Ұлағатты ұстаз мерейі

Ел экономикасын дамытуға, болашақ ұрпаққа саналы тәлім-тәрбие беруде сүбелі үлес қосқан құрметті ардагер ұстаздардың елеулі еңбектері қашан да құрметке лайық. Сондай аяулы жанның бірі – Қостанай қаласының тұрғыны Мәрия Байжанова.
Кейіпкеріміз Мәрия Ахметбекқызы 1936 жылдың 20 сәуірінде дүниеге келген. Алдында асқар таудай ағалары Әнуарбек, Ысмағұл, Ысқақ, соңынан сіңлісі Зағипа ерді. Мәрия апа туған анасы ерте қайтыс болып, екінші Қатия шешесінің тәрбиесінде өсті. Қара шаңырақ Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектебін аяқтаған түлек ұстаз болуды армандайды. Арман қуған бойжеткен Алматы облысындағы педучилищеге түсіп, оны ойдағыдай аяқтап, туған ауданына келеді. Жас маман алғашқы еңбек жолын Сұлукөл орта мектебінде бастауыш сыныптарға сабақ беруден бастайды. Әрине, ұстаздық жолын жаңа бастаған маманға мектеп табалдырығын аттаған бір-бір үйдің еркесін оқу-жазуға үйрету оңайға соқпағаны анық. Дегенмен, бала жанын түсіне білген Мәрияның көңілі жас, ашық-жарқын, шәкірттерімен бірге ойнап, бірге күліп, тіл табысып, екінші анасындай болады. Өзі де білімін жетілдіріп отырды. Әркез ұлағатты ұстаздардың ақыл-кеңесіне құлақ асты. Екі жылдан кейін өзі бітірген туған мектебіне ауысып, 4-8 сыныптарға математика пәнінен дәріс берді.
Мәрия апаның өмірлік жары Жұмабай ағамен таныстығына тоқталар болсақ, екі жастың табысуына жас ұстаздар Қаратай мен Күләш Сәрсенбаевтар себепкер болған. Жоғары оқу орнын бітірген ерлі-зайыптылар жолдамамен ауданға жұмысқа келіп, Ахметбек атаның үйінде пәтерде тұрады. Осылайша, жүректері тоғысқан екі ғашық 1960 жылы 7 қарашада шаңырақ көтереді. Басшылық жас жұбайларды Мәскелеу ауылы орта мектебіне жұмысқа жібереді. Жұмабай Кәрімұлы бастапқыда мұғалім, содан кейін сол мектепті басқарады. Іскер де білікті маман басшылықтың көзіне түсіп аудандық білім бөлімінің меңгерушілігіне тағайындалады. Бұдан кейін де Ж.Байжановтың қызметтік лауазымдары өсіп, абыроймен атқарып, ауданның өсіпөркендеуіне бір кісідей атсалысқанын атап өткен жөн.
Ұлағатты ұстаз М.Байжанова шәкірттерін білім нәрімен сусындатып қана қоймай, мектептің қоғамдық өміріне де белсене араласты. Жасынан өнерге жақын болып өскен жан үйіндегі кішкентай ұлдарын жетелей жүріп, мұғалімдермен бірге ауылдарға шығып сахнада ән де салды. Әрі он саусағынан өнер тамған шебер, шәкірттерін қолөнерге баулыды. Еңбегі еленіп, әртүрлі деңгейдегі Алғыс хаттармен және грамоталармен марапатталды. Қара шаңырақта зейнеткерлікке шыққанша қырық жылдай ұстаздық етті.
Отбасына келетін болсақ, Байжановтардың тұла бойы тұңғыштары Раушан Мәскелеуде, қалған ұлқыздары Серік, Марат, Рақила, Болат Семиозерда өмірге келді. Жұмабай Кәрімұлының Гүлбану анасын Мәрия апам алақанына салып аялап бағып-қағып, көңілінен шығып, үлкен кісінің батасын да алды. Ұл-қыздарына, қайын сіңлісі марқұм Рақиланың ұлы Жұмашқа тәлім-тәрбие беруге, қонақ күтуге, бәріне-бәріне уақыт таба білді. Қайын сіңлісі Рахима әркез қасында. Жаратылысынан жүрегі кең жан туған-туыстың балаларын өзінің туған баласындай көрді. Жұмаш ержетіп, жоғары білім алып, қазір Сарыкөл ауданында мал дәрігері. Рулас туысы Бақытжан Каршаловтың қыздарын ұзатты. Аузын ашса жүрегі көрінетін жан, ең алдымен, инабатты келін, жақсы жар, сүйікті ана, ағайын-туысқа бауырмал. Достыққа да берік, құрбылары ұстаздар марқұм Халида Шортанбаева, Күләш Аяғановалармен өмірбойы бірге жасасып келеді, замандастарымен және құда-құдағиларымен де сыйластықта.
Әке-шешесінің бір-біріне деген сыйластығын көріп өскен бұл әулеттің балалары да тату, бауырмал. Ата-ана тәрбие басы әдептілік деп біліп, әуелі балаларына өздерін сыйлап-құрметтеуді, әсіресе, үлкендерге сыпайылық танытуды үйретті. Ұл ұяға, қыз қияға қонды. Үлкені Раушан Павлодар қаласында «КазПрофметалл» өнеркәсіптік тау-кен металлургия кәсіподағы төрағасының орынбасары, облыстық мәслихаттың депутаты, іскер әйелдер қауымдастығының мүшесі. Серік грек-рим күресі бойынша облысқа, республикаға танымал аға жаттықтырушы, Марат кәсіпкер, Рақила әскери зейнеткер, майор. Болат полковник, ІІМ зейнеткері.
Қазақтың «өркенің жайылсын» деген дана сөзі немере-шөбере ғой. «Шөберенің қолынан су ішкен жұмаққа барады» дейді халық даналығы. Мейірбанды ата мен әже бес баласынан өрбіген Азамат, Кәрім, Алмат, Самат, Дархан, Гүлбану, Гаухар, Дарина, Әсия атты немере сүйді. Бүгінде Алдияр, Аида, Абай, Амели, Ясмин, Эмир, Айбар, Дармен атты сүп-сүйкімді шөберелердің қолынан су ішіп, мәз-мейрам.
Ерлі-зайыпты Мәрия апа мен Жұмабай аға Байжановтар қос аққудай жараса, жарасымды өмір сүріп, жұптары жазылмастан алпыс жылдан астам баянды өмір сүріп, гауһар тойға да жетіп отыр.
Ардақты ұстаз, асыл жар, аяулы ана, мейірімді әже Мәрия Ахметбекқызы 20 сәуірде мерейлі 85 жасқа толмақшы. Мерейтой иесіне Алла Тағала қуат беріп, тамырын тереңге жайған мәуелі бәйтеректей бала, немере-шөберелердің қызығына кенеліп, шаңырағында тек шаттықтың шашуы шашылсын деген тілегімізді білдіреміз.
Жұмакүл СЫЗДЫҚОВА,
Суретте: ардагер ұстаз Байжанова Мәрия Ахметбекқызы.

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓