Анамыз бізді әлі күнге сәбидей көреді

Анамыз бізді әлі күнге сәбидей көреді

Құдайға шүкір, біздің Есжан ата әулетін бүгінде жапырағын жайған алып бәйтерек десе болады. Ортамыздағы үлкені – анам Сақи барлығымызға бас-көз болып отыр. Заманында Науырзым атырабына әйгілі болған Қабыл деген болыстың ұлы Ермағамбеттен тараған жалғыз қызы.

Әке-шешеден шиеттей қалып, ата-әжесінің бауырында өсіпті. Аталары «халық жауы» атанып, жер аударылып кеткен. Артында қалған елі Ресейге дейін босып кеткен. Анам – осылайша жастайынан қиындық көріп өскен адам. 1946 жылы он алты жасында әулетімізге келін болып түсті. Өмірге тоғыз перзент әкелді, бізден тараған ұрпағының қызығын көріп отыр.

Ол заманда үйден қонақ үзіліп көрген жоқ. Әрі-бері өткен небір танымал, лауазымды адамдар көп келеді. Тіпті, атақты Әмір Қанапин, Әліби Жангелдин қонақ болған екен. Әкем сол азаматтардың барлығымен әңгіме-дүкен құрысып, арқа-жарқа болысып отырса, анам меймандарға ас-дәмін дайындап, бәрінің батасын алған адам.

Мен ес жиған кезімде анам үкіметтің де, үйдің де жұмысын қатар атқарып, бала қамымен қарап отырмайтын. Дәмдідегі машина-трактор жөндеу паркінде екі үлкен пештің отын жақты. Қосымша, гаражда күзетші болды. Арасында сауыншы да болды. Зейнеткерлікке дейінгі соңғы сегіз жыл қырманда жұмыс істеді. Сонда анам әлі жас қой, үлкен-үлкен қаптарды арқалап тасып жүргенін көзіміз көрді. Сонда да мыңқ етпейтін. Мектеп жасындағы бауырларыммен бірге шешемізді аяп, көмектесуге барып тұрамыз.

Анам шаруадан бөлек, өз ұл-қыздарымен қатар, үш қайнысының да балаларын бағып беретін. Абысындары оқуға кеткенде, солардың қырқынан да шықпаған нәрестесін алып қалған кездер болған. Жаздың күні басқа ауылдардан бауырларымыз келеді, мына жақта өзіміздің ауылдағы балалар қосылып, арқа-жарқа боламыз. Біздің үйіміз нағыз балабақшаға айналатын. Міне, сол балалардың ешқайсысын бөліп-жармай, өзінің туған перзенттерінен кем көрмеді.

Мен әкем Ерғазыдан небары жиырма жасымда қалдым. Ол кезде кенже қарындастарым 10-11 жастарда болатын. Соғыс ардагері, есімі «Даңқ кітабы» жинағына енген, саяси сауатты адам болған әкемнің есімі біздің рухымызды, намысымызды оятып, ел алдында өр мінезбен жүруге зор күш береді.

Ал ортамызда отырған анамыз – бүгінгі ең үлкен баға жетпес қазынамыз. Ол кісінің бір кесе шайына дүниенің байлығы жетпес, сірә. Шама-шарқымыз келгенше ардақты жанға құрмет көрсетіп келеміз. Келіндерін туған қыздарынан кем көрмейді. Туыстар жинала қалғанда, анамыздың қандай бейнет көргенін, жүріп өткен жолын, әкемізбен бірге бар ауыртпалықты, қызық-қуанышты бірге көтеріскенін, біздің алдымызда зейнет көріп отырғанын үнемі айтып, соны ұмытпай, есіне сақтап жүруін айтып отырамын. Себебі біздің өмірге келгеніміз әуелі Алла, содан кейін анамыздың арқасы.

Бүгінде жасы ғасырға жуықтаған Сақи Ермағамбетқызы – әкем Ерғазы Есжанұлына адал жар, ұрпағына ардақты ана, немере-шөберелеріне аяулы әже болып отыр. Әулетімізді жалғаушы шежіреміз. Ғұмырында біреуге дауыс көтермеген, қиындық көрдім деп мойымаған жан.

Әкеміз бен оның інілерінен тараған ұрпақтар кез келген мереке, атаулы күндер болса, анамның шаңырағында бас қосамыз. Өзіміз ата-әже болсақ та, қарт анамыздың бауырына кіріп, еркелейміз. Өйткені біз анамыз үшін әлі сәби секілдіміз.

Әрбір перзент үшін 8 наурыз – ерекше мейрам. Мен де осы күні отбасымды ертіп, анамның жанында болуға тырысамын. Әлемдегі бар жақсылықты алдымен анама тілеймін. Ғұмар жасы ұзақ болып, тек ұрпақтарының қызығына бөленіп отыра бергей.

 

Сайлаубек Ещанов,

облыстық Мәслихат төрағасы

Жаңалықтармен бөлісу