Соңғы 10 айда ауданның экономикасы айтарлықтай дамыды. Негізгі капиталға түскен инвестиция мөлшері 1,8 есе ұлғайды. Жалпы құны 1 млрд 712 млн теңгенің 100 жұмыс орны құрылып, 7 әлеуметтік жоба жүзеге асырылды. Бұл туралы аудан әкімі Нұржан Өтегенов өңірлік коммуникация алаңаында өткен баспасөз брифингте айтып берді.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында:
«Экономикалық саясатымыздың негізгі мақсаты еш өзгермейді. Оның мәні – сапалық және инклюзивтік тұрғыдан халықтың әл-ауқатын арттыру», – деп жаңа экономикалық бағдарымыздың басты басымдықтарына тоқталған еді.
Онда жеке кәсіпкерлік бастамаларды ынталандыру, бәсекелестікті дамыту және де ұлттық табысты әділ бөлу керек екенін баса айтты. Президенттің берген тапсырмасы аясында Жітіқара ауданында да табысты бастамалар осылайша жүзеге асуда.
Ауданда гранитті тасты өндіру кешені сәуір айында іске қосылған еді. Жобаның жылдық қуаты – 150 мың текше метр. Кенді төсеу қуатын жылына 750 мың тоннаға дейін ұлғайта отырып үшінші ұсақтау желісі де салынды. Осының арқасында қосымша жұмыс орындары ашылды. Кәсіпкерліктің өзге де түрлері айтарлықтай дамып келеді. “Wunderkind” түзету логопедиялық балабақшасы 95 орынға лайықталған. Бұл инвестициялық жобаға 200 млн теңге құйылды. “Мамин тортик” кондитерлік цехы да, “Kino PLUS” кинотеатры да аудан ажарын ашып, көпшіліктің қажетіне жарап тұр.
Жітіқара ауданы өнеркәсіптік-аграрлық аймақ. Бірақ биылғы ауа райының қолайсыздығы жалпы өнім көрсеткішінің төмендеуіне айтарлықтай әсер етсе керек.
–Ауыл шаруашылығында өнімнің жалпы шығарылымы 16 млрд теңгені құрайды. Бұл жылдағы көрсеткіштен 22%-ға төмен. Оған басты себеп – ауа райының қолайсыздығы. Күннің жаңбырлы болуы дәнді дақылдардың да сапасына кері әсерін тигізді. Биыл 242,3 мың гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Орташа өнім көрсеткіші – 7 ц/га құрайды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 18%-ға аз. Аудан фермерлерінде 8 астық кептіру жабдығы бар. Оған қосымша жалпы сомасы 295 млн теңгеге 6 кешен сатып алынды. Бұл аграрларға айтарлықтай көмек, – дейді аудан басшысы.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында бүгінгі күні 40,5 млн теңге сомасына 7 микрокредит берілген. Бұдан басқа 2022-2023 жылдары ауылдық елді мекендерде микрокредит беруге бөлінген облыстық бюджет қаражаты есебінен 79,4 млн теңге сомасына 10 қатысушы қаржыландырылған. Ауыл шаруашылығы саласында 2 жоба пайдалануға беріліп отыр.
Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде мемлекет тарапынан қолдау бар. 8 жоба субсидияланып, 244 млн теңгеге 7 несиеге кепілдік берілген. Халық кәсіпкерліктің қай түрімен болмасын айналысуға дайын. Жылқы өсіріп, дүкен ашамын, жолаушылар тасымалын ұйымдастырамын немесе мал шаруашылығын дамытамын, кәсібіміді кеңейтімін дейтіндер көп. Бұл салаға 8 грант және 6 микрокредит берілген.
–Биыл ауданда ұзындығы 49,4 км инженерлік коммуникациялар желілері салынып, реконструкциялау бойынша 11 жоба іске асырылды. Бөлінген қаражаттың жалпы сомасы 1 млрд 386 млн теңге. Пригородное ауылы мен Кеңсай шағын аудандарында су құбыры жүйесі жөнге келіп, Чайковский ауылына су тартлды. Кезек күткен жұмыстар да бар. Мұның барлығы да ауылды жерді ауыз сумен толық қамтуға мүмкіндік берді, – деді Нұржан Өтегенов.
Аудан бойынша ұзындығы 2,1 км кәріз коллекторларының 2 учаскесі қайта жабдықталуда. Оған кеткен қаражат – 425,9 млн теңге. Оған қосымша облыстық бюджет есебінен 308,3 млн теңге бөлінген. Ауданда жөндеуді қажет етіп тұрған баспаналар да бар. 9 көппәтерлі тұрғын үйдің шатыры жаңарып, күрделі жөндеуге 221,1 млн теңге бөлінді. Жыл соңына дейін әлі де бірнеше тұрғын үй жөнделеді.
–Аудан тұрғындары жол қатынасын қолға алу керектігін үнемі айтатын. Бастамашыл топтың, депутаттық корпустың және жергілікті биліктің жүргізілген жұмысының нәтижесінде «Жітіқара-Астана» бағыты бойынша тікелей теміржол қатынасы орнады. Мұны Қамысты және Денисов аудандарының тұрғындары да пайдалана алады. Екі плацкарт вагон күн сайын жүреді, – деді аудан әкімі.
Мәдениет саласы да айтарлықтай дамып келеді. Жалпы құны 556,7 млн теңге болатын 2 ауыспалы жоба жүзеге асып, оған 344,4 млн теңге бөлінген. Ауыл тұрғындарының бос уақытын ұйымдастыру үшін «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Пригородное, Милютин ауылдық мәдениет үйлеріне күрделі жөндеу жүргізілуде. Аудандық қаражат есебінен шатыр, терезе блоктары, жылыту жүйесі жөнделіп, блокты-модульді қазандық орнатылған. Мектептерді жаңғырту аясында облыстық бюджет есебінен 186,3 млн теңгеге білім беру объектілеріне жөндеу жұмыстары жүргізілген.
Бүгінде ауданның денсаулық сақтау жүйесінде медициналық кадрлардың тапшылығы өзекті болып тұр. Жыл басынан бері аудандық ауруханаға 10 дәрігер мен 18 медицина қызметкері келген. Дегенмен, әлі 27 маман жетпейді.
–Біз келген мамандарға бар жағдайды жасауға тырысамыз. Олар үшін бюджет қаражаты есебінен 9 пәтер сатып алынды. Облыстық қаражат есебінен 4,4 млн теңгеге Милютин ауылында медициналық пункт салуға құжаттар әзірленуде. Жобаның құны сараптама аяқталғаннан кейін белгілі болмақ, – деді аудан әкімі. – Аудан халқының әл-ауқатын және тұрмыс жағдайын жақсарту үшін Мемлекет басшысының алға қойған тапсырмаларын іске асырып, жұмысты жалғастыратын боламыз.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА