Шығыстанушы, ағартушы, жазушы, “Отбасы хрестоматиясы” жобасының авторы Санжар Керімбай Тобыл төрінде. Бүгін Қостанайдағы Жастар сарайында “Өзбекәлі және мәдени майдан” кітабын таныстыруға арналған кездесу өтті.
Ұлттың тарихы мен танымының тамыршысы болып, қазақ мәдениетінің қоламтасын үрлеген қастерлі тұлғалардың өлшеусіз еңбегін насихаттап жүрген зияткер елдің бірнеше аймағында келелі жиындар өткізіп келеді, Енді, міне, қаламгердің рухани сапары Қостанай қаласында жалғасып отыр.
“Өзбекәлі және мәдени майдан” – Тобыл-Торғай өңіріне көп қатысы бар еңбек. Кітап алашқа аты мәшһүр тұлға, ұлт мәдениетінің жоқшысы, біздің өңірде қызмет етіп, құндылықтарымызды түгендеуге орасан зор үлес қосқан Өзбекәлі Жәнібековтің және мүдделес, рухтас зиялылардың қазаққа сіңірген қайраткерлігін баяндайды. Автор бұл еңбекті жазудағы мақсат-мұраты, оның жарық көруі жолындағы ізденістері, кітаптың мазмұны туралы кең көсіліп, тыңдарманды құнды мәліметтерден құлақдар етті. Өзінің айтуынша, Қазақстанның бірнеше өңірін аралай жүріп, ақпарат жинап, оны жазып шығуына 7 ай уақыт жұмсаған. Үлкен экрандағы слайдтың көмегімен елдіктің, теңдіктің сақталып қалуына себепкер болған тағдыршешті оқиғаларды, қазыналы деректер мен дәйектерді жіпке тізді. Қазір аталған бұл кітаптың ерекше сұранысқа ие болып, қолдан-қолға жылдам тарап жатқанынан-ақ көп жайды аңғаруға болатындай.
“Бұл кітап әуелде 5 мың тиражбен жарық көрді. Ол айналдырған он күннің айналасында сатылып кетті. Кейін ізін суытпауға қам жасап, 5 мың данадан қайтадан бастырып отырдық. Біз осы кітаптың таныстырылымымен сапарлап жүріп, бір айналып келгенімізде 30 мыңға жуық дана оқырман қолына тиіпті», – дейді автор.
Кездесу тізгінін ұстаған Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Абылай Маудановтың да сұрақтарына тұшымды жауап беріп, “мәдени майдан” деген ұғымның мәнісін тереңнен түсіндіріп берді.
“Шығармашылықтағы қадірлі бір ұстазым айтқандай, мәдени майдан деген бұрынғыдай атыс-шабыс емес, ол тиімсіз тәсіл, айғай-шуы, сұрауы көп, Ал адамды мәдени “өлтіріп” тастайтын болсаң, одан артық ештеңенің керегі жоқ. Туған тарихынан, мәдениетінен айырып, оны қуыскеуде ауруына шалдықтырып, миының бәрін шайып тастайтын болса, сол жеткілікті, оны өлтірудің қажеті де болмайды. Ондай адам өзін билеп-төстеп, қанын сорып отырған қанаушының құлақкесті құлына айналғанына разы болып, соның қол астында қызмет еткенін абырой көріп жүре береді. Ұлтымызды осындай нәубеттен сақтап қалудың қамын ойлаған қайраткер тұлғаларымызға бас июіміз керек. Ал бұл күрес ешқашан тоқтап қалмауға тиіс”, – дейді ол.
Ол ұлылар сабақтастығы туралы ой қозғағанда ұлттық жадының жойылуына жойқын қауіп төндірген тарихи трагедияларды тізбелеп, осы ықтимал апаттан мәдениет майданы ғана құтқарып қалғанын сөз етті.
“Ашаршылық тарихи тізбекті үзген алапат нәубет еді. Қырғынға ұшыраған бір буын қазақтың көкірегінде қаншама мәдени құндылықтар кетті. Бұл, сөзсіз, мәдени майданда ұлтты жеңіліске ұшыратқан алғашқы да негізгі ауыр соққы болды. Соның салдары қазақ қоғамын мәдени қабілетсіз халге түсірді. Сол кезде тарихи әділдікті қалыптастыруға сахнаға кесек тұлғалар шықты. Басы Сәтбаев пен Әуезовтен, оған материалдық демеу берген Ілияс Омаровтармен басталып, Өзбекәлілер жалғаған ұлылардың алтын жүлгесі қалыптасты. Олар қазақтың рухын оятамыз, өрге сүйрейміз деп жанқиярлықпен еңбек етті. Ең ұлы серпіліс – нәубеттен соң үш жылдан кейін “қазақтар енді есін жыя алмайды, ел болудан қалды” деген мазақ сөз ашықтан-ашық айтыла бастағанда, қазақ ішінен іріктеліп алынған 300 шақты өнерпаз Ресей сахнасында атой салып, таңғажайып өнерлерімен “ұлықтарды” еріксіз мойындатқан еді. Сол 1936 жылы еліміз «Қазақ АСР-ы» болып тұрған жерінен «Қазақ КСР-ы» деген жаңа мәртебе иеленді, яғни “автономиялы республика” статусынан арылдық. Бұл еліміздің дербестік алуына жол ашқан ғаламат оқиға еді. Сондықтан қазіргі тәуелсіздігіміз – сол кездегі әртістеріміздің алып берген жеңісі”, – дейді жазушы.
Ол жиі айтылатын “ұлттық код” та ұлылар бүгінгі ұрпаққа аманат етіп кеткен ұлттың мәдениетінде жатқанын айтты. Иммунитетімізді жоюға бағытталған, соңғы 25 жылда етек жайған кері пропогандалық күштердің мәдениет майданында шарасыз халге түсуімізге итермелеп жатқаны туралы да ой толғады. Спикердің негізгі айтар ойы – ұрпақтың ата-бабадан мирасқа қалған рухани-мәдени құндылықтарды сіңірмей өсуіне жол бермеу, ғылым тілінде айтылатын “экзистенциялық вакуум” кеселінен сақтандыру. “Тарихын білмеген адам болашағын болжай алмайды әрі қоғамдағы қауіпті элементке айналады” дейді ағартушы.
Қалың көрермен шешіле сөйлеген шешен сөзін сілтідей ұйып отырып тыңдады. Бас мейманмен бірге тарих ғылымдарының докторы Аманжол Күзембай да сөз алып, рухани іс-шара туралы, Өзбекәлі жөнінде пікір білдірді. Облыстық Мәдениет басқармасының басшысы Құралбек Атамұратов Санжар Керімбайға тағылымды кездесуге арқау болғаны үшін алғыс білдіріп, облыс басшысы атынан сый-сияпат табыс етті.
Кездесуге келген көпшілік “Өзбекәлі және мәдени майдан” еңбегімен қоса, “Отбасы хрестоматиясы” сериясымен әр жылдары жарық көрген “Қуыскеуде”, “Бейсен және болмыс”, “Әлдиден эпосқа дейін”, “Сыр сөз” сияқты көптеген кітаптарын ерекше қызығушылықпен сатып алып, авторға қолтаңба жаздырып, естелік суреттерге түсті.
Іс-шара соңында Өзбекәлі Жәнібековтің тапсырмасы бойынша жазылған Шәмші Қалдаяқовтың “Арқалықтың ақ таңы” әнін көпшілік орындарынан тік тұрып, қосыла шырқады.
Толығырақ газеттің алдағы санынан оқи аласыздар.
Жандос Жүсіпбек