Тұңғыш турнир

Қостанайда қазақ күресінен бірінші рет «Ұстаз барысы» турнирі өтті. Жарыс ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және ағартушы Ы.Алтынсариннің 180 жылдығына арналды.
Ғ.Қайырбеков атындағы орта мектеп пен Ы.Алтынсарин музейінің ұйымдастыруымен өткен бәсекеге облыстың әр аймағынан 44 балуан қатысты. Олар екі салмақта (70 келіге дейін және 70 келіден жоғары) бәсекеге түсті.
«Бұл жігіттердің көбі бұрын күрескен, қазір федерация жарыстарына қатыспай жүрген, мұғалімдік қызметтегі азаматтар. Тек дене шынықтыру мұғалімдері ғана емес, информатика, тарих, қазақ тілі мен әдебиет пәндерінің де мұғалімдері болды. Турнирге қолдау көрсеткен мәдениет басқармасына, білім қызметкерлері кәсіподағына және демеуші болған жолдас-жораларымызға шынайы алғысымызды білдіреміз», — деді жарыстың ұйымдастырушысы Арғын Жүкебаев.
Тартысты белдесулердің қорытындысында 70 келіге дейін салмақта арқалықтық Нұрқадыр Әбдіқадыр жеңімпаз атанды. Ол финалда Ы.Алтынсарин атындағы мамандандырылған мектеп-интернатының мұғалімі Нұрбол Әбдіғалиевті жеңді.
«Мен де ұлы ағартушы атындағы гимназияда дене шынықтыру пәнінің мұғалімімін. 2016 жылы республикалық «Жайдарман барысы» турнирінде топ жардым. Содан бері жұмыс барысымен жүріп, үлкен сайыстарда бақ сынаған жоқпын», — дейді Н.Әбдіқадыр.
«Түйе палуан» бәсекесінде Қостанайдағы №27 орта мектептің мұғалімі Жасұлан Нұрымбеттің бағы жанды.   
Турнирдің жалпы жүлде қоры – 360 мың теңге. Жеңімпаздарға «Жайлау» демалыс орнына 10 күндік жолдама берілсе, жүлдегерлерге ақшалай сыйлықтар табысталды. Сондай-ақ барлық қатысушыларға облыстық білім басқармасы басшысының қолы қойылған сертификаттар берілді.
Ұйымдастырушылар жарысты дәстүрге айналдыруды жоспарлап отыр.
 
Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓