Татьяна Рақышева: «Театр – қоғам айнасы»

Ол – сахна өнеріне жарты ғасырға жуық ғұмырын арнаған жан. Жасы жетпістің бесеуіне таяса да театрдан алыстаған жоқ. Сұранысқа ие режиссерлердің бірі. ҚР Еңбек сіңірген әртісі, "Құрмет белгісі" орденінің иегері Татьяна Рақышева Амангелді ауданына арнайы шақыртумен келіп, жаңа қойылым дайындап жатыр. Танымал тұлға алдағы премьера және жалпы театр саласы төңірегіндегі сұрақтарымызға жауап берді.    
-Сізді өнерсүйер қауым дарынды театр және кино әртісі ретінде жақсы танитыны мәлім. Оқырманға режиссерлік қырыңыз туралы баян етсеңіз…
— Мен 1972 жылы Мәскеудегі М.С. Щепкин атындағы театр училищесін бітіргенмін.Осы Қостанайдағы сіздер жақсы білетін Қайыпберген-Шаһарбану  Есенғұловтар, танымал режиссер Жанат Хаджиев, Шопан Байғабылова, Мұқтар Манапов секілді саңлақтар курстастарым болды. Осындай дарындар шоғыры аталмыш оқу орнын бітірген соң Арқалық қаласына келіп театр ашқанбыз. С. Қожамқұлов атындағы бұл өнер ордасында 16 жыл жұмыс істедік. Ұжымымыз сол кездері сыншылардан, басқада белгілі режиссерлер мен сала білгірлерінен жақсы баға алатын. "Бұл – шалғайдағы театр емес, маңдайдағы театр" деп баға беретін бізге. Кейін Торғай облысы жабылғасын біздің театр тұтасымен Жезқазған қаласына көшірілді. Мұнда да көп жыл еңбек еттім. 2005 жылы сол жақта университет қабырғасында "Мұрагер" деген атаумен студенттер театрын ашып, сонда 5 жыл режиссер болып жұмыс істегенім бар. Көптеген қойылымдар қойдым, шәкірт тәрбиелеуге бар тәжірибемді салдым. Мен, өзі, режиссураны әуелден жақсы көретінмін. Сондықтан қызметімнің көп бөлігі әртістікке арналса да, көкейімде осы салаға бағыт бұру жүруші еді. Әрине, бұл үшін үлкен еңбек, талмас талап, ізденіс керек. Театрымызға келіп атақты режиссерлар қойылым қойғанда оларға ылғи да жуық жүріп, дәріс-сабағын алып, еңбек тәжірибелеріне көп үңілетінмін. Бәрі сондайлық құштарлықпен келеді ғой. Оның үстіне 42 жыл сахнаға маңдай терім сіңгесін де, тиісінше, режиссураны да мықтап меңгере алдым деп олаймын .
 — Қазір Тобыл-Торғай топырағында жүр екенсіз. Амангелді сахнасына қойылым дайындап жатқан көрінесіз. Осы жаңалық туралы тарқатыңқырап айтып бересіз бе?
 — Жалпы, Қостанай облысына режиссер ретінде алғашқы келуім емес. Бұған дейін Арқалық театрына келіп, біраз қойылым сахналадым. Айталық, Жүсіпбек Аймауытовтың шығармасы желісімен "Күнә" спектаклін, Тынымбай Нұрмағамбетовтің  "Бес бойдаққа бір той" атты туындысын қойған едім. Барлығы лайықты бағасын алды. Алдыңғы жылы Жангелдин ауданының шақыруымен "Айман-Шолпанды" сахнаға шығардым. Бұл да өте жақсы деңгейде шықты. Әрине, Торғайда кәсіби әртістер жоқ қой. Рөлдегілердің көбі – аудандағы мәдени қызметкерлер, мұғалімдер. Дей тұрғанмен, тәжірибемнің, табанды еңбектің арқасында осал дүние болған жоқ. Сөйткен қойылымымыз Атырауға барып, фестивальден жақсы жүлде де алып келді. Содан кейін, міне, биыл Амангелді ауданына шақырту алдым. Қазір Жұма-Назар Сомжүректің "Тілеп-Сарықыз" дейтін пьесасы бойынша спектакль дайындап жатырмын. Аталған пьесаның жазылғанына да көп болған жоқ. Авторын бұрыннан білетінмін. Қаламгермен Арқалықта жұмыс  істеген кезімнен бері таныспын. Пьесасын алып оқып көрдім, ішінен өзім үшін тым жақсы дүниелер таптым. Ол көрермендерге де ұнайды-ау деп үміттенемін. Өйткені сонау 17 ғасырда өмір сүрген атақты қобызшы, әулиелігімен ел аузында қалған Тілеп бабамызды көзі ашық, көкірегі ояу қазақтың барлығы білсе керек. Шығармадағы  Қойлыбай әулие, Сарықыз деген ұлттың ұлы адамдарының есімі де тарихтан танымал. Бұл туындының құндылығы – өскелең буынға берер үлкен тағылым-өнегесінде. Жалпы, пьеса кіршіксіз мөлдір махаббат оқиғасын баяндайды. Тарихи-танымдық мазмұны өз алдына. Енді, бұнда да рөл ойнайтындар – аудандық мәдениет үйінің қызметкерлері мен жергілікті  мұғалімдер. Әзірге беталысымыз жаман емес. Алдын ала кесіп-пішіп ештеңе айтпай тұра тұралық. Премьерасы, Алла қаласа, осы 1 маусымға белгіленіп отыр. Соған қызу дайындық жүргізу үстіндеміз.
-Бәрекелді, сәттілік тілейміз! Жалпы, Қостанай облысының театр өнерінен хабардарсыз ба? Көп сахнаны көріп жүргенген маман ретінде салыстырмалы түрде қандай баға берер едіңіз?
  -Шынын айтайын, Қостанай театрларының көп қойылымдарын көрген жоқпын. Бірақ, бір анығы, мұнда менің мықты әріптестерім жұмыс істейді. Мысалы, Шаһарбану, Қайыпберген, Қонысбек, Зәмзәгүлдер сахна өнерлерінің шын шеберлері ғой. Сондай-ақ, Арқалықта қойған спектаклімде ойнаған Ерханды да жақсы білемін, Күләй деген де әртіс бар… Бір сөзбен, көптеген өз ісінің білгірлерімен таныспын. Сондықтан Қостанай театрын елдегі ең жақсы өнер ордалардың санатында деп есептер едім. Өйткені театр құрамында неғұрлым жақсы әртістер мен мықты режиссерлер жұмыс істесе, оның соғұрлым дәрежесінің биік болары сөзсіз. Олардың жақсы жетістіктерін естіп, біліп, куә болып жүрміз. Бұны әлгінде айтқан аға буынның көкірегінде сәулесі бар кейінгі жастарға жап-жақсы үлгі-өнеге көрсетіп жүргенінің нәтижесі деуге де болады.
 — Қазақтың қазіргі театр өнерінің беталысы туралы ой-пікіріңізді білгіміз келеді. Қазір "драматургия әлсіреді" деген пікірлер жиі айтылады. Кейде беделді байқауларда жүлдеге лайықты шығарма болмағандықтан, нақ осы жанр алынып тасталып жатады. Бұл тұрғысында қандай пікір айтасыз? Оған қоса, заманауи әртістік өнер көңіліңізден шыға ма?
 — Драматургияға деген толымсыз көзқарас бұрыннан бар. Мысалы, жас кезімізде, 70-80 жылдары барлық жерде "жақсы драматургия жетіспейді" делініп жататын. Қазір де еститініміз сол. Бұрынғының уәжін қайдам, бүгінгі ақпарат заманында қоғам өзгерістерге өте-мөте жиі ұшырап жатыр, бажайлап үлгеру қиын. Жаңалықтарды әп-сәтте жаңалықтар ескіртіп тастайды. Сондықтан, менің ойымша, драматургтер бүгінгінің бүлкілді мәселелерін, қоғам сұранысын кешігіп жазатын сияқты. Өзіме солай әсер етеді. Соған байланысты "драматургия кенжелеп келеді" деген пікір алға шығады ойлаймын. Жас драматургтердің аз екені де шын шығар. Бұрын Әкім Тарази секілді ағаларымыздың пьесаларын іздеп, тұшынып оқитынбыз, бізге керемет әсерлі болатын, сөз етіп жүретінбіз. Қазір театрларда "ой, осы бір жас драматург ғажап, шебер, қаламы ұшқыр, жеделдігі қандай, қоғам тамырын тап басып жазып жүр" деген ерекше ешкімді естімеймін. Мүмкін, әлі-ақ ел арасынан тегеуріні мықты, сара ойлы, қоғамның жеткен-жетіспеген пікірін театр арқылы айтқысы келетін дарындар шығатын болар. Ал, енді, театрларды "асырау" жағынан классиканың жөні бөлек қой. Олар мәңгі жасай береді.  Олардың айтары қашанда өміршең, қай заманда да өтімді, өзекті.
— Виртуалды әлемге телмірткен интернет театр өнеріне деген сұранысқа кері әсерін тигізеді деп ойлайсыз ба?
-Жалпы, театр сонау көне заманынан келе жатқан өнер ғой. Кино пайда болғанда да мұндай пікірдің неше түрі айтылды. Енді интернет игілігі театрға көлеңкесін түсіреді, тіпті, жояды деген әңгімелерді естимін. Бірақ, менің түсінігімде, ол олай емес. Театр –  мүлде бөлек миссиясы бар өнер. Мысалы, киноны біреу түсіріп, ол экраннан көрсетіледі. Ал театр көрермендермен тікелей, көзбе-көз байланыс орнатады. Солайша адамға әртістердің эмоциясы, биоэнергиясы дариды. Ол – тек қана театр өнеріне тән құбылыс. Ерекшелігі сонда. Сондықтан ақыл-ой, сана-сезімі, жан-жүрегі бар адам тұрғанда, ол өзінен-өзі құрып кетеді деген пікірмен мүлдем келіспеймін. Театр бұрыннан болған, бүгін де бар, болашақта да бола береді. Керек болса, театрлардың мүмкіншіліктері де заманға сай дамып жатыр. Техника дәуірінде театрдың да техникасы қанат жайып келеді. Әр өнердің эволюциясы болатыны секілді, театр өнері де талғам талабыны сәйкес жетіле түсуде. Мәселен, біз өзімізді Станиславский мектебінің түлегі санаймыз, мұны "бастан өткеру мектебі" деп жатады. Мысалы, біз сахнада ойымызды, эмоциямызды, бүкіл жан-дүниемізді салып, образға кіріп, көрермендерге жеткізуіміз керек. Тағы бір мектеп "елестету мектебі" аталады. Ол тек қана пластикамен, дауыс мүмкіндігімен, былайша айтқанда, актерлік техникамен ғана жеткізіп отырады. Осындай танымал тәсілдердің сыртында қазір театр өнерінің жаңа ағымдары пайда болып жатыр. Оның әрқайсысын сараптап, салғастырмай-ақ қоялық. Олардың өзі көрермен қалауына байланысты дүниеге келді десек, қателеспейтін шығармыз. Таңғалатыны жоқ, заманға сай театр да, оған деген көрермен талғамы да өзгереді. Құдайға шүкір, бүгінгі таңда талғамды көрермендер бар, театрға келеді. Мәселен, мен Алматыда соған куәмін. Өзім де барып тұрамын. Жастардың қатары қалыңдай түскен. Сол қуантады.
 — Сахна өнеріне сапары түскен жастарға не айтасыз?
 — Театр – ұлы өнер. Адамның жан-дүниесіне сәуле түсіретін сиқыр.  Әлемнің, қоғамның,  адамның алдына қарама-қарсы қойылған айна. Иә, осылай деп түсінуге тиістіміз. Сондықтан әртістік жолды таңдаған азаматтың мойнындағы жауапкершілік жеңіл емес. Соны сезіну қажет, таңдаулы кәсібіңді сүюің керек. Мәселен, қазір ешбір театрда жұмыс істемесем де, мені білетін, еңбегімді бағалайтын адамдар қазіргідей режиссер ретінде шақырса, әлі күнге дейін бас тартпай барып, шамам шеткенше бар білік-күшімді салуға тырысамын. Одан өзім керемет ләззат, әсер аламын. Бұл – менің өз кәсібіме берілгенімнің, оны жақсы көретінімнің белгісі.
 — Сұқбатыңызға көптен-көп рахмет!

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓