Әскерге кімдер шақырылмайды?

Әскерге кімдер шақырылмайды?

Көпшілік көкейіндегі сауалдарға ҚР Қорғаныс министрлігі «Қостанай облысының қорғаныс істері жөніндегі департаменті» РММ бастығы Марат Сейсембаев жауап берді. Құрметті оқырман, сіздің де көкейіңізде жүрген, жалпыға ортақ мәселеңіз, сұрағыңыз болса, бізге жолдаңыз. Whatsapp +7 771 213 7202.

– Қазір біраз ата-ана балаларын әскерге жіберуден тайсалып қалды. Оның бір себебі – әскердегі әлімжеттік. Қорғаныс істері саласы мұндай жағдайдың алдын алуға қалай күш салып жатыр? Қолға алынған қандай да бір бастамалар бар ма?

– Жергілікті әскери басқару органдары міндеті – әскери қызметке шақырылуға жататын азаматтарды іріктеу және жинақтау, сондай-ақ оларды әскери бөлімдерге жіберу. Әрі қарай әскери бөлімдерде қызметті ұйымдастыру тікелей командирлерге (бастықтарға) жүктеледі.

– Әскерге шақыру да көп талқыланып жүрген мәселе. Жастарды көшеден немесе оқуын бітіре салысымен ұстап әкетіп жатыр. Бұл азаматтардың құқығын шектеу емес пе? Бұл қай заңнамаға сәйкес жасалатын қадам? Сіздің ойыңыз қалай?

– «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» ҚР заңының талаптарына сәйкес мерзімін ұзарту қарастырылған. Азаматтарды әскери қызметке шақырудан босату, оның ішінде білім беруді жалғастыру үшін беріледі. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» веб-порталы арқылы әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру мемлекеттік қызметіне жүгінбеу жағдайларына байланысты, әскери міндеттілерді іздеу бойынша бірлескен іс-шаралар жүргізіледі. Сәйкесінше, барлық мән-жайлар анықталғаннан кейін мерзімін ұзарту мерзімі бар азаматтар белгіленген мерзімге дейін әскери қызметтен босатылады.

Әскерге неше жасқа дейін шақырылады? Әскерге қабылдау талаптарын ашып көрсетсеңіз. Жалғызбасты анасымен/әкесімен тұратын балаларға әскери борышын өтеу міндетті ме?

– Қарулы Күштерге шақыру үшін қажетті жастағы, мерзімді әскери қызметке шақырудан кейінге қалдыруға немесе босатуға құқығы жоқ он сегіз бен жиырма жеті жас аралығындағы азаматтар міндетті әскери қызметке шақырылуға жатады. Отбасы жағдайына қарай әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру басқа адамның көмегіне мұқтаж және толық мемлекеттік қамсыздандыруға алынбаған отбасы мүшелерін күтумен айналысатын, Қазақстан Республикасының аумағында онымен бірге немесе бөлек тұратын жақын туыстары немесе басқа да адамдар болмаған кезде заң бойынша аталған отбасы мүшелерін асырауға міндетті азаматтарға беріледі. Басқа адамның көмегіне және күтіміне мұқтаж отбасы мүшелері – әкесі, анасы, зайыбы, сондай-ақ әскерге шақырылушының ата-анасы болмаған жағдайда, зейнеткер жасына толған немесе бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар (бәлкім атасы мен әжесі), егер олар оның асырауында болса босатылады. Ата-анасы болмаған жағдайда, бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі бар немесе он сегіз жасқа толмаған аға-інілері, апа-сіңлілері, әскерге шақырылушыдан басқа бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі бар немесе он сегіз жасқа толмаған бір және одан да көп балалары бар және оларды жұбайынсыз тәрбиелеп отырған анасы (әкесі) болса, сондай-ақ өзінің асырауында жасы бойынша еңбекке қабілетсіз немесе бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі бар бір және одан да көп жалғызілікті туыстары (әкесі, анасы, аға-інілері, апа-қарындастары) және оларды жұбайынсыз (зайыбынсыз) асырап отырған анасы (әкесі) болса әскерге алынбайды. Бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі бар, екіншісін өзі асырайтын және әскерге шақырылушыдан басқа он сегіз жасқа дейінгі бір және одан да көп бала тәрбиелеп отырған ата-анасының бірі, отбасы мүшелерінің бірінің мүгедектігі бар және әскерге шақырылушы отбасында жалғыз ер бала болса; ата-анасының қайтыс болуына немесе олардың ата-ана құқығынан айырылуына немесе сот бас бостандығынан айыруға соттауына байланысты кемінде екі жыл тәрбиесінде және асырауында болған адамдар бар азаматтарға қатысты.

– Қырық күндік әскер деген бар, яғни әскери борышын қысқа мерзімде өтеу жөнінде не айтар едіңіз? Оның бағасы қанша? Жас шектеуі бар ма? Оған кез келген адам бара ала ма (оның ішінде қыз-келіншектер)?

– Ақылы негізде әскери қызметті 24 жастан 27 жасқа дейінгі денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке жарамды немесе ішінара жарамды, оның ішінде мерзімді әскери қызметке шақырудан кейінге қалдырылған адамдар өте алады. Кейінге қалдыру қалай берілгенін ескеріңіз: отбасылық себептер бойынша; оқуын жалғастырған жағдайда; денсаулығына байланысты; басқа себептермен. «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңның 12-бабына сәйкес азаматтарды ақылы негізде оқыту Әскери-техникалық және өзге де мамандықтар бойынша оқыту қағидаларының негізінде жүзеге асырылады.

– Әскери оқу орындарына түсу үшін қандай талаптар (құжаттар тізімі, физикалық әзірлігі, т.б.) бар?

– Әскери колледжге және жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын әскери оқу орындарына оқуға түсу үшін құжаттар тізбесі: 1. Еркін нысандағы оқуға қабылдау туралы өтініш немесе оқуға түсушінің тегі, аты мен әкесінің аты (бар болса), туған күні, тұрғылықты мекенжайы, заңды өкілдерінің байланыс деректері көрсетілген баянат. 2. Жеке куәлік көшірмесі (салыстырып тексеру үшін түпнұсқа). Оқуға түсуші 16 (он алты) жасқа толғанға дейін туу туралы куәлік көшірмесі (салыстырып тексеру үшін түпнұсқа) ұсынылады. 3. Әскери билет көшірмесі (тек әскери қызметшілер, оның ішінде запастағы, түпнұсқа). 4. Білімі туралы құжаттар, ал негізгі орта білім базасындағы Әскери колледж үшін – негізгі орта білімі туралы куәлік (түпнұсқа және көшірме). 5. ҰБТ сертификаты (Әскери колледжге оқуға түсетін және конкурстық іріктеуден өткен мерзімді әскери қызмет өткерген (өткеретін) адамдарды қоспағанда), ҰБТ-ның 5 пәні бойынша нәтижесі кемінде 50 балл (оның ішінде бір бейінді пән бойынша кемінде 7 балл және қалған пәндердің әрқайсысы бойынша кемінде 3 балл). 6. «Денсаулық сақтау саласындағы есепке алу құжаттамасының нысандарын, сондай-ақ оларды толтыру жөніндегі нұсқаулықтарды бекіту туралы» ҚР Денсаулық сақтау министрінің м.а. 2020 жылғы 30 қазандағы № ҚР ДСМ-175/2020 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21579 болып тіркелген) бекітілген 075/у – нысанындағы медициналық анықтамасы (бұдан әрі – 075 /у нысаны) және ӘОО-ға келгенге дейін күнтізбелік 30 (отыз) күннен ерте емес жүргізілген медициналық зерттеу нәтижесі: жалпы қан талдауы; мерезге микропреципитация реакциясы (микрореакция); жалпы зәр талдауы; мұрынның қосалқы қуысының рентгенографиясы; 12 (он екі) бөліктегі электрокардиография тыныштықта (жүктемеден кейін – көрсеткіш бойынша); кеуде қуысы ағзасын флюорографиялық (рентгенологиялық) зерттеу медициналық куәландыру күніне 3 (үш) айдан кешіктірілмей жүргізіледі; бруцеллезге қан талдауы (мал шаруашылығында жұмыс істейтін және (немесе) жеке шаруашылықта малы бар); амбулаториялық пациенттің медициналық картасы; профилактикалық екпе картасы. Авиациялық персоналды даярлайтын әскери оқу орнының ұшқыш мамандығына оқуға түсетін кандидаттар медициналық куәландыру басталғанға дейін күнтізбелік 30 (отыз) күннен ерте емес жүргізілген медициналық зерттеу нәтижесін қосымша ұсынады: физикалық жүктемеден кейінгі 12 (он екі) бөліктегі электрокардиография; қалқанша безінің, жүрегінің, несеп-жыныс жүйесінің ультрадыбыстық зерттеуі; қандағы қант деңгейін және В және С гепатитінің маркерін зерттеу; дыбыстық аудиометрия; электроэнцефалография. 7. Соттылығының болмауы туралы анықтама, ал негізгі орта білім беру базасындағы Әскери колледж үшін кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі бөлімшеден ішкі істер органында есепте тұрмауы туралы қосымша анықтама. 8. Спорттық разрядты, республикалық не халықаралық жарыста, ағымдағы жылы орындаушылар байқауында, ағымдағы жылы жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық олимпиадада, сондай-ақ Президенттік не республикалық жалпы білім беретін пәндер бойынша олимпиадада (конкурстық іріктеуден өткен мерзімді әскери қызмет өткерген адамдарды қоспағанда) қол жеткізген жүлделі орынды растайтын құжат (бар болса). 9. Өлшемі 3х4 фотосурет – 4 дана. 10. Ата-ана құқығының шектелуіне немесе одан айырылуына, ата-анасы хабарсыз кеткен деп танылуына, олар қайтыс болған деп жариялануына, әрекетке қабілетсіз (әрекет қабілеті шектеулі) деп танылуына байланысты жалғыз ата-анасының немесе екеуінің де қамқорлығынсыз қалған жетім балалар мен балалар, сондай-ақ ата-анасының қамқорлығынсыз қалған басқа да жағдайда ата-анасының қамқорлығынсыз қалу фактісін растайтын мынадай құжаттардың біреуінің көшірмесін (салыстырып тексеру үшін түпнұсқа) қосымша ұсынады (конкурстық іріктеуден өткен мерзімді әскери қызмет өткерген адамдарды қоспағанда): ата-анасының қайтыс болуы туралы куәлік; ата-анасының ата-ана құқығын шектеу немесе одан айыру туралы сот шешімі; ата-анасы хабарсыз кеткен деп тану, оларды қайтыс болған деп тану немесе әрекетке қабілетсіз (әрекет қабілеті шектеулі) деп тану туралы сот шешімі. 11. Әскери қызмет міндеттерін орындау кезінде қаза тапқан немесе мүгедек болған, қызмет өткеру уақытында хабарсыз кеткен әскери қызметшілердің балалары тұрғылықты жері бойынша жергілікті әскери басқару органынан анықтама (конкурстық іріктеуден өткен әскери қызмет өткерген адамдарды қоспағанда) ұсынады. 12. Арнайы тексеруден өткені туралы анықтама (негізгі орта білім базасындағы Әскери колледжге оқуға түсетін адамдарды қоспағанда). 13. Мерзімді әскери қызмет өткерген адамдар қабылдау комиссиясына қосымша: әскери қызмет өткергені туралы анықтама; ұсыным (конкурстық іріктеуден өткені туралы комиссия қорытындысын) береді. Алынған жауаппен келіспесеңіз, заңнамада белгіленген тәртіппен оған шағымдануға құқығыңыз бар.

Аслан ҚАНҒОЖИН

 

Жаңалықтармен бөлісу