Тобыл төрінде – әзіл-сықақ думаны

Бүгін Тобыл қаласында "Алтын дән" мәдениет үйінде сұңғыла сатирик, қазынакеуде қаламгер, этнограф-ғалым Сейіт Кенжеахметов атындағы "Мірдің оғы" республикалық әзіл-сықақ театрларының фестивалі басталды. Өнер думаны Қазақстанның әр өңірі және облыстың аудан-қалаларындағы сахна шеберлерінің басын қосты. Бұл әзіл-қалжың мерекесі облыста екінші рет өтіп отыр. Тұсауы 2019 жылы Арқалық қаласында кесілген еді. Ол кезде сынға түскен ұжымдардың көбі өзіміздің өңірден болды. Биыл фестивальдің географиясы кеңейіп, қатысушылар саны артқан. Атап айтқанда, осы жолы өнер додасына Алматы, Жамбыл, БҚО, Ақтөбе, Маңғыстау және Қостанай облыстарынан ұзын-ырғасы 10 театр қатысып отыр.
— Біз бұл фестиваль арқылы Сейіт ағайдың сатиралық мұрасының насихатталуына жауапты болуға тиістіміз. Сондай-ақ, осы жоба арқылы сатира театрларының қызметін қолдауға, олардың бас қосып, өзара тәжірибе алмасуына, жалпы өнерпаздарға қолдау көрсетуге себепкер болатынымызға, фестиваль осы үміт үдесінен шығарына сеніміміз зор. Әрине, қазіргі эпидемиологиялық жағдайға байланысты көрермен саны жағынан шектеу бар. Дегенмен, шын шеберлерге бұл да кедергі болмас деген үміттеміз. Барлық ұжымға сәттілік тілейміз", — деді фестивальдің ашылу рәсімінде облыстық Мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов.
Фестиваль екі күнге ұласады. Қатысушыларға бүгін берілген тапсырма – Сейіт ағамыздың сатирасын сахналау, сын садағынан серпілген сықақтарын нақышына келтіре орындау. Ал фестивальдің екінші күні әр театр өздерінің шеберліктерін еркін тақырыпта танытуы тиіс. Бүгінше қай ұжым да барын салып бақты. Елге танымал "Бәке, Сәке", "Екі езу" театрларының тәжірибесі айрықша аңғарылғандай. Арқалық жасөспірімдер театрының, маңғыстаулық "Бостан" ұжымының әртістері де олқы өнер көрсеткен жоқ. Жамбыл облысынан келген қос театр, БҚО-ның "Қожасы" Сейіттің жерлестерін тәнті етуге тырысты. Амагелді мен Жангелдин ауданының әртістері, сондай-ақ Қостанай қаласынан жалғыз өзі қатысқан Арғын Жүкебаев та көрермен көңілінен шығуға бар қабілетін салды. "Тілінің қотыры бар" дарынды әзілкештер автор шығармасының желісінен айнымай отырып, бүгінгінің бүлкілді мәселелерін орайлы жымдастырып, кейбір тұстарда ұтқырлық, тапқырлықтарын аңғарта білді.
Әртістер өнеріне фестивальдің құрметті қонақтары – танымал сатирик, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Көпен Әмірбек және Сейіт ағайдың қызы Зәмзәгүл Кенжеахметова, сондай-ақ ақын, сатирик Абылай Мауданов қазылық жасап жатыр. Төрешілер жеңімпаз бен жүлдегерлерді ертең, екінші сынақтан кейін анықтайды.
Айта кетейік, фестивальді ұйымдастырған – Қостанай облысы әкімдігінің Мәдениет басқармасы. Өнер думанын өңірге белгілі өнерпаздар – Жанұзақ Айсағалиев пен Мұрат Нағашыбай жүргізуде. Әзілкештер бәсекесі ертең сағат 10.00-де жалғасады.
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓