Торғай өңірін дамыту облыс басшыларының назарынан тыс қалған емес. Оңтүстік аудандарға қомақты инвестиция тартылып, халықтың әл-ауқатын арттыру үшін түрлі тетік қарастырылып жатыр. Мәселен, облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың бастамасымен Торғай өңіріндегі қолынан іс келетін азаматтарға 20 млн теңгеден 150 млн теңгеге дейін 1%-тік несие берілетін болды.
Бұл қаржы жергілікті жерде шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға үлкен серпін бермек. Бір ғана Жангелдин ауданында жиырмаға тарта кәсіпкер жеңілдетілген несиеден үмітті. Аудан әкімі Шота Оспанов біздің тілшімізге осы және өзге де мәселе төңірегінде кеңірек айтып берді.
–Шота Сәбитбекұлы, кейінгі жылдары ауданда кәсіпкерліктің көкжиегі кеңейе бастағандай. Мемлекеттік бағдарламаларға арқа сүйеген азаматтардың Торғайда шағын және орта кәсіпкерліктің шығырын дөңгелетуге мықтап ден қоюуы осыны аңғартады. Шаруа жайы қалай?
–Облыс әкімі Құмар Іргебайұлы Торғай өңіріне келген сапарында кәсіпкерлермен кездесіп, “Шаруашылықтарды заман талабына сай дамыту үшін қолдан келген көмекті аямаймыз. Тек, жұмыс істеңіздер, елді көркейтіңіздер”,– деген ұсыныс айтқан еді. Жергілікті кәсіпкерлердің бәрі ол кісінің ойын құптады. “Жұмыс істеуге дайынбыз. Егер төмен процентпен несие берілетін болса, құрал- жабдықтар аламыз, мал басын асылдандырамыз, заманауи фермалар саламыз” деп уәделерін берді. Өзіңізге белгілі, аудан мал өсіруге аса қолайлы. Сондықтан, жергілікті шаруақор азаматтар мал бордақылайтын алаңды көбірек салуға ниетті. Біз сүт-тауарлы фермаларын аша алмаймыз. Өйткені, сүт өңдейтін зауыттар шалғай орналасқан. Ыңғайлысы – етті бағыт. Бұл жағынан кәсіпкерлер ірі-ірі жобаларды қолға алмақ. Мұның халыққа көп пайдасы тиер еді. Қосымша жұмыс орындары ашылады. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі шеңберінде ауылдарымыз гүлденеді.
–Мал баққан адамға жем-шөп қоры маңызды. Ана бір жылдары шөп шықпай қалғаны есімізде. Биыл мұндай қорқыныш жоқ па?
–Әрине, о баста қорқыныш болды. Шөп мәселесі қашан да күрделі. Биыл өзі маусым, шілде айларында “әуе айналып жерге түскендей” аптап ыстықтан көз ашпадық. Сол кезде жағдай қалай болар екен деп алаңдағанымыз рас. Шөптің болмаған кезін де көрдік. Мәселен, 2019 жылы көк шыққан жоқ. Оған қарағанда биыл жаман емес. Ыстық та онша әсер етпеді. Ақкөл, Ахмет ауылдары жағында Жыланшық өзеніне су құйғанмен, жан -жағына жайылмайды. Тек Алтыбай бөгетінің маңайына ғана ептеп су барды. Былайғы уақытта халық көбіне шөпті табаннан шабады. Есесіне қардың суы жақсы болды. Естеріңізде болса, көктемде қар жауып, ауа райы аяқ астынан бұзылды ғой. Негізі, соның да көп септігі тиді. Қар да жауды, екі күн бойы жаңбыр да толастаған жоқ. Тіпті, күн күрт суытып, мал ығып кеткен жағдайлар да кездесті. Абырой болғанда Ақтөбе жағынан табылды. Жалпы, малды өсіру бар да, оны қарау бар. “Қарамасаң мал кетеді” деген мәтел осындайда айтылған шығар… Құдайға шүкір, жеріміз кең. Оны мақсатты түрде пайдалансаң, жайылым да, шабындық та бәріне жетеді. Қазір елдімекендердің маңайындағы жер телімдерін шаруаларға қосып беріп жатырмыз. Бұрын кеңес уақытында малдың бәрі кеңшарда болды. Енді жекенің қолындағы малдың саны өсті. Осыдан барып, халық пен жеке шаруа қожалықтары арасында түсінбеушіліктер туындап жатады. Мал саны өскен ағайын жеріміз тарылып бара жатыр деп шағым айтады. Қараңыз енді, отыз жыл бойы мал шаруашылығымен айналысып келе жатқан адамға “басқа жерге ауыс” деп айта алмайсыз. Сондықтан, әркім малды өз жерінде баққаны дұрыс. Сонда шабындыққа да түспейді. Біреудің жеріне де көз алартпайды. Атам қазақ заманында малды да жүйелеп өсірген жоқ па…
–Осы жерде тағы бір мәселе алдан шығады. Жер шалғайлығынан мал өнімдерін өткізу мәселесі қиындық тудырмай ма?
–Бұл мәселе бізде жолға қойылған. Әрине, жердің шалғайлығы бар. Бірақ, басқа мүмкіндік жоққа тән. Кәсіпкерлер мал өнімдерін Қарабалық ауданындағы “Терра” ЖШС-іне апарып тапсырады. Әуелде Арқалықта “Торғай-ет” кәсіпорны ашылғанда Аманкелді, Торғайдан дайындау пунктін салу жоспары болған. Негізі, бізге мал сою пункті керек. Бірақ, оны іске асыру қиын. Бәсекелестік ортаға төтеп бере алмауы мүмкін. Егер қандайда бір кәсіпкер мал сою пунктін салам десе, еш қарсылық жоқ. Бұрын Торғайда ет комбинаты болғанын білесіз. Ол жерге су барып тұр. Әзірге біздің кәсіпкерлер мал соятын алаң салуға ниет білдіріп отыр. Оның пунктке қарағанда талабы жеңілірек. Нақты ден қойған адамның қолынан келеді. Ондай кісілерге мемлекет тарапынан жеңілдетілген несие де, қайтарымсыз грант та беруге болады. Осылайша, өзіміздегі бар дүниені ұқсата білсек, одан ұтылмасымыз хақ. Елге пайдасы тиеді. Бізде тірі малға ветеринарлық “форма 1” деген құжат беріледі, ал сойылған малға “форма 2” берілмейді. Ол үшін мал соятын алаңдар керек. Сол үшін қазір кәсіпкерлерге ұсыныс жасап жатырмыз. Істеймін деген жігіттер жоқ емес.
–Шота Сәбитбекұлы, көптен бері киік мәселесі күн тәртібінен түспей тұр. Әсіресе, егін өсіріп отырған шаруалардың “киіктің кесірінен шығынға батып жатырмыз” деп дабыл қағуы жиіледі. Ақбөкендердің негізгі популяциясына айналған Торғай өңірінде бұл мәселені шешу жолдары нешік?
–Рас, киік мәселесі күрделі тақырыпқа айналды. Үйірімен жүрген жануарлар мынау егін екен демейді, жейтінін жеп, таптап өтеді. Бұл бар қаражатын салып, аз да болса егін өсіріп отырған адамның еңбегі емес пе. Мәселен, Милісайда он мың гектарға егін егіледі. Бидайықта жиырма мың гектарға жуық егінжай бар. Маңайында киік толып жүр. Көптен егін егумен айналысатын шаруалар өз алқаптарын қорғауға тырысады. Бірақ, киік бой берер емес. Қазір Үкімет тарапынан ақбөкендерді аулау қолға алынып жатыр. Осыдан бір нәтиже шығатын шығар деп үміттеніп отырмыз.
–Енді әлеуметтік салаға ойысайықшы. Кешелі бері жол-жөнекей болсын, аудан орталығында болсын, біраз нысанның құрылысын көрдік. Биылға текті іске қосылған нысандар бар ма?
–Әлеуметтік нысандарды қалпына келтіру жұмыстарын тек биылғы жылы ғана қолға алған жоқпыз. Бұл бұрыннан бері үрдіске айналған. Өзіміздің тұрып жатқан жерімізге өзімізден басқа ешкімнің жаны ашымасы белгілі. Шамамыз келгенше жыл сайын бірқатар әлеуметтік нысанды қайта жаңғыртып, елдің игілігіне беріп жатырмыз. Мәселен, биыл қолға алған қомақты шаруамыздың бірі – “Балдырған” балабақшасы сексенінші жылдары салынған. Содан бері күрделі жөндеу көрмеген. Әрине, ол кездің талабы мен қазіргі талап жер мен көктей. Қыстың күні облыс әкімі келгенде, балабақшаны жөндеу қажеттігін айтық. Ол кісі бірден құптап, жобалық-құндық құжатын жедел әзірлеуді тапсырды. Қазір барлық құрылыс-жөндеу жұмысы толық аяқталды. Жуырда пайдалануға береміз. Бұдан бөлек, Торғайда бос тұрған үй көп. Бірақ, бізге көшіп келуші жас мамандар от жақпайтын, суы ішіне кіріп тұрған пәтер беруімізді сұрайды.
Соған сәйкес Қайнекей көшесінің бойындағы, бұрынғы бала-бақшаның ғимаратын қайта жөндеп, он алты пәтерлік үйге лайықтап жатырмыз. Мұны да желтоқсан айында тапсырамыз. Қаратүбек негізгі мектебіне жапсарлас салынған нысанды шағын орталыққа айналдырдық. Көлқамыс ауылындағы Айса Нұрманов мектебін жөндеп бердік. Бұл шағын ғана елдімекен болғанмен, өзге мектептерге қарағанда бала саны жыл сайын өсіп келеді. Кей мектептің шатырын, жылу жүйелерін ауыстырдық. Шеген, Қалам-қарасу ауылдарында медпункт облыстық бюджет есебінен аудандық емхана, Қызбел, Ақшығанақ ауылдарындағы фельдшерлік-акушерлік пункттер талапқа сай жөнделді.
–Бүгінде мемлекеттің алдында тұрған мәселенің бірі – елді мекендерді сапалы ауызсумен қамту. Бұл мәселе Торғайда қаншалықты шешімін тапты?
–Біздің ауданда елді мекендерді сумен қамту мәселесі 90% – тен асады. Биыл Шеген, Сужарған ауылдарына су құбыры тартылып жатыр. Жақында іске қосылады. Бұл ауылдарда су үйді-үйге кіріп тұр. Ал Шилі, Милісай сияқты тұрғындар саны аз ауылдарға су тазарту, тарату пункітін салмақшымыз. Қазір Шилі ауылы бойынша жобалық-құндық құжаты әзірленіп жатыр. Мұндай су тазарту пункті Қарам-қарасуда бар. Милісайда әр үйде құдық бар деуге болады. Бірақ, кезегі келгенде ол ауылға да су тазартатын пункт салып береміз. Бидайықта да жиырма шақты үй түтін түтетіп отыр… Бәрі қаржыға кеп тіреледі.
–Биыл облыс басшысы шаруашылық жетекшілеріне қарапайым еңбек адамдары үшін тұрғын үй салуды тапсырған еді. Сіздерде қозғалыс бар ма?
–Ауданымызда ірі серіктестік көп емес. Дегенмен, шағын шаруа қожалықтарының өзі қол қусырып қарап отырған жоқ. Мәселен, Көлқамыстағы “Сыма” шаруа қожалығының жетекшісі Манат Кәрбозов былтыр төрт үй салып берді. Биыл тағы екі үйдің құрылысын қолға алды. Қалғандары да көштен қалмас деп ойлаймын. Бұдан бөлек, кей ауыл сырттан қоныс аударушыларға үй-жаймен, мал, жем-шөппен көмектесіп отыр. Оның жарқын мысалын Шилі, Милісай ауылдарынан байқауға болады. Жақында Шилі ауылына он балалы отбасы көшіп келді. Олар әрине, мемлекеттік жәрдемақысын алады, ал жергілікті тұрғындар мал мен бір жылдық жем-шөппен қамтамасыз етеді.
–Биыл Жангелдин ауданының құрылғанына 95 жыл толып отыр. Мұның сыртында ақын-жазушылардың мерейтойы тұр. Сұрайын дегенім, тойға әзірлік барысы қалай?
–Оған дайындығымыз жоқ емес. Қазақ о баста қонақ келсе, төсек-орнын қағып сілкетін халықтың ұрпағы емеспіз бе. Біз де тойдың алдында жан-жағымызды бүтіндеп, көшелерімізді қалпына келтіріп, жөндеп-жасқап жатырмыз. Бұл енді жылда істелетін шаруа ғой. Жаңа өзіңіз айтқандай, биыл ауданымыздың құрылғанына 95 жыл толып отыр. Оның сыртында Торғай қаласының 155 жылдығы, Шақшақ Жәнібектің 330 жылдығы, Нұрхан Ахметбековтің туғанына 120 жыл, Қайнекей Жармағамбетовке 105 жыл, Ғафу Қайырбековтің туғанына 95 жылдығы, композитор Болат Хамзиннің туғанына 80 жыл толмақ. Торғай халық театрының ашылғанына 50 жыл болады. Сондықтан аудан орталығында үлкен ғылыми-тәжірибелік конференция өткіземіз. Ретро-айтыс, қазақ күресінен жарыс ұйымдастырамыз. Бұрынғыдай алқа-қотан киіз үй тігіп, ат шаптырудан гөрі өңірден шыққан тұлғаларға, туған жердің тарихына ғылыми көзбен үңілсек, зерделесек, мұның пайдалы тұсы көп.
–Әңгімеңізге рахмет!
Сұқбаттасқан Әлібек ЫБЫРАЙ
Суреттерді түсірген Бейбіт МЕЙРАМҰЛЫ
Жангелдин ауданы