Қазан айынан бастап  жылу бағасы көтерілуі мүмкін

Қазан айынан бастап жылу бағасы көтерілуі мүмкін

Қостанай жылу-энергетикалық компаниясында 16 жылу көзі бар. Қазіргі уақытта жылыту маусымына дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жылдағыдай жылу кезең-кезеңімен берілетін болады. Қазіргі кезде 4108 тонна мазут қорда тұр. Енді қосымша 3227 тонна алынады. Оған бюджеттен 467,5 млн бөлінген. Енді кәсіпорын жылумен жабдықтау тарифін ағымдағы жылдың 1 қазанынан бастап қайта қарауға өтінім дайындауда.

Бұл туралы қалалық әкімдікте өткен аппарат кеңесінде қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Азамат Бегалин айтты.

 – Өздеріңіз білетіндей, ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап “QAZAQGAZAIMAQ” АҚ жеткізетін жылу энергиясын өндіруге арналған тауарлық газдың бағасын 11,4% өсірді. Осы жайды ескере отырып, болжамды өсім 2,7% болып тұр. Амал жоқ, осыған байланысты қала тұрғындарынан тарифтің өзгеруіне түсіністікпен қарауды сұраймыз, – деді Азамат Бегалин.

Жылуға деген берешек те азаймай отыр. Оның көлемі 1 201,1 млн теңгеге жеткен. Берешекке белшеден батқандардың ішінде заңды тұлғалар – 657,6 млн теңге, ал халықтың берешегі – 543,4 млн. Дебиторлық берешекті өндіріп алу үшін іс сотқа да жетіп жатыр. Жыл басынан бері борышкерлерге 1 210,0 млн теңге сомасына 5 126 хабарлама жіберілген.

Сондай-ақ, Костанай облыс орталығында жылу тасымалдаушының тұрақты жеткізілуін қамтамасыз ету үшін қосымша жабдық сатып алынған. Бұл жабдықтардың ішінде 5 бірлік жоғары өнімді сорғы және қосалқы құрылғылар бар. Сонымен қатар, облыс орталығындағы 13 кіші қазандықтың 6-ы резервтік отынды сақтауға жарамды, ал қалғандары бұл мақсатқа жарамайды. Осыған байланысты 10 күндік резерв үшін дизель отыны сатып алу мәселесі шешілді. Резервтік отынның жалпы көлемі 634 тонна, ал оның құны 243 млн теңгені құрайды.

– Құны 1 456,3 млн теңге болатын қаланың жылу-энергетикалық орталығындағы мазут шаруашылығын қайта жөндеу бойынша әзірленген жобаны қаржыландыру мақұлданды және алдын ала қолдау тапты. Келер жылы жөндеу жұмыстары бойынша мемлекеттік сатып алу ұйымдастырылатын болады, – деді бөлім басшысы.

Айтолқын АЙҚАДАМОВА

Жаңалықтармен бөлісу