Ұлттық жобалар жаңа форматқа көшті

Ұлттық жобалар жаңа форматқа көшті

Партиялық бақылау комиссиясының кезекті отырысында қаланың негізгі даму бағыттары талқыланды. Комиссия мүшелері мен депутаттар алдында сөз сөйлеген қала әкімінің орынбасары Алмат Исмагулов, қазіргі таңдағы басым бағыттарға тоқталып кетті.

Өз сөзінде Исмағұлов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын орындау аясында Қазақстан әртүрлі салалардың тұрақты дамуына бағытталған ұлттық жобалар форматына көшкенін атап өтті. Бұл жобалар экономиканы нығайтуға, денсаулық сақтау мен білім беруді жақсартуға, сондай-ақ технологиялық серпін мен экологиялық жағдайды жақсартуға ықпал ететін болады.

Исмағұловтың айтуынша, Қостанай облысындағы өнеркәсіп өндірісінің 54%-ын Қостанай қамтамасыз етеді, ал оның басым бөлігін өңдеу өнеркәсібі құрайды. 2024 жылдың алғашқы жеті айында инвестиция көлемі 124 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9%-ға өсті. Индустрияландыру картасынан тыс 18 жобамен қатар, 4 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр.

Шағын және орта бизнестің дамуы да маңызды жетістіктердің бірі болды. Қалада 31 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектілері жұмыс істеп, 79 мың адамды жұмыспен қамтамасыз етуде. Бөлшек сауда көлемі мен тұтыну нарығының дамуы оң қарқынмен жүріп жатыр.

Әкім орынбасары азық-түлік бағасын тұрақтандыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға ерекше тоқталды. Қаладағы негізгі тұтыну нарықтарында күнделікті баға мониторингі жүргізіліп, әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын ұстап тұру үшін сауда желілерімен меморандумдар жасалды.

Қалада тұрғын үй құрылысы да қарқынды дамып келеді. 2024 жылы 350 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 5%-ға артық. Жаңа шағын аудандар салынуда, көпқабатты үйлердің құрылысы мен қайта жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Көлік инфрақұрылымын дамытуға да ерекше көңіл бөлінуде. Биыл қалада 39 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қоғамдық көліктер жаңартылуда. Алдағы жылдары негізгі көшелерді реконструкциялау және жол өткелін салу бойынша ірі жобаларды іске асыру жоспарлануда.

Әлеуметтік қолдау да жұмыстың басты бағыттарының бірі болып қала береді. Әлеуметтік қорғау жүйесі аясында 5 мыңнан астам адамға көмек көрсетілді. 691 отбасына атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, төленді.

Есепті қорытындылай келе, Исмағұлов білім және мәдениет саласындағы маңызды жетістіктерді атап өтті. Қалада жаңа мектептер мен балабақшалар салынып, кітапханаларға күрделі жөндеу жүргізілуде, сондай-ақ Қостанайдың 145 жылдығына орай ауқымды мәдени іс-шаралар ұйымдастырылуда.

Жаңалықтармен бөлісу