Адамдарды арман қанаттандырады, жүрек жылуы біріктіреді, өнер теңестіреді. Жітіқара ауданында мүмкіндігі жандардың қатысуымен жыл сайын өтетін «Жұлдызыңды жақ» шығармашылық фестивалі осының жарқын үлгісіне айналған. Дәстүрлі іс-шара биыл да жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Аудан әкімдігінің Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі бастамасымен, мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыс аясында жоба жітіқаралықтардың асыға күтетін мерекесіне айналған. Ерекше қажеттілігі бар жандардың қайсар болмысы, қабілет-дарыны, шармашылық ізденісі паш етілетін өнер думанына аудан тұрғындары осы жолы да тайлы-тұяғы қалмай келген.
«Бұл – ауданымыздағы ең бір ерекше іс-шара, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қанаты астынан дем беретін шығармашылық кеш. Жарқын жоба осы жандардың ішкі жан әлемін өнер арқылы көрсетуіне, танытуына жол ашады. Қоғамдық ортаға бейімделуіне зор ықпалын тигізеді. Жалпы,ауданда қамкөңіл жандарды қолдауға бағытталған әртүрлі форматтағы мәдени және спорттық іс-шаралардың саны көп. Олардың белсенділігі мен елгезектігі бәрімізді тәнті етеді. Әрдайым қоғамдық маңызы бар іс-шаралардың бірінен қалмай қатысып, өңірдің дамуына өздерінің елеулі үлестерін қосып жүр. Бүгінгі фестиваль соның бір дәлелі», – деді аудан әкімі Нұржан Өтегенов құттықтау сөзінде.
Бұл фестивальде өнердің сан түріне куә бола аласыз. Мәдениет үйінің кіре берісінде қолөнер шығармашылығының бай көрмесіне көзіңіз түседі. Бұл жерден ерекше қажеттілігі бар шынашақтай балдырғандардың да, ересек азаматтардың да бірінен бірі асатын туындыларын табасыз. Ал сахна төріне көтерілген өнерпаздардың көздері жалын атады. «Талпынысым – халқым үшін!» деп жігерленген жас пен жасамыс жыл аралатып оралған фестивальге жауапкершілікпен дайындалып келіпті. Сахнаға алғашқы болып шыққан София Литвинова – осы фестивальмен бірге өскен жас. Көрермен көзіне кішкентайынан іліккен әншінің бүгінде тәжірибесі толыға түскен. «Музыка менің қанатым!» деді қайсар қыз сәлемдесу сөзінде. Ол осыдан соң қазақ тіліндегі «Туған жер» атты әнді әуелетіп шырқап, қалың тыңдарманның қошеметіне бөленіп, фестивальді көтеріңкі көңіл-күймен бастап берді. Бұдан кейін бірі музыкалық аспаптарды құйқылжыта ойнаса, бірі мың бұралып би биледі, көркем сөз оқып көрерменді толқытқандары қаншама, топ болып өнер көрсеткендер де жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленді.
«Бұл іс-шара осымен оныншы жыл қатарынан өткізіліп отыр. Біз осы жоба арқылы мүмкіндігі шектеулі жандардың шығармашылық әлеуетін көрсетуды, қабілеттерін шыңдауды мақсат тұтамыз. Сондай-ақ спортқа бейімі бар жандар да назардан тыс қалып жатқан жоқ. Жалпы, біздің ұйым осы бағыттағы қызмет үшін облыстағы үздік он ҮЕҰ қатарынан көрінді. Республикалық сыйлық та иелендік. Мүгедектігіне қарамастан, өнер, спорт салаларында жоғары нәтиже көрсетіп жүрген жерлестерімізді мақтан тұтамыз», – дейді аудандық Мүгедектер достастығы ұйымының төрағасы Клава Андрианова.
Фестиваль қатысушыларының барлығына алғыс хат пен ақшалай сыйлық табыс етілді. Одан ары іс-шара соңы экскурсияға және ойын-сауық бағдарламасына ұласты. Көрермен де, сахнада жұлдыздай жарқыраған өнерпаздар да мәз-мәйрам болып тарқасты.
Жандос ЖҮСІПБЕК
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков