Сыңғырла, соңғы қоңырау!

Бүгін еліміздің барлық мектептерінде соңғы қоңырау соғылды. Алайда, елдегі індет жағдайына байланысты түлектерді шығарып салу салтанаты бұрынғыша көл-көсір өтіп жатқан жоқ. Қазақстанда биыл қатарынан екінші жыл пандемия жағдайында ұйымдастырылуда.
Қостанай мектептерінде де қатаң карантиндік талаптарды сақтай отырып, соңғы қоңырау салтанаты өтті. С.Мәуленов атындағы гимназия тек түлектер мен олардың ата-аналары, ұстаздарына ғана «Сыңғырла, соңғы қоңырау» атты мерекелік ертеңгілігін әзірлепті.
Биыл Сырбай атамыз атындағы гимназияны 38 жасөспірім аяқтағалы отыр. Олардың біреуі «Алтын белгіге» үміткер, үшеуі үздік аттестат иегері. Олардың қатарында облыстан әрі асып, республикалық деңгейдегі білім бәсекелерінде оза шапқандары аз емес. К.Таукебаева, А.Әмірханқызы, Н.Ермағамбетова, А.Карашинова, Ж.Кенжеғали «Елбасы медалінің» иегерлері атанған болса, А.Ахметова, З.Тілеуғалеева, Д.Садуев А.Ахметжанов, Ә.Ақылбек, А.Әділбаева, А.Хусаинов, А.Менкин, Д.Алмасова – қалалық, облыстық, республикалық пән олимпиадалары мен көпсайыстың жеңімпаз-жүлдегерлері. Олардың арасында білім жарыстарында бірнеше мәрте топ жарғандары бар.
Ал гимназиямызда дебаттық қозғалыс өте белсенді қарқын алған. Бұл ұйым Мемлекет басшысы және Білім және ғылым министрлігі тарапынан зор қолдауға ие. Біздің қозғалыс ұйымымыз Ы.Алтынсарин атындағы мамандандырылған мектеп-интернатымен бірлесе ұйымдастырылған дебатта қатарынан бірнеше жыл «Үздік делегат» атанып келеді. Бұл да келешекте түлектеріміздің оқу-біліммен қатар, жан-жақты азамат болып қалыптасуына зор септігін тигізері анық, — деді құттықтау сөз сөйлеген гимназия директоры Бекежан Көшмырзин.
Ата-аналар атынан құттықтау сөз алған ақын, драматург-жазушы, ғалым, қоғам қайраткері Ақылбек Шаяхмет түлектерге алдағы үлкен сыннан сүрінбей өтіп, ұстаздардың сенімін ақтап, қалаған мамандық иегерлері атануын тіледі.
Соңғы қоңырау соғу салтанатты шарасы мың бұралған би, күмбірлеген күй, әсем әнмен өрнектелген концерттік бағдарламаға ұласты.
 
Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ.

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓