Облыс әкімі есеп берді

Облыс әкімі есеп берді

Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру мақсатында жүргізіліп жатқан жұмыстар өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму нәтижелеріне, оның ішінде халықтың табысы мен өмір сапасына оң әсер ететіні мәлім.
Осы жылдың 7 айының қорытындысы бойынша облыстың барлық макроэкономикалық көрсеткіштері анағұрлым артты. Ол туралы облыс әкімі Құмар Ақсақалов мәслихаттың кезекті отырысында айтып өтті.

“Жергілікті бюджетті игеру 107,0%-ке орындалды. Ол өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 27,4%-ке артық. 23,7 мың азаматты жұмыспен қамтуға жәрдем көрсетілді. Жыл басынан бері 9,8 мың жұмыс орны құрылды, оның 5,3 мыңға жуығы – тұрақты”, – деп атап өтті облыс әкімі.

Бұл қабылданып жатқан шаралар екінші тоқсанның қорытындысы бойынша 4,6%-ті құраған жұмыссыздық деңгейін тежеуге оң әсер етіп отырғанын айта кетейік.

Жаңа инвестицияларды тарту және қолда бар байланыстарды нығайту үшін облыста инвестициялық форум өткенін білеміз.

Онда облысымыздың инвестициялық әлеуеті ұсынылып, ірі жобалар таныстырылған еді. Облыс басшысы осы бағыттағы жетістіктерді ортаға салды.

 

“Біз жаңа индустриялық жобаларды іске асыруды жалғастырамыз. Мәселен, биылғы жылы Chevrolet Enix шағын тораптық өндірісі бойынша жоба аяқталды. Индустриялық аймақ аумағында шойын құю зауыты іске қосылады. “KIA” зауыты мен жүк автомобильдерінің жетекші кәсіпорынының құрылысы жалғасып жатыр. Сондай-ақ, келешекте өндіріс қуаты жылына 1,0 млн тоннаға дейін болат дайындамаларын өндіретін болат балқыту зауытын пайдалануға беру жоласы импортты ұлғайтуға ықпал ететін болады”, – деді облыс басшысы.

Жобалардың толық өнімділігіне қол жеткізген кезде өңір айтарлықтай қосымша көлемге ие болмақ. Бұл өнеркәсіптің республикалық рейтингінде үштікке кіруге мүмкіндік бергелі тұр.

Мемлекет басшысының АӨК-дегі өңделген өнім үлесін 3 жыл ішінде 70%-ға дейін ұлғайту туралы тапсырмасын орындау үшін жаңа үлгідегі 10 ірімшік өндіру кешенінің құрылысы жүргізіле бастады.

Зауыт іске қосылған жағдайда облыстағы өңделген сүттің үлесі 60% – ға дейін артпақ.

“Қазан айында кондитерлік өнімдер шығаратын зауыт құрылысы басталады. Сонымен қатар, біз облыста өсірілген дақылдарды өңдеудің толық циклін ұйымдастыру үшін жаңа инвесторларды тарту бойынша жұмысты жалғастырамыз.
Мәселен, биыл шілде айында ШЫҰ саммитін өткізу шеңберінде бидайды терең өңдеу зауытын салу жөніндегі жобаны іске асыру жөнінде шарт жасалды. “АС Agro”ЖШС ірі түрік холдингін тарта отырып, дәнді бұршақ және майлы дақылдарды қайта өңдеу зауытын салу мәселесі пысықталуда”, – деп облыс әкімі алдағы өңірдің жобаларымен бөлісті.

Бұл туралы толығырақ газетіміздің алдағы санынан оқи аласыздар.

Айтолқын АЙҚАДАМОВА 

Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков 

Жаңалықтармен бөлісу