Жер-дүниені телегей-теңіз еткен жаңбыр бірнеше аптадан бері диқан атаулының қолын жіпсіз матап тастаған. Не істемек керек?
Бұған дейін ауыл шаруашылық тауар өндірушілері әлденеше рет дабыл қағып, тіпті құзырлы министрліктен өңірде төтенше жағдай жариялауын сұрады. Дәл бүгіндері егінді қайтсек құтқарып қаламыз деген мәселе күн тәртібінен түспей тұр. Қолда бар мәліметтерге жүгінсек, 4 миллион гектардан астам алқапқа сіңірілген бидайдың тек 20%-і ғана орылған. Егіндік көлкіген су.
Алдағы күндерге жасалған болжамдар көңіл көншітпейді. Жауын-шашын қыркүйек айының соңына дейін жалғаспақ. Бұл аздай, әбден пісіп-жетілген бидай масақтары жерге шашылып, қайта көктей бастады. Шаруалардың өздері мұндай астық мал азығынан өзге ештеңеге жарамайды деп отыр. Яғни, астықтың ылғалдылығы 25% -тен асады. Бұл әдеттегі нормадан екі есе көп. Бидайды екі-үш қайта кептірсеңіз де класы бірнеше есе төмен болады.
Агроөнеркәсіптік кешен кеңесінің төрағасы Александр Бородин жемдік бидайдың өзіндік құны – 80 мың теңге екенін айтады. Ал шаруаларға тығырықтан шығу үшін оның бағасын 100-120 мың теңгеге дейін көтеру қажет. Сарапшы Ресейден бидай тасымалдаудың жолын кесу керектігіне тоқталды, өйткені, әкелуді жабу мәселесіне назар аударды.Өйткені, көрші мемлекеттен әкелінетін бидайда құн жоқ.
– Астық шығымы бізге қарағанда әлдеқайда жоғары болғанымен, оларда да бірқатар проблема бар. Мәселен, Ресей астығының өзіндік құны төмен. Тіпті, жемдік бидайы екі есе арзан. Мұндай бәсекелестікпен біз өнімдерімізді сата алмаймыз. Көршілес елдің астығы біздің нарықты еркін жаулап алады. Сондықтан, шекараны жабудан басқа амал көріп тұрғаным жоқ. Сосын импорттық баж салығын енгізу керек. Сонда ғана біз бағаны теңестіре аламыз, – дейді А.Бородин.
“Азия Алтын-2000” ЖШС директоры Светлана Михайленконың айтуынша, қазір оның шаруашылығында бидайдың ылғалдылығы 22-23%-тен асады. Ал, элеваторлар астықты ылғалдылығы 20% дейін қабылдайды. Кептірілмеген бидай бірнеше күннен кейін бостан-босқа күйіп кетеді.
– Осыған байланысты бізді мынадай сұрақ бар. Ақыры, өнім ештеңеге жарамайды екен, оны жинаудың қажеті бар ма? Бұл төтенше жағдай режиміне негіз бола ма, жоқ па? Не істемек керек? Сіз дизель отыны туралы бұрын хабарлағансыз, ауыл шаруашылығында қабылданған шешімдердің жеделдігі мен олардың орындалуы әрқашан маңызды екенін атап өткім келеді. Қазір жанар-жағар май қажет. Мәселе өте көп. Соның бәрін жедел шешулеріңізді сұраймыз. Келтірілген шығынды өтеу және несиелерді кем дегенде екі жылға ұзарту ережелерін қарастыру қажет, – деді Светлана Михайленко.
Шаруалар бұрын-соңды мұндай алапат жауынның болмағанын айтады. Бұл нағыз табиғи апат. “Мелитопольское”ЖШС басшысы Эдуард Двуреченскийдің айтуынша, оның алқабындағы 100% егін жемге айналған. Масақтың 50%-і қайта тамыр жайған.
– Шындығында, жағдай өте күрделі. Мұндай жағдайды бұрын көрген де, естіген де жоқпын. Элеваторлардың өкілдері астықты қабылдауда ешқандай проблеманың болмайтындығына сендірді. Шындығында, элеватордың бірі азық-түлік корпорациясының астығына толы, екіншілері алдын ала шарт жасасып қойған. Сонда 300 000 гектарға егін салған фермер астығын қайда апарады? Далада жатқан астық текке шіріп кетпей ме? Сондықтан, меніңше жағдайды үнемі назарда ұстамаса болмайды, – дейді Эдуард Двуреченский.
Ауыл шаруашылық мамандары қазіргі ауа-райы жағдайында егін жинау науқаны бір айдан кейін 50% – ке ғана аяқталады деп болжап отыр. Олардың айтуынша, бұл жерде төтенше жағдай жариялаудан өзге жол жоқ. Кәсіпкерлер егер жемдік астықтың бағасы тоннасына шамамен 70-80 мың теңге болса, онда егін жинаудың мәні жоқ дейді. Одан гөрі далада қалдырған оңайырақ.
Шаруаларды банкроттықтан құтқару үшін төтенше жағдай жағдай режимі өте қажет шара. Онсыз банктердің алдындағы несиелерді төлеу мерзімін ұзарту мүмкін емес, Өйткені, төтенше жағдайды енгізу берешекті өтеуді кейінге қалдыру үшін маңызды тетік.
Айтпақшы, еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі климаттық жағдай керісінше. Мәселен, Жамбыл облысының алты ауданындағы құрғақшылық суармалы су көлемінің азаюына алып келді. 300-ден астам диқан миллиардтаған шығынға ұшырады,. Сондықтан, өңірде ТЖ режимі енгізілді.
Әлібек ЫБЫРАЙ