Наурызды үйге кіргізіп, төрге шығарайық!

Наурыз десе, қазақы қаны бар адамның түйсік жүйкесінде бір толқу болары анық  Мына күнделікті еңсе басқан күйбеңнен, кірленген көңілден бір сілкініп, бір тазарып алғысы келеді. Біздің арқада қар қалың, күннің қабағы қатулы болса да, ел-жұрт бір жылылықты, бір аяқ-қолы бусанар сәттерді тілейді.
Әсіресе, санадағы сансыз сұрақты ұмытып, дүниелік құлдықтан бір сәт болса да еркін тыныстағысы келеді. Иә, дүниелік құлдықтан, ниеттік құлдықтан құтылуды аңсайды.
Осы бірақ біз қазір қит етсек "құлдық мінез", "құлдық психология" деп қандастарымызды тұқыртып келеміз. Осы құлдық кесепаттық бәрін бодандықтан көреміз. Күмәнім бар.
Құл мен күң – ХІХ ғасырдың ортасына дейін қазақ қоғамында жиі кездесетін әлеуметтік топ болған. Ірі байлар мен бектер, хандар мен сұлтандар қалың мал және жасауға қосып құл немесе күң берген. Құлдар мен күңдер жасаумен бірге қыздың меншігі болып есептелген. Олар сол қызға қызмет ететін. Сондай-ақ ат жарысында құлдарды бәйгеге тіккен. Иелері құлдарды жазалай да, өлтіре де алатын. Бұл үшін иелері ешқандай жауапқа тартылмайды. Сонымен бірге, өлген адам үшін құн төлегенде айыпты адам малмен бірге құлды немесе күңді қоса берген.
Сәбит Мұқановтың "Сұлушаш" поэмасында Тілеуберді бай мың жылқыны матап беріп, Алтынай деген сұлуды алады:
"Тоқсан нарға жүк артып, безеп, жасап,
Алтынайға әкесі, құл, күң берді.
Шұнақ деген жігіт пен Тезек атты,
Бір жас қыз, құл, күңдермен ере келді", – деп жырлайды. Сонда Алтынайдан туған Сұлушашқа құлдан туған Алтай деген жігіт ғашық болып, бай құл баласына қызын бермейді. Драма осыдан туады.
Ал енді, егер құл болмаса қазақ есімдеріне құл жалғауы қайдан келген? Айталық: Сейітқұл, Керімқұл, Мырзақұл, Жаманқұл, Әзімқұл, Иманқұл, Есенқұл т.с.с.
"Бек қайда барса, құлы сонда", "Құлды құл десең өлгісі келер, биді құл десең, күлкісі келер", "Байға құл болғанша, байғұсқа  ұл бол" , "Құл жиылып бас болмас, құм жиылып тас болмас", "Берейін деген құлына аннан-мұннан құралар, бермейін деген құлының жалғыз атын ұры алар" секілді мақал-мәтелдер жеткілікті. Тереңдей берсеңіз, қазақ құлдығының небір қоясын ашуға болады. Біздің тарихшы-ғалымдарымыз дәстүрлі қазақта құлдар болғанымен, қоғам құл иеленушілік формацияға айналған жоқ деп тұжырымдайды. Бірақ, құлдық қылық, құлдық былық, құлдық мінез қазақтың қанында жоқ дей алмаймыз-ау. Әйтсе де, мына Наурызда дүниеауи, рухани құлдықты бір сәт ұмытайық.
Наурыз дегенде, пандемия қалың жұртты үйкүшікке айналдырғаны. Осы кезде бір жақсылықтың нышанын аңғартып тұр. Мойындайық та, отыз жыл бойы сырттағы-сахнадағы Наурыз мейрамын үйге кіргізе алмадық. Енді қарайлайтын не бар, үйімізде сілкінейік, ескі-құсқыдан арылайық, тазарайық, жаңалайық! Құрт көжеңді, бауырсағыңды, айран-қаймағыңды, несін айтасыз, дәм үйіретін дастарханның сәнін келтірейік! Ән-күйің төгіліп тұрсын! Ақ пейілден шуақ шашылсын!
Жаппай Наурызды үйге кіргізіп, төрге шығарайық!
 
Жанұзақ Аязбеков,
"Қостанай таңы" газетінің бас редакторы

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓