АЭС елге керек, басқа баламада береке жоқ

АЭС елге керек, басқа баламада береке жоқ

Шындыққа тура қарайтын болсақ, біздің еліміз — қазақ елі өркениетке ілескенімізбен, экономикалық тұрғыда мешеу қалдық. Экстенсивті дамудың салдарынан табиғи байлықтың берекесін кетіріп, қазір экологиялық күйзеліске ұшырадық. Ел аумағы үлкен әрі әркелкі.

Ауа райы да тым құбылмалы. Газ қоры да жеткіліксіз екендігі анықталып отыр. Қазақстандағы гидро және көмір стансалары түгелдей 50-80 жылдарда тұрғызылып, бүгінде басым көпшілігінің тозығы жеткен. Ал жасыл немесе күн, жел секілді жаңартылған энергия көзін дамытуда белгілі бір ғылыми жүйе жоқ, керісінше, берекесіз байламдар, қолайсыз факторлар шаш-етектен екен.
Қазір әлемде 50-ден астам мемлекет атом электр стансасын пайдалануда. Он алты елде 60 жаңа реактор салынып жатыр. Құдайы көршіміз Қытайдың өзінде ғана 26 атом стансасы жұмыс істеп тұр. Ол аздық етіп тағы да 11-ін салуды ұйғарыпты.
Ал біздің қазақ сол бұрынғысынша сары уайымға салынып, “атом стансасын сақтай алмаймыз, жарып аламыз, әйтпесе жарып кетеді” деп үрейленеді. Егер бос үреймен, “қорыққанға қос көрінедімен” келешекке батыл қарай алмасақ, болашақта электрсіз май шамды қайта жағып отырмасымызға кім кепіл? Мұндай ескірген пессимизмнен құтылатын уақыт жетті.
Байсалды пайымдауларға сүйенсек, әл-әзір елде АЭС-ке тиянақты балама жоқ. Мен АЭС салуда прагматик ғалымдар мен мамандар жағындамын. Қазақстандық сала мамандары елде атом энергетикасына үміт артатынын жан-жақты дерек-дәйекпен жариялауда. АЭС парникті газ шығармайтынымен ерекшеленеді .Олар АЭС-тің соңғы заманауи үлгідегі озық технологияға негізделген нұсқасына жүгінбек. Ендеше, алға батыл қадам жасауда жасқанбауымыз керек.

Жанұзақ АЯЗБЕКОВ,
Қазақстанның еңбегі сіңген
журналистика қайраткері,
«Құрмет» орденінің иегері

Жаңалықтармен бөлісу