Жақында Лисаков қалалық емханасында тұңғыш рет тізе буындарын эндопротездеу операциясы жасалды. Олар бұл жауапты кезеңге екі жылға жуық дайындалған. Ол үшін Астана қаласының Ұлттық Травматология және ортопедия ғылыми орталығында лисаковтық дәрігерлер оқып, арнайы курстан өтіп келді.
«Біздің дәрігерлер Қостанай облыстық ауруханасының базасында жұмыс тағылымдамасынан өтті. Қажетті медициналық құрал-жабдықтар, медициналық құралдар, тиісті төсеу материалдары және әрине эндопротездер сатып алынды. Біздің аурухана үшін жаңа инновациялық ем енгізу үшін шеберлік сабағын өткізу үшін облысымыздың жетекші мамандары арнайы жіберілді», – дейді Лисаков қалалық емханасының бас дәрігері Қарлығаш Әленова.
Қостанай облыстық ауруханасы травматология бөлімшесінің меңгерушісі Б.Садуақасов, облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас штаттан тыс травматологы Б.Медібаев, облыстық аурухананың операциялық медбикесі А.Сүйіндіковалар келіп, өз тәжірбиелерімен бөлісті.
Алдағы уақытта мұндай буынға жасалатын күрделі оталар облыстық жақын аудан-қалаларында жасалуы мүмкін. Бұған дейін науқастар Астана, Алматы қалаларына квота арқылы емделетін. Аурудың бұл түрі егде тартқан адамдар арасында жиі кездеседі. Дәрігерлердің айтуынша, облыста әрбір бесінші адам осы ауруға шалдыққан. Кальций жетіспеушіігі, артық салмақ тізе буындарының мүжілуіне әкеп соғады.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Суреттерді түсірген Б.Мейрамұлы
Лисаков қаласы