Жаңа маусымда қолға алынған жаңа жүйе “Тикетон” платформасы арқылы жүзеге асырылды.
Алайда клубтағы бұл өзгерісті жанкүйерлердің аға буын өкілдері түсіне алмай келеді.
Әбдікәрім ақсақалдың “Тобыл” командасымен бірге келе жатқанына ширек ғасырға жуықтады. Команданың Қостанайдағы ойындарын стадионнан тамашалау әдепкі дәстүріне айналған.
“Билетті зейнеткерлік куәлікпен алып келемін. Қазір ол жеңілдікті алып тастапты. Былтыр жетінші, сегізінші қатарға бес жүз теңгеге алып жүрдім. Өткен жолы 650 теңгеге сатып алдым. Жаңа келсем: “мың теңге” дейді. Сонда әр ойын сайын қымбаттап жатыр ма?” – деп таңданысын жасырмады қария.
Клубтың жанкүйерлермен жұмыс жүргізу жөніндегі менеджері Марат Күзембаевтан мән-жайды білдік.
“Билеттер бағасы динамикалы тұрғыда жасалады. Яғни, билет бағасы минималды-максималды жүйе бойынша өзгеріп отырады. Мәселен, орын бағасы 500 теңгеден басталса, жалпы билеттер сатылымының 50 пайызы іске асырылған соң 100 теңгеге қымбаттайды”, – дейді Марат Күзембаев.
Демек, ертерек алып қойған арзанырақ болады жанкүйер қауым, билет алуға осы бастан асығыңыздар!
Айбек ЖҮЗБАЙ