Бұл туралы әкімдікте өткен аппарат кеңесінде қаржы бөлімінің басшысы Раиса Айтқожинова баяндап берді. Соңғы тоғыз айда 7,6 млрд теңге түсіп, жоспар асыра орындалғанын айтты. Есепті кезенді игеру әлі жүріп жатыр. Әлеуметтік қамсыздандыру және әлеуметтік көмек бағдарламасына 2,8 млрд теңге бөлінген.
– Бөлінген қаржының 65%-ы игерілді. Қаражат мұқтаж жандар мен мүгедектерге көрсетілетін қызметтер мен тауарларды сатып алуға, азаматтардың жекелеген санаттарына көмек көрсетуге жұмсалуда. Ол жұмыспен қамту бағдарламасы арқылы игеріліп жатыр, – деді бөлім басшысы.
Қаржының дені мемлекеттік мекемелердің ағымдағы жөндеуіне, қала ғимараттарының, тұрғын үйлердің қасбеттерін қалыпқа келтіруге жұмсалуда. Мысалы, ТКШ бөлімінің ғимаратын жөндеуге 36 млн теңге бөлінген. Алайда, жұмыс мерзімінде аяқталмағандықтан, тек 32,4 млн теңге төленген. Жауапсыз жеткізушінің үстінен сотқа талап-арыз жолданған. Ал тұрғын үйлердің қасбеттері мен шатырларын ағымдағы және күрделі жөндеуге бюджеттен 1,4 млрд теңге бөлінген.
– Оның ішінде 23 үйдің қасбеттерін ағымдағы жөндеуге 552 млн теңге бөлінді. “Әуежай” шағын ауданында 1 үйдің қасбетін және 4 тұрғын үйдің балконын шынылау жұмысы аяқталуға жақын. Келер жылы 886 млн теңгеге 7 үйге күрделі жөндеу жүргізіледі және 16 үйге жобалық-құндық құжаттама әзірлеуге және жөндеуге 49 млн теңге қарастырылған, – деді Р.Айтқожинова.
Қаржының көп бөлігі ТКШ бөліміне тиесілі – 36,5 млрд теңге. Бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе мол.
– Алпыс көшені орташа жөндеуге 3,9 млрд теңге бөлінді. Көшелер мен жалпы пайдалану орындарын ағымдағы күтіп ұстау жұмыстарына 4,7 млрд теңгеге шарт жасалды. Кварталішілік аумақтарды ағымдағы жөндеуге 1 млрд теңге бөлініп, 53 аула қамтылды, – деді спикер.
Сералы МЫРЗАБАЙ