыларға конкурс бөлек өтеді. Бұл да тұрғындарға көбірек мүмкіндік беріп отыр.
 
"7-20-25"
Бұл – Қазақстан азаматтарына арнал-ған әлеуметтік бағдарлама. Оның негізгі талаптары:
• 7 пайыз жылдық мөлшерлеме;
• Бастапқы жарна 20 пайыз не одан жоғары;
• Қарызды өтеу мерзімі — 25 жыл;
• Үміткердің атында үй болмауы шарт;
• Ипотекалық тұрғын үй қарызы бойынша өтелмеген берешектің болмауы міндетті;
• Тек, құрылыс салушылардан сатып алған жаңа үйлерден пәтер алуға болады.
 
"Бақытты отбасы"
Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің бұл бағдарламасымен әкімдік кезегінде тұрған жандар ғана ипотека рәсімдей алады. Олар:
• Көпбалалы отбасылар;
• Толық емес отбасылар;
• Мүмкіндігі шектеулі баласы бар отбасылар.
Ипотека рәсімдеушілерге әзірше Қазақстандағы ең төмен көрсеткіш – 2 пайыз жылдық мөлшерлеме ұсынылып отыр. Бас-тапқы жарна ретінде үй бағасының 10 пайызын толтыру және отбасының табыс көзін растау міндетті. Сондай-ақ, отбасылардың атында басқа үй болмауы шарт.
• Қарызды өтеу мерзімі – 20 жыл;
• Соңғы 6 ай ішінде отбасының әр мүшесінің айлық табысы ең төменгі жалақыдан артық болмауы керек (2020 жылы Қазақстандағы ең төменгі жалақы – 42 500 теңге).
 
"Әскери баспана"
Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің бұл бағдарламасымен үкіметтен тұрғын үй төлемін алатын әскерилер ғана ипотека рәсімдей алады.
• 8 пайыз жылдық мөлшерлеме;
• 15 пайыз бастапқы жарна;
• Қарызды өтеу мерзімі – 25 жылға дейін.
"Әскери баспана" бағдарламасы 2020 жылдың наурыз-сәуір айларында басталды.
 
"Баспана хит"
Бұл жаңа, сондай-ақ, қолданыста болған тұрғын үйді де сатып алу үшін тиімді ипотекалық бағдарлама. Бағдарламаның негізгі талаптары:
• 13,75 пайыз жылдық мөлшерлеме (бұл көрсеткіш бұрын 10,75% болатын. 2020 жылдың 10 наурызынан бастап өзгерді);
• 20 пайыз бастапқы жарна;
• Қарызды өтеу мерзімі – 15 жыл;
•Атыңызда үй болса да, қарыз рәсімдей аласыз. Бірақ ипотекалық берешегіңіз болмауы шарт;
• Жаңа емес үйлерден (екінші деңгейлі) пәтер таңдауға болады;
• Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтау, Атырау қалаларында 25 млн теңгеге дейін, басқа аймақтарда 15 млн теңгеге дейінгі бағада үй сатып алуға мүмкіндік беріледі.
Бұл бағдарламамен жұмыс істейтін банктер: ЦентрКредитбанкі, Сбербанк, Жусан банк, Еуразиялық банк, АТФ банк, Банк RBK, Халық банк және Форте банк.
 
"5-20-25"
Бұл бағдарлама бойынша әкімдік кезегінде тұрған әскерилер, мемлекеттік қызметкерлер, бюджет саласының қызметкерлері ипотека рәсімдей алады.
Бағдарлама талаптары:
• Табыс көзі отбасындағы жан басына шаққанда 3,1 күнкөріс деңгейінен аспауы қажет;
• 5 пайыз жылдық мөлшерлеме;
• 20 пайыз бастапқы жарна;
• Қарызды өтеу мерзімі – 25 жыл;
• Үміткердің атында соңғы 5 жылда үй болмауы шарт;
• Төлем қабілетін растау міндетті.

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓