Арқалық қалалық Қосымша білім беру орталығында Айтыстың ақтаңгері Айбек Қалиевпен кездесу кеші өткізілді.
Данышпан қазақ халқы қай кезеңде де ел сөзін сөйлер ақынға кенде болған емес. Халықтың рухани мұратына қызмет еткен ұлы тұлғаларымыз көптеп саналады. Әсіресе, киелі Торғай өңірі ақын – жыршыларға өте бай. Өлең-жырдың өркендеуіне сүбелі үлес қосқан талай тарлан таланттардың ізін жалғаған ақберен ақын Айбек Қалиев ағамыз да ел руханиятын түгендеген өнер мен мәдениет жанашырларының бірегейі.
Кеш барысында Айбек Киікбайұлы балалық шағы, ақындық өнерге келу жолдары, айтыс өнеріндегі алған белестері туралы сыр бөлісті. Кешке қатысушылар ақтаңгер ақынға көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, өнерін тамашалады. Оқушылар ақынға арнау айтып, жыр жолдарын оқыды. Айтыскер ақын жас ұрпаққа ағалық ақыл-кеңесін айтты. Кеш қонағына орталық директоры Зәуреш Мақсұтқызы жылы лебізін білдіріп, «Алғыс хат» табыстады.
«Ақынын құрметтеген ел озады, ақынын сыйламаған ел тозады» дейді. Ақындығы мен ұстамдылығы үйлесім тапқан Айбек Қалиевтей еліміздің мақтанышына айналған тұлғаға қандай құрмет көрсетсек те артықшылық етпейді.
Тәлімді адамдармен кездесіп, тәрбиесін берер осындай келелі кездесу кештеріалдағы уақытта да орталығымызда өз жалғасын таба бермек.
Е.Абдуалиев,
Н.Тойшин, Қосымша білім беру педагогтары.
Арқалық қаласы