«Редактор Б.Х. Жангисин»

жангисинҚайсар ӘЛІМ,
"Егемен Қазақстан".
Осынау көзге де, көңілге де жылы ұшырайтын лауазымды-тегін ол 18 жыл бойы "Коммунизм таңы" (қазіргі "Қостанай таңы") газетінің соңғы бетінде жариялап келіпті. Бұған Бақытжан Хұсайынұлының осы газеттегі әдеби қызметкерден редакторлыққа дейінгі 13 жылдық еңбек жолын қоссақ, жалпы өтілі 31 жылға созылған оның мағыналы шығармашылық еңбегінің қымбат та сүйінішті қайтарымы ретінде редакция қабырғасына ескерткіш тақта орнатып үлгілеген ұжымы биыл абзал азаматтың 90 жасқа толғанын атап өтер еді-ау! Әттең! Жазмыштан озмыш жоқ… Оны сарғайта сағынтқан он бес жыл да жылыстап үлгеріпті!..
– Төменде редактордың көлігі тоқтады! – деп партия тұрмысы бөлімінің меңгерушісі Бексұлтан Бекентаев дәліз терезесіне үңілген күйінен бетін кілт бұрып алып, өз кабинетіне жеңіл үйіріле беттеді. Манадан бері қалам қажаған сүйелді саусақтарын сырт-сырт еткізіп, бұрай түсіп, бой жазыңқырап тұрған жасы бар, жасамысы бар журналистер "Сәтті қалам", "Күлді бадам…" тақтасының алдында әлгі әзірде ілінген сәтті, сәтсіз шыққан мақалаларын сүзгілеп қарап, бірі марқайып, бірі көңілі торланып тұр еді. Әлгі хабарды естісімен бәрі дәлізден лезде жым-жылас болды.
Сәлден соң жан баласы жоқ ұзын дәліздің бойымен редактор Бақытжан Жангисин нық адымдап келе жатты… Еңселі бойын тік ұстаған оның қалың қабағы кең, жадырай ашылып, жүзі шаттық лебімен ажарланған. Обкомның бюросынан оралған беті. Облыстық "Коммунизм таңы" газетінің орақ науқанын идеоло- гиялық жағынан қамтамасыз ету жайы қаралған-тын. Нәті, жұмысы жақсы аталған сыңайлы, масаттануын әсте сездірмейтін байсалды басшы, бұл жолы да барлық шаттанысын ішіне бүгіп, жұмбақ күйін сақтағандай. Әне бір тұстан шелегі мен шүберегін қарына ілген еден жуушы әйел шыға келіп еді, онымен басын изеп, күлімдеп амандасып, өз кабинетіне кілт бұрылғанда, дәл алдынан кезіккен қарт журналистің ықыласпен қолын алып: "Жарайсыз, бюрода жақсы аталдыңыз", – деп ризашылықпен мейірленіп қалды.
Лездемеге шапшаң шақыртты. Бюроның газет жұмысын жақсы бағалағанын, соған орай егін орағын үйлестіріп отырған ауыл шаруашылығы бөліміндегілерге рахметін айтып, қойылған талаптарды жіктеп берді. Қысқа да нұсқа айтты. Сырқаттанып    қалған бөлім меңгерушісі Сәлім Меңдібаевтың хал-жайын жаңа телефонмен сұрап білгенін, оның сериялық мақалаларының бюрода үлгі ретінде аталғанымен қуантып, тезірек қатарға қосылуына тілектестік білдіргенін де сөз арасына сыналап қойды.
– Айдың соңғы жартысында Сәлімнің қаламақысы жоқ екен, нөмірге АПН-нің (Баспасөз жаңалықтар агенттігі) бір материалын соның атынан аударып салыңдаршы… Сырқат жанға демеу болсын, – деп секретариат жігіттеріне тікелей тапсырма берді.
Олар мақұлдап, бас изеді.
Редактор байсалды, ақылды жанарын алдындағыларға тіктеп қадап, қою қастарын аракідік сөз ырғағымен жоғары-төмен құбылтып қойып, жұмсақ та мейірімді үнмен сөйлеп отыр. Бүгінгі мадақтың – ертеңге үлкен сабақ боларын, орақ мәселелерін сапалы жазуда әлі де тың ізденістер қажеттігін, әсіресе, комбитрейлерлік тәсілдің насихатталуы сын көтермейтінін, осының бір "әттеген-айы" – кабинетшілдіктің салдарынан екенін, сол үшін де журналистердің жиі-жиі іссапарға шығуы керектігін талап ете сөйледі.
– Әр тақырыптың байыбына терең бойлап жазайық. Комбайншы үлгі алатындай, агроном өз шешімін түзететіндей, кеңшар директоры кадрларын іріктеуде осал жағын ойланатындай пайдалы әрі ұғынықты, шындыққа суарылған, кәсіптік деңгейі жоғары, білікті мақалалар жазылғаны жөн. Әр мақала, тіпті, қандай жанрда жазылса да, кез келген іске сынық сүйем жәрдемі мен көмегі, септігі тиіп жатқанда ғана, газет абыройы асқақтайды ғой… Сосын, "диктовканы" мейлінше қысқартайық, нағыз сапалы дүние қаламсаппен жазылғаннан шығатынын ескерейікші…
Жағалай мадақтың, жалпақшешейліктің, бірыңғай жақсы атты боп көрінудің зардабын екшей отырып, редактор: "Әрине, бұл – жеңіл жол! Осы сарынмен кетсек, қоғамдағы кемшіліктермен кім күреседі?! Журналист сөзінің өзі – күнде жазатын, күнделікті өткір мәселелерді барынша қаузап, қалам тербейді деген түсінік бермей ме? Французша ұғымы солай екенін өздеріңіз білесіздер… Ендеше, сын, әділ сын көп болсын, фельетон неге сирексіп кетті, "Халықтық бақылау" беті неліктен "жұмсарып" шығып жүр?! Ойланайықшы…" – дегенде, отырғандар ықыластана қостап, бұл талаптарды жұмыстарына темірқазық етіп алатындарын сездіргендей болып еді.
Ол маңызды талап қояр алдындағы әдетінше сыпайы, сәл маңғаздау кейпіне еніп, сөзімен енді үйіріп алғалы отырғанда, төтеннен бірінші орынбасары килікті.
– Күзгі орақ – күзгі тираж жинайтын кезіміз ғой! – деп Сырлыбай Бүркітбаев бір жөткірініп, қарлығыңқы дауысымен әлдене сырды күлімдей түсіп сездіргендей болды.
– Түсінем! – деді редактор қою қара шашын жеңіл сипап, өңіне жылылық жүгірткен бойы. – Аудан басшыларының сынды жаратпайтыны бесенеден белгілі… Сондай себеппен тиражға қырын қараса, онда оның кім болғаны? Коммунистік ар-ожданы ше? Сынайық! Тек, әділдікпен! Былтыр Таран ауданын жиі сынап-ақ біраз тираж жинадық қой! Түсінген басшы – сыннан түңілмейді, керісінше, оңы-солын ақылмен түгендеп, табысқа кенеледі.
– Құрдастық әзіл еді ғой… – деп құтылды Сырлыбай.
– Сен құрдассың, мына өрімдей жас журналистер маған кім болады? – деп сыпайы күлді редактор. – Біздің әзіліміз осыларға жөн сілтей алар ма екен? Қане, не дейсіңдер, әріптестерім?
Алғашында ешкім тіс жармай бұйығыланып қалып еді, іле ішінен өжеттеу біреуі:
– Сынға өкпелеген басшыны да сынап састырып қою керек! – деді орнынан атып тұрып. – Тиражды басшыға бағынышты етпей, газетімізді сапамен салмақ-тандырсақ, таралым ешқайда қашпайтын шығар… иә, сөйтей-ікші…
Бақытжан редактор "міне, осы сөз бүгінгі лездеменің сәтті түйіні" дегендей, қарасұрлау өңін жылыта жымиып, орнынан көңілді көтеріле берген еді.
Арада біраз жылдар сырғыды. Соңғы кезде редакция іші қоңырқай тартқандай. "Редактордың үстінен домалақ арыз жазылыпты!" – деп дүрлігіскен ұжым мүшелері ашық күнде найзағай түскендей боп, бұл ретсіз шудың мәнісіне бойлай алмай әлек. Тіпті, миға кірмейтін шалдуарлы іс сияқты. Шығармашылықтың тініне шектен тыс ши жүгірткен жоғары-төменді тексерулер әбден титықтап біткендей. Солардың қандайына болса да ұжым мүшелері: "Редакторымыз ақ-адал адам, білікті басшы! Ол кісіні бізден ешкім жұлып әкете алмайды! Жай бір көреалмаушылықпен бүйір-ден піскілеген, аты-жөні белгісіз арызшыны тауып, өзін жазалау керек!" – деп айбарлы бекініске белсеніп көшкен еді.
– Қара да тұр… Осы арызға обкомның өзі себепкер деген сыбыс бар!.. – Өрекпіген тілші жігіт жан-жағына жалт қарап, тілін тістеп ала қойды… Шамырқанып, шыдамай кеткені де…
Былайғылар оның осы қынжылысын көзбен ғана ұғынысып, "кімге болса да редактордың әділдігін дәлелдеп бағамыз!" – дегендей, бірбеткейлік уәжін үнсіз тосып жатыр…
"Үстінен арыз түсетін басшы ма еді?!" – деп күрсініске толы күндер өткізіп, шындыққа көз жеткізген ұжым күшімен расында да осы келеңсіз жайт саябырсыған еді… Обком өзі тоқтатуға мәжбүр бол-ғандай… Бірақ обком өзі "бастаған" ісінің ыңғайын әманда "сәтті" тиянақтай алатын еді ғой. Араға әжептәуір уақыт салып редакторға "өз өтінішімен…" арыз жазғызды.
Бұл шешім редактормен қоса ұжымға да қатты батты. Ісіне шебер, жазғыштығы басым, әр шаруаны ақылмен орайластырып, ешкімді алаламай, бәріне әкедей қамқор боп жүретін мейірімді жүрек иесін қимайды-ау, қимайды. Ең шетін мәселе – қаржылық жағынан да еш селкеулік жасалмаған. Тағылған долбар айыптардың бәрі күңгірт, негізсіз еді. Кейін белгілі болғандай, зейнет жасын алқымдап қалған редактордың орынтағы обкомдағы бір пысықайға керек болған ғой…
Құрылыстағы баласы қапыда мерт болып, қабырғасы қайысып жүрген Бақытжанға бұл тосыннан жасалған қиянат соққысы еді… Аяусыз тиіп, жанын жаралады… Отан соғысының ардагері (Курск иініндегі алапат шайқасқа қатысып, Белгород, Харьковты азат еткен, 73 гвардиялық Сталинград атқыштар дивизиясы пулетмет-шілер взводының командирі болған ол кеудесіне ІІ дәрежелі Отан соғысы орденін қадаған), Тың өлкесі құрылғанда жабылып қалып қайта ашылған қазақ газетінің редакторы болып табысты еңбек еткен қарымды қаламгер "Халықтар Достығы", 2 рет "Құрмет Белгісі" ордендерімен, бірнеше медальдармен марапатталған болатын. Ол – ҚазКСР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері.
Газет ол басқарған жылдары бірнеше рет Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің жүлдегері болды, "Еңбек Қызыл Ту" орденін иеленді. Шығармашылық ұжымның озат тәжірибесі республикалық мерзімді баспасөздерде кеңінен, жүйелі насихатталып тұрды.
Ұжымға жайлы болды. Қолынан келгенше қамқорлығын үзбеді. Өз мүддесін өзгенікінен асырмапты. Әлі есінде, екі жас журналиске қалалық атқару комитетіне өтініш жазып, келешегін қамдап екі бөлмеден пәтер ыңғайлатып қойса, ордер аларда әлгі аңқаулар "біздің әйелімізден    басқа әзірге бірге тұратын ешкіміміз жоқ, мына үлкен үй шынымен біздікі ме?" деп азар да безер болғанын естігенде, тұтас ұжым боп күліскен. Тіпті, марапат шаралары ойластырылғанда, өзіне тиесіліні де басқаға қиып жаздыратынына таңғалысатын маңайы. Басына төтеннен осындай "қиындық" түскенде, ұжымы шамырқанып әлі де өзін ақтап алмақ ізденісін жалғастырмаққа бекінгенде сабырға шақырып, әрең тоқтатқан.
"Шүкір, бәріне!" – деп Бәкең қағаздарын жиыстырып, кабинетінен соңғы рет шыққалы отыр. Баяғыда осы газет ізашарының бастауында көрнекті тұлғалар М.Сералин мен Б.Майлин тұрғанын ойлап, соларға лайықтылар легі тыйылмаса екен деп тіледі. Әрине, өзінің де үміт еткен шәкірттері бар, соларға сенеді. Өз ісін лайықты жалғастыратынын біледі. Бірақ бір білмейтіні бар екен… "Кемпірім Күлпанның "қолғанаты" болып отырармын енді", –  дегені анық орындалғанымен, өзі өмірден өткен соң, қызы Майраның Алматыға ала кетіп бағып-қаққан шешесін (Күлпан – тігінші, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің екі мәрте сайланған депутаты) демі таусылғанда қайыра әкеп, әкесінің жанына мәңгілікке жай-ғастыратынын қайдан сезсін?!.
Бақытжан Хұсайынұлы кабинеттен соңғы рет өршіл күймен шыққысы келді, бірақ бойын сәл-пәл көңілсіздік билеп, ұнжырғасы түсіңкіреп кетті… Лезде тіктелді: "Сенім артқан шәкірттерім түбі, орнымды басар, әлі!.." Басуын басқандар болды – С.Молдахметов, Б.Нұрмұхамедов, Ғ.Ахметчин. Бәрі де ұлағатты ұстаздарына ұқсап, газетке жақсы басшылық жасады. Жасыратыны жоқ, кездейсоқ келгендері де кездесті…
…Барлық іске сол кездегі үрдіспен "обком ғана емес", тек халық төреші екені әрдайым шынайылықпен дәлелденіп келе жатқандай! Соның жарқын айғағы – редактор Бақытжан Жангисиннің мінсіз шығармашылық әрі басшылық еңбегі десек, жүрек шіркін, елжіреп кетеді екен!
Қостанай.
Суретте: Б.Жангисин.
("Егемен Қазақстан" газеті. 9.10.2014 ж.).
 
 

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓