Н. Островский атындағы Орталық қалалық кітапхананың оқу залында қазақ даласына білім шамын жаққан ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің өмірі мен мұрасына арналған «Теңіздей терең тарихтың сырын ақтарған» атты әдеби-танымдық кеш өтті.
Танымдық кештің басты мақсаты – ағартушының өнегелі өмір жолын насихаттап, оның ағартушылық қызметін жас ұрпаққа кеңінен таныстыру.

Іс-шара шымылдығы Ыбырай Алтынсариннің мемориалдық музейі туралы бейнероликпен түрілді. Бейнеролик арқылы қатысушылар ағартушының өмірі мен еңбегі сақталған қасиетті мекенге виртуалды саяхат жасап, тарихи жәдігерлермен танысу мүмкіндігіне ие болды. Кеш барысында, қонақтар ұлы тұлғаның халқына қалдырған рухани мұрасы жайлы тың деректерге қанықты.
Іс-шараға Ыбырай Алтынсариннің мемориалдық музейінің бас қор сақтаушысы Назгүл Шектібаева қатысып, Ыбырай Алтынсариннің өмір жолы мен оның тарихи мұрасын сақтау бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы әңгімеледі. Оның айтуынша, ағартушының өміріне қатысты көптеген құнды жәдігерлер мен деректер бүгінгі күнге дейін зерттеушілердің назарын аударып келеді.
– Ыбырай Алтынсарин – қазақ халқының рухани жаңғыруына жол ашқан тұлға. Оның өмірі мен қызметіне қатысты жәдігерлер әр кезеңнің шежіресін сақтап тұр. Осындай кездесулер арқылы біз ұлы ағартушының мұрасын жас ұрпаққа танытып, тарихи сананың қалыптасуына үлес қосамыз, – дейді Ыбырай Алтынсариннің мемориалдық музейінің бас қор сақтаушысы Назгүл Төкенқызы.
Белгілі суретші әрі мүсінші Мұхамедқали Тоқтарбайұлы Ыбырай бейнесінің өнердегі көрінісі туралы сөз қозғап, тарихи тұлғаның келбетін көркем түрде бейнелеудің жауапкершілігі мен ерекшеліктері жайында баяндады.

– Ыбырай Алтынсариннің бейнесін сомдау – тек сыртқы келбетін көрсету емес, оның ішкі рухын, ағартушылық болмысын жеткізу. Өнер туындысында тұлғаның парасаты мен заманының рухы көрінуі тиіс. Сондықтан мұндай жұмыстарда тарихи деректер мен көркемдік шешім қатар жүреді, — дейді суретші-мүсінші Мұхамедқали Тоқтарбайұлы.
Кеш соңында кітапхана қызметкерлері ағартушының еңбектері мен ол туралы жазылған зерттеу еңбектерінен құралған «Даланың дара ұстазы» атты кітап көрмесіне шолу жасап, оқырмандарды кітаптармен таныстырды. Көрмеде Ыбырай Алтынсариннің педагогикалық мұрасы, ағартушылық идеялары және қазақ қоғамындағы тарихи орны туралы құнды басылымдар ұсынылды. Іс-шараны ұйымдастырушы Ерназар Есенгелді мұндай танымдық кездесулердің жастар үшін маңызы зор екенін атап өтті.
– Біздің мақсатымыз – ұлы ағартушының мұрасын тек еске алу емес, оны бүгінгі ұрпақтың санасына жеткізу. Ыбырай Алтынсариннің еңбектері – білімге, адамгершілікке, ұлт болашағына бастайтын жол. Осындай кештер арқылы жастар тарихқа үңіліп, рухани құндылықтардың қадірін түсінеді, – дейді Ерназар Есенгелді.
Тағылымды кездесу қатысушыларға ұлы ағартушының өмірі мен еңбегін жаңаша қырынан танытып, оның өнегелі жолының бүгінгі қоғам үшін де маңызы зор екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Зарина ЖҰМАҒҰЛОВА,
ҚӨУ 4 курс студенті
