Кикбоксингтен Қазақстанның ұлттық құрамасы Португалияның Альбуфейра қаласында өткен әлем чемпионатында 5 алтын, 5 күміс, 12 қола медальді жеңіп алды. Қазақстанның құрама командасын Қайрат Смағұлов жаттықтыратынын айта кетсек, Қостанайда осы кикбоксинг бағытында сегіз клуб жұмыс істеп жатыр.
Құраманың қай салмақ дәрежесін, қай жас аралығын алсақ та Қостанай спортшылары, оның ішінде “Сұлтан” спорт клубының шәкірттері ел намысын қорғап келеді. Әлем чемпионатына облысымыздан 5 спортшы қатысса, олардың арасынан Алина Төлегенова қола жүлдегер атанды.
Алина Зұлқарнай Алдамжаров атындағы Қостанай әлеуметтік-техникалық университетінің 4 курс студенті. Болашақта осы спорт жолын қуып, өзі секілді ел чемпиондарын дайындамақ. Бес жылдан бері “Сұлтан” кәсіби спорт мектебінде тәрбиеленіп жүр. Бүгінде спорт шебері деген атағы бар, Қазақстан чемпионы, Азия чемпионатының қола жүлдегері.
“Алина 52 келіде жақсы өнер көрсетті. Бірінші кездесуінде Португалия спортшысын жеңді. Екінші жекпе-жекте алдыңғы жылғы сербиялық әлем чемпионына жол берді. Алматы қаласында болған екі этап оқу-жаттығу жиынының нәтижесінде қола жүлдеге қол жеткізіп отырмыз”, – дейді Алинаның бапкері Әскер Макубаев.
Португалия елінде өткен әлем чемпионатына оларды клубтың және Қазақстан құрама командасының аға бапкері Әскер Макубаев пен бапкер – төреші Азамат Сұмамбаевтар бастап барған болатын.
“Жарыс жоғары деңгейде өтті. Тартысты бәсекеге толы болды. Сайысқа талай жарыстарда жүлде алып жүрген Ариза Сманова , Мәди Тоқтаров, Темірлан Қабиевтер де қатысқан еді. Өкінішке қарай бұл жолы ұтылып қалды. Бірақ келесі жылы қатарымыздағы қыз-жігіттер жақсы нәтиже көрсетеді деп сенемін”, – дейді Алина.
Әлем чемпионаты екі жылда бір рет өтеді, сондықтан бұл спортшы мен жаттықтырушының екі жылдық жұмысы деп баға беруге болады.
“Алинаның бұл әлемдік деңгейдегі алғашқы жетістігі. Еліміздің құрама командасы бұл жарыста 22 медаль алып отыр. Ол біздің елде кикбоксинг спортының деңгейі өсіп келе жатқанын байқатады”, – дейді “Сұлтан” кәсіби спорт мектебі қоғамдық бірлестігің директоры Дамир Қалқаев.
Былтырғы жастар чемпионатында да осы спорт мектебінде тәрбиеленіп жүрген жас студенттер жақсы нәтиже көрсеткен-тін.
Ол жарыста Нұралы Серіков 1 – орын, Миркамал Сейдахметов пен Каролина Цитеркоп 3 – орын алған еді.
“Сұлтан” кәсіби спорт мектебі бұл жетістіктерін жылма-жыл қайталауға бел буып отыр. Қыркүйек айынан мектепке жаңадан балалар қабылданды.
“Биылғы дайындық барысы ойдағыдай. Жаттығу залы толық дайын. Осы жерде айтпағым, шәкірттеріміз Қазақстан бойынша үздік үштікке кірді. Әрдайым Қазақстан құрамасының сапында жоғарғы деңгейден көрініп жүргені біздің бапкерлердің тынымсыз еңбегі. Халықаралық дәрежедегі төреші Азамат Сұмамбаев пен Асқарбек Бермұхамбетовтер бас бапкер Әскер Макубаевтың сенімді көмекшілеріне айналды. Әскер бүгінде Қазақстан құрамасының бапкерлер құрамының белді мүшесі. Аға бапкер ретінде өзінің жауап беретін аумағы бар. Осы жеңістер мен жүлделер өте жақсы келе жатқанымызды жаңа қырынан тағы байқатты, қыруар еңбектің бүгінгі нәтижесі екендігін айқын дәлелдеді”, – дейді Дамир Қалқаев.
Айбек Ғалымұлы