Аманжол Сейілханов: “Күйзеліс те қауіпті диагноз”

Аманжол Сейілханов: “Күйзеліс те қауіпті диагноз”

«Жүрегі тоқтап қалыпты. Қыршын жас өмірден озды». Кейінгі жылдары осындай қаралы хабарларды көп еститін болдық. Жүрек талмасы жиілеп кетті.

Дәрігерлер диагнозы: дұрыс тамақтанбаудың, саламатты өмір салтын ұстанбай, жаман әдеттерге әуес болудан және тағы басқа да себептер. Жылдар бойы іште жиналған негативті ойлар да, күйзеліс те осындай ауыр дертке шалдықтыруы мүмкін. Осы тақырыпта бірінші санатты кардиолог дәрігер Аманжол Сейілхановпен сұқбаттастық.

– Жүрек ауруларының ағзаға әсері қандай?

– Әлем бойынша өлім мен мүгедектіктің басты себебі – жүрек және қан тамырлары дерті. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, жүрек-қан тамыр ауруларынан жылына 17 миллионға жуық адам қайтыс болады екен. Оның ішінде кең таралған түрі – миокард инфаркті. Ол жүрек артерияларының бірінің атеросклеротикалық түйіншек пен бітелуі салдарынан туындайды, содан жүрек бұлшықетін қанмен қамтамасыз етуі бұзылады. Бұл жағдайда бұлшықеттің зақымдалған бөлігі өледі, яғни онда некроз пайда болады. Жасушаның өлімі тамырдағы қан ағымы тоқтаған сәттен бастап, 20-40 минут ішінде басталады.

– Сіздің пайымыңызша, неліктен жастарда жүрек талмасы жиіліп барады?

– Қандай дерт болса да жас талғамайтыны белгілі. Жастардың жүрек талмасына ұшырауының негізгі себептеріне темекі шегу, артық дене салмағы, төмен физикалық белсенділігі жатады. Сонымен қатар, алкоголь мен энергетикалық сусындарды шамадан тыс тұтынудың зияны зор.

– Жұмыс барысында саралап отыратын боларсыздар, қанша жас аралығындағы адамдар жүрек талмасымен жиі ауырады?

Бұл ауру 35 пен 50 жас аралығындағы әйелдерге қарағанда ер адамдарда көбірек кездеседі.

Алғашқы көмекті қалай көрсеткен жөн?

– Ең бірінші кезекте науқасты жартылай отырғызып, жедел жәрдем шақырту керек. Науқастың денесін қысатын киімдерін шешіп, қан қысымын өлшеген жөн. Ауа жетіспей, тынысы тарылмас үшін терезелер ашық болуы қажет. Қан қысымы көтерілген жағдайда нитроглицерин дәрісін беруге болады. Дегенмен, 3 таблеткадан артық беру науқас үшін өте қауіпті.

– Осы аурудың бірінші белгілері туралы да айта кетсеңіз.

– Миокард инфарктісінің негізгі белгілерінің бірі – кеудедегі ауырсыну, адам төзгісіз шаншу. Ауырсыну кеуденің сол жағында, сирек жағдайда оң жақта да сезіледі. Қатты әлсіздік, салқын тер, діріл, ауа жетіспеушілігі, ентігу, жөтел, бас айналу, естен тану сияқты қатар жүретін белгілері болуы мүмкін. Көңіл-күйде тұрақсыздық сезіліп, психоздың асқынуына дейін мінез-құлқында бұзылыстар байқалып жатады. Сондай-ақ, инфаркт немесе инфаркт алдындағы жағдай кезінде жүрек айнуы, құсу және іш кебу сияқты белгілері де бар. Бұл белгілердің барлығы түгел пайда болуы міндетті емес. Кейде кеудедегі ауырсыну болмауы да мүмкін. Өйткені ауырсыну синдромының болмауы миокард инфарктісінің 20-30 пайызында кездеседі. Симптомдар тіпті аз болуы және тым айқын болмауы мүмкін. Көбіне миокард инфарктісі қант диабетімен ауыратын адамдарда және егде жастағы науқастарда симптомсыз өтеді.

– Бұл дертке шалдықпас үшін нендей шараларды қолдану керек?

Ең алдымен темекіден толықтай бас тарту қажет. Тиімді тамақтану ережелерін сақтаудың маңызы зор. Майлы тамақтардан бас тарту, тұзды пайдалану мөлшерін азайту – тәулігіне 4 грамм, құрамында калийі мол, яғни, бұршақ, өрік, құрма, теңіз қырыққабаты сияқты тамақтарды көп пайдалану, сарыуызды барынша аз пайдалану керек. Көкөніс пен жеміс-жидектерді барынша мол пайдаланып, дене белсенділігін арттыру, семіздіктің алдын алу маңызды. Қандағы холестерин құрамын үнемі тексеріп, бақылауда ұстаған жөн.

Емдеу жолдары қандай?

Ауырсынуды жою үшін нитроглицерин, нейролептоанальгезия, оксигенотерапия қолданамыз. Тоқтаған қан ағымын қайта жүргізу және тромбтың әрі қарай ұлғаюына немесе жаңадан түзілуіне жол бермеу керек. Өмірге қауіп төндіретін аритмиялардың алдын алу қажет. Реваскуляризацияны ерте қалыптастыру және некроз көлемін шектеу де маңызды. Метаболиктік кардиопротекторлармен емдеуді қолға аламыз.

Әңгімелескен Диана БАТЫРБЕК

 

Жаңалықтармен бөлісу