Денисов ауданында тасқын шайып кеткен лагерь қалпына келтіріліп, қайта ашылды

Денисов ауданында тасқын шайып кеткен лагерь қалпына келтіріліп, қайта ашылды

Денисов ауданында көктемгі су тасқыны шайып кеткен “Солнечный” лагері пайдалануға берілді.

Мұндағы жұмыстар осы жылдың 5 маусымынан 10 шілдесіне дейін жалғасып, бір ай ішінде барлық аумағына толықтай қалпына келтірілді. Атап айтсақ, №2 жатын корпусының пластикалық терезелері орнатылды. Асхана мен жатын корпусындағы шатырлар жөнделді. Бүлінген жазғы үйлер қалпына келтірілді. Жаңа жолдар салынып, жарықшамдар орнатылды. Жаңа көпір бой көтерді. Осы көпір бойында тізбектеле орнатылған жарықшамдар лагерьге ерекше сән береді. Жалпы айтқанда, балалар үшін жағдайдың барлығы жасалған.

 

Лагерьдің салтанатты ашылуына облыстық білім басқармасының басшысы Айман Ибраева мен Қостанай облысы бойынша бала құқықтары жөніндегі уәкілі Несібелі Басенова арнайы барып қатысты. Іс-шара барысында қонақтарға қалпына келтірілген жұмыстар таныстырылып, концерттік бағдарлама қойылды. Несібелі Басенова балаларды лагерьдің ашылуымен құттықтай отырып, жақсы демалуына тілектестігін білдірді.

“Мұндағы аяқталған жұмыстарды көріп, балалар үшін қуанышты болдым. Бұрынғы жағдаймен салыстырғанда лагерьдің қазіргі жай-күйі әлдеқайда жақсарған. Енді сіздердің міндеттеріңіз – белсенділдік танытып, уақыттарыңызды қызықты өткізу. Жаңа достар тауып, тәлімгерлеріңіздің нұсқаулықтарына бой ұсыну. Олар сіздердің денсаулықтарыңыз бен қауіпсіздіктеріңізді қамтамасыз ете отырып, жазғы демалыстарыңызды қызықты әрі көңілді өткізу үшін барын салады. Жаңа оқу жылында мектепке жақсы демалып, ерекше әсермен барасыздар деген үміттемін”, – дейді бала құқықтары жөніндегі уәкіл.

Балалар лагерін қалпына келтіруге облыстық бюджеттен 99,346 теңге бөлінді. Бүлінген секцияларды бөлшектеу, қабырғаларды қаптау, еденді құю және бес жазғы үйде жаңа терезелер мен есіктерді орнату жүргізілді. Ашылу салатанатына қатысқан Денисов ауданының әкімі Руслан Қатпаев лагерьдің қалпына келтіру жұмыстары жайында сөз етті.

“Жазғы үйлерді, №2 жатын корпусты, асхананы қалпына келтіруге “БЕК 2050” ЖШС, “Адал-И” ЖШС, “Premium Plast” ЖК мердігерлері қолдау көрсетті. Денисов ауданының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері мен жеке кәсіпкерлері де өз көмегін аямады. Сонымен қатар “Таза Қазақстан” бағдарламасы аясында мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері, жастар, еріктілер, №8 өрт сөндіру бөлімінің жеке құрамы және ауданымыздың қамқор тұрғындары “Солнечный” балалар сауықтыру лагерінің аумағында қоқыс, қамыс, құрғақ бұтақтар мен шөптерді жинау бойынша экологиялық акцияға қатысты. Соның нәтижесінде бүгінгі күні осындай тамаша лагерь қолданысқа беріліп отыр”, – дейді аудан әкімі.

Демалыс орнында бір мезгілде 150 бала демалады. Биыл 10 күннен үш ауысым жұмыс істеп тұр. Лагерьдің директоры Гүлнар Қадамбаева күн тәртібіндегі жоспарлы жұмыстарды тілге тиек етті.

“Жазғы демалысқа бірінші аусымда Денисов ауданы мен Қостанай облысынан ғана емес, жақын шетелден де 154 бала жазылып отыр. Балаларды 8 топқа бөліп 5 жазғы үйге орналастырдық. Әр үйде 8 ер бала мен 8 қыз балаға бөлек жатын орындар қарастырылған. Мұнадғы тәлімгерлер өз жұмыстарын жетік меңгерген. Олардың жұмыс істеу тәртібіне, іс-шараларды ұйымдастыруына, балаларға деген көзқарасына тәнтімін. Жалпы, лагерьде 22 маман бар. Оның ішінде 16 тәлімгер мен 6 қызмет көрсету мамандары бар. Лагерьге келушілерден сұраныс өте көп. Дегенмен, біз өзіміздің өңірдегі балалардың көбірек қабылдауға тырысамыз. Олардың тамақтануы мен денсаулықтарына ерекше көңіл бөлеміз. Асханамызда 5 мезгіл тамақтандыру тәртібі жолға қойылған. Сонымен қатар лагеріміз өзен жағалауында орналасқан. Бұл жерден Тобыл өзенінің арнасы ағып өтеді. Балалар үшін өзенге шомылу жағдайы да жасалған. Арнайы 40 қауіпсіздік кеудешесі сатып алынды. Бірінші кезекте қауіпсіздік біз үшін өте жоғары. Балаларды қадағалап, суға түсу ережелерімен таныстыратын мамандарымыз жеткілікті. Менің ойымша, біздің лагерь балалар үшін таптырмас демалыс орны. Олардың жазғы демалысы қызықты өтетініне күмәнім жоқ”, – дейді “Солнечный” лагерінің директоры.

Лагерь ата-аналардың да көңілінен шығып отыр. Балаларын үнемі осында жіберетіндердің көпшілігі аудан тұрғындары.

“Мен биыл бұл лагерьге үш ұлымды әкеліп отырмын. Былтыр осы лагерьге қызымды әкелгенмін. Мұнда бәрі жақсы. Өткен жылы қызым бірінші ауысымға келді. Содан кейін қалған аусымдарға келгісі келген, алайда орын саны толық болып, келуге мүмкіншілік болмады. Қызым үнемі лагерь жайында жақсы пікірде. Көбіне тәлімгерлерінің жанашырлық танытып, ата-анасындай қарайтынын айтатын. Жақсы достар тауып, олармен әлі күнге дейін хабарласып тұратынын білемін. Биыл ұлдарымды әкелуіме қызымның айтқан жақсы пікірлері себеп болды. Ұлдарым да келе салып ортаға бейімделіп кеткенін байқап отырмын. Әрбір ата-ана перзентіне осындай лагерьлерде демалуына мүмкіндік жасау керек. Бала біздің болашағымыз. Олардың балалық шағының қызықты өтуіне себепкер болуымыз керек”, – дейді Гүлден Мақанова.

Ернұр Әуезхан

Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков

Денисов ауданы

Жаңалықтармен бөлісу