Облыс әкімі Құмар Ақсақалов Президентке Қостанай облысының былтырғы әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп берді.
Қостанай облысының басшысы 2023 жылдың қорытындысы бойынша өңірдің негізгі макроэкономикалық өсім көрсеткіштерінде оң динамика байқалатынын баяндады. Атап айтқанда, өңдеу өнеркәсібі 11 пайыз, құрылыс саласы 7 пайыз, негізгі капиталға салынған инвестиция 8,5 пайыз, көлік тасымалы 3 пайыз, тұрғын үйді пайдалануға беру көлемі 5 пайыз өскен.
“Жалпы өңірлік өнімдегі өнеркәсіп саласының үлесі 30 пайыздан асты. Әсіресе, жергілікті машина жасау кәсіпорнында шығарылатын автокөлік модельдерінің қатары көбейіп келеді. «СарыарқаАвтоӨнеркәсіп» ЖШС жылына 30 мың Chevrolet Оnix автокөлігін құрастыру үшін құны 23 миллиард теңге болатын инвестициялық жобаны жүзеге асыра бастады. Нәтижесінде 400 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Сондай-ақ KIA машина жасау зауытының құрылысы басталды. Кореялық автоконцернмен бірлескен бұл жобаға 90 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартылған. Аталған жоба аясында жылына 70 мың көлік шығарылады және 1,5 мың жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр. Бұған қоса, автокөліктің қосалқы бөлшектерін өндіретін локализациялық орталық салу көзделген. Жоба құны – 13 миллиард теңге”, – деді Қ.Ақсақалов.
Қазіргі таңда облыста жалпы сыйымдылығы 1 980 оқушыға арналған үш мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Облыс орталығында «IQostanay» оқушылар сарайы ашылды. Орталықта 1300 баланың жан-жақты дамуына жағдай жасалған. Бұған қоса, 2025 жылға дейін 7500 орындық 9 заманауи мектеп салу жоспарланған. Оның ішінде 8 білім ордасы «Жайлы мектеп» жобасы аясында пайдалануға беріледі.
Құмар Ақсақалов Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қазіргі кезде Ақтөбе облысынан Қостанай қаласына дейін магистральды газ құбырын тарту үшін техникалық-экономикалық негіздеме әзірленіп жатқанын жеткізді. Бұл жоба Қостанай өңірінің елді мекендерін көгілдір отынмен қамтамасыз етіп қана қоймай, ірі инвестициялық жобалардың іске асырылуына қолайлы жағдай жасайды. Газбен қамтамасыз ету көлемін ұлғайту бірнеше жобаны жүзеге асыруға, соның ішінде ыстық күйінде брикеттелген темір шығаратын және болат балқытатын зауыттар салуға мүмкіндік береді. Бұл өңірдің экономикасын жандандырып, жаңа жұмыс орындары ашылады.
❗️Кездесу соңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев облыс әкіміне жылыту маусымын қалыпты режимде өткізу, өңірді газбен қамтамасыз ету жобасын уақытылы жүзеге асыру мәселелерін Үкіметпен бірге айрықша бақылауға алуды, сондай-ақ көктемгі егіс науқанына әзірлікті пысықтауды тапсырды.