Жыл сайын өтетін науқан биыл екі апта бұрын басталып кетті. Ол 1 қыркүйектен 15 қарашаға дейін созылады. Қостанай облысында бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін 32 ұйым бар. Тұрғындар омылардың біріне тіркелуге мүмкіндік алмақ, деп хабарлады әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Қостанай облысы бойынша филиалының директоры Батырбек Нұрғалиев.
Осы емханалардың 26 мемлекеттік және 6 жекеменшік клиника. Емханасын ауыстырғысы келіп жүрген азаматтар тіркеу науқаны кезінде бұл мүмкіндікті пайдалана алады. Емханаға тіркелудің үш түрлі тәсілі бар. Емханаға өзіңіз барып, портал арқылы немесе халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы.
Мамандар тіркелген кезде үйіңізге жақын жердегі емхананы таңдаған дұрыс дейді. Бұл ең алдымен пациент үшін әрі дәрігерді үйге шақырған кезде тез келуіне ыңғайлы. Мұны, әсіресе кішкентай балалары бар отбасылар, жүкті әйелдер, мүмкіндігі шектеулі жандар, дәрілік терапияда немесе клиникаға жиі баруға мәжбүр пациенттер ескеру керек.
Бұл ретте таңдаған медициналық ұйым алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетуге Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен шарт жасасқан болуы тиіс. Мекемелердің тізімін Қордың “Клиниканы таңдау” бөлімінен көруге болады.
Айта кетерлігі, емханаға тіркеу науқанына қатыспаған азаматтар бұрын өзі қаралған алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін ұйымда тіркелген күйі қала береді.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА