Елді өркендетуге бәріміз үлес қосуымыз керек

Елді өркендетуге бәріміз үлес қосуымыз керек

Бүгін еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде кеңесте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанды өркендетуге атсалысқысы келетін азаматтарға үндеу жолдады.
Президент «Стратегиялық нысандар» ұғымын айқындау тәсілін қайта қарау қажеттігін, Қазақстан салмақты және дербес экономикалық саясат жүргізуі керек екенін айтты. Қоғамдық ресурстар қолжетімді болуы үшін ашық аукцион қағидаттарын басшылыққа алу қажет. Меніңше, осылай істеген абзал.

“Бизнес өкілдері барлық міндеттемесін адал орындау үшін тиімді бақылау жүйесін орнату керек. Монополистерге қарсы қозғалған істер бойынша сапалы жұмыс атқарылуға тиіс. Ол үшін қазылардың білікті болуы аса маңызды. Қазір заңсыз шығарылған активтерді мемлекетке қайтару жұмысы жандана түсті. Қайтарылған активтер мен мүліктер қолды болып кетпеуі керек”, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы кеңесте.

Мемлекет басшысы барлық қаражат толығымен экономиканы дамытуға жұмсалуы керек екеніне де назар аударды.

“Қаржыны қайтарып, елімізді өркендетуге атсалысқысы келетін азаматтарға мынаны айтқым келеді: жаңа индустриялық жобаларға қаржы салыңыздар. Қазақстанда жаңа өндірістер ашып, жаңа жұмыс орындарын құрыңыздар. Сонда мұндай активтерге және оның иелеріне қатысты ешқандай мәселе туындамайды. Тағы да қайталап айтамын. Біз адал әрі ашық жұмыс істейтін бизнес өкілдеріне барлық жағдайды жасаймыз”, – деді ол.

Қай қоғамды да алғай сүйрейтін қағида – ашықтық. Олай болмаған жағдайда, экономикаға керіс әсері тиеді. Елдің қамын ойлап жүрмін деген әр азамат, әр кәсіпкер мұны жақсы түсінуге тиіс.
Президент табысты елде тауып, шетелге шашатындар туралы да айтты. Сондай-ақ ол соңғы 15 жылда азық-түлік бұрын-соңды болмаған бағада өскенін мәлімдеді. Бұдан бөлек, Президент мемлекеттің өнім өңдеуге беретін субсидиясын басқа мақсатқа қолданатындарды сынға алды. Менің көңіліме түйген тұстар осы болды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі өткен еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңесте қабылданған реформаларды жүзеге асыруда мен де үлесімді қоса бермекпін.

Айтжан ЕСЕНГЕЛДИНОВ,
Қазақстан мәслихаттарының құрметті депутаты

Жаңалықтармен бөлісу