Облыста  оқушылардың 27% – і ғана мемлекеттік тілде білім алады

Облыста оқушылардың 27% – і ғана мемлекеттік тілде білім алады

Бұл туралы  облыстың білім беру қызметкерлерінің кеңейтілген алқа отырысында облыстық білім басқармасының бастығы Айман Ибраева мәлімдеді.

Айтуынша, мұқтаждықты жою үшін өткен оқу жылында  орыс тілінде оқытатын бес білім ошағы  аралас мектепке айналдырылған.

“Сондай-ақ, Қостанайдағы  екі тілде оқытатын №115-ші мектеп қазақ мектептерінің қатарына енді. Бұл жерде жалғыз облыстық білім басқармасының күші жеткіліксіз. Мемлекеттік тіл мәртебесін арттыру үшін аудан, қала әкімдері тиісті жұмыстары атқаруы тиіс,” – деді басқарма басшысы.

Ал Қостанайда биыл мектепке дейінгі мекемелерде тәрбиеленіп жатқан балалардың 28%- і ғана қазақ топтарына барады. Осыған байланысты 2019 жылдан бастап орыс  топтары қазақ тілінде тәрбиелейтін топтарға кезең-кезеңімен көшіріліп жатыр. Бүгінде оның көрсеткіші 54%- ке жеткізілген.  Бұл 241 топтың 130-ы қазақша оқытады деген сөз. 500-ден астам өзге ұлт өкілдерінің балалары да мемлекеттік тілдегі даярлық топтарына барып жүр. Мұндай жұмыстар орта білім беру саласында да жүргізіліп жатыр.

“Биыл  қалада мемлекеттік тілде екі мектеп ашылса, аралас тілде оқытатын мектептің саны үшке көбейді. Жалпы, қаладағы отыз алты мектептің сегізі қазақша, сегізі аралас білім ошағы.  Алдағы уақытта “Қонай” шағын ауданындағы  900 орындық мектеп  қазақша оқытатын нысандардың қатарын толықтыра түспек.  Кейінгі кезде қазақ тілінде білім алатын балалардың саны біртіндеп артып келеді. 2021-22 оқу жылында 1 сыныпқа барған 586 бала қазақша оқуды таңдаса,  биыл оның саны 768- ге жетті. Бұл бағыттағы жұмыс одан әрі жалғаса береді”, – деді қалалық білім басқармасының бастығы.

Мемлекеттік тілде оқытуды қолдау және сапасын арттыру үшін өңірде тиісті жұмыстар қолға алынған. Бүгінде Қостанайда  он үш мектептің бастауыш сыныптарында екі мыңға жуық бала білім алып жүр. Уақыт озған сайын топтар саны мен балаларды қамту артып келеді. Бірақ, ата-аналар тарапынан сұраныс болғанмен, кабинеттердің жетіспеушілігі қолбайлау. Сондықтан, № 9,24,15 және Абай атындағы мектептерде барлық бастауыш сынып үшін ұзартылған күн  тобын ашу мәселе туындап отыр. Толығырақ газетіміздің жұма күнгі санынан оқи аласыздар.

Әлібек ЫБЫРАЙ

Жаңалықтармен бөлісу