Батырлан САҒЫНТАЕВ: «Асыл мұра насихатсыз қалмауы тиіс»

Облыс мәдениетінің қазыналы қоры тағы бір жауһармен толықты. Қалың оқырманға жол тартқан "Тобыл-Торғай әуені" атты кітап – өңірдің ән-күй тарихын әріден ақтарып, көмескі тарта бастаған мұраларды жаңғыртқан құнды еңбек. Осынау жинақты құрастыруға еңбегі сіңген зерделі зерттеуші, Арқалық қаласындағы "Дала өлкесі тарихы" мұражайының ғылыми қызметкері Батырлан Сағынтаевты аз-кем әңгімеге тарттық.   —  Батырлан, ең әуелі жинақтың жарық көруімен құттықтаймыз. Негізі, өлкенің дәстүрлі музыкасын зерттеуге не түрткі болды? Материал жинау процесі қалай жүрді және қанша уақыт жұмсалды? Ел жадынан ұмыт бола бастаған мұраларды жаңғыртуда қандай кісілердің көмегі тиді?
— «Тобыл-Торғай әуені» – 2020 жылдағы атқарған бір жылдық жұмысымыздың нәтижесі. Әрине, былтыр етек алған  індетке байланысты жұмысымыздың азды-көпті мерзімге үзіліп, қолымыз байланып қалған уақыттар болды. 2020 жылдың ақпан айында басталып, материалдарды жинақтап, сұрыптап, оны нотаға түсіріп, баспаға тапсыруға біршама уақыт кетті. Бірақ, осы өңірдің дәстүрлі ән-күй мұрасын жаңғыртып, насихаттауға қатысты ойлар 2019 жылы келген болатын. 2019 жылдың қазан айында Қостанайда «Арқада Наушабайдың Нұржаны өткен» атты дәстүрлі ән байқауы өткізілген еді. Бұл біздің облыста өткен бірінші республикалық дәстүрлі әншілер байқауы болды. Сол байқауда өңіріміздегі дәстүрлі ән өнерінің төңірегіндегі мәселердің көпшілігі көзге көрініп-ақ қалды. Өзіміз туған топырақтың өнерпазы болғанымен, облыс көлеміндегі кейінгі буын әншілеріміздің Нұржан әндерін толық меңгермеуі, Нұржан мұрасының еліміздің басқа аймақтарына таралмауы, насихатының кемшіндігі байқалды. Заманында Ыбырай Алтынсарин секілді тұлғалардың өзі тамсанып, өнерін мойындаған, бар қазаққа аты мәлім Нұржан мұрасының өзі осындай мәселеге тап болып жатса, өлкеміздің басқа әнші-күйшілері жайлы сөз қозғауымыз қиын-ақ. «Тобыл-Торғай әуенін» қолға алуымызға осы бір жай түрткі болған еді. Нота жайынан хабарсыз болғандықтан, өзім танитын музыка мамандарымен кеңесіп, Әділ Ахан, Данияр Рысбеков секілді ағаларымызбен  келісіп жұмыс істедік. Бірігіп кітаптың құрастырушылары болған Әділ, Данияр ағаларымыздан басқа да көптеген кісілер өз ақылдарын беріп, қолдан келгенше көмектерін аямады деуге болады. Олардың қатарында облысымыздағы Әбенов Бораш, Кәдіров Манапбек, Молдахметов Талғат, Байназаров Батырбек, республика көлеміндегі Алмас Алматов, Базархан Қосбасаров, Әлқуат Қазақбай, Нұрлан Бекенов т.б. белгілі музыка мамандары бар. Өнертану ғылымының магистрі Мақпал Манасбаева бұрын-соңды таныс болмасақ та Баубек, Қазбек күйлерін нотаға түсіріп берді. Сонымен қатар кітапқа енген өнерпаздардың ұрпақтарынан да бірталай деректер алдық.
— Кітап мазмұнына тоқталсаң. Жинаққа мәлім де беймәлім қандай сазгер-музыканттардың есімдері мен еңбектері енді? Хронология қай ғасырлар арасын қамтиды? Жалпы, бұл жинақтың жаңалығы не деп айтар едің?
— Бұл музыка антологиясы үш бөлімнен тұрады. Алғашқы бөлімде әндер мен күйлердің ноталары берілсе, қосымша бөлімде осы өңірдің музыка мұрасына қатысты жазылған мақалаларымыз және бірнеше өнерпазымыздың суреттері берілген. Кіріспе мақала мен әндерге түсініктемелер арқылы жарияланған мұраларға, олардың авторларына қатысты мәліметтер берілген. Кітапқа 90 нота енгізілді. Бұлардың барлығы авторлық шығармалар. Кітаптың құрастырушылары Арқалық қаласындағы Б.Байқадамов атындағы музыка мектебінің оқытушысы Әділ Ахан Кәкиұлы,  Е.Өмірзақов атындағы облыстық филорманияның домбырашысы Рысбек Данияр Қобыландыұлы және өзім болдым. Ақылдастар алқасында өнертанушы Қайыржан Мақанов, өлкетанушы Мұқтар Қоденов, ҚР мәдениет қайраткері Бораш Әбенов, Айтыс ақтаңгері, филология ғылымдарының кандидаты Айбек Қалиев, мұражай басшысы А.Қасеновтер болды. Жинағымыздың алғы сөзін белгілі жырау, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры Алмас Алматов жазды.
Жинаққа енген өнерпаздарымыздың ең арғысы – Күрлеуіт Жаманқұл ақын (1780 жылы туған), бергісі – белгілі қобызшы Қазбек Әбенов (1914-1995). Өмір деректері белгісіз өнерпаздарымыздың ішінде Жаманқұлдан ертерек өмір сүргендері болуы да мүмкін. Бірақ кітаптағы мұралардың басым көпшілігі – ХІХ ғасырмен ХХ ғасырдың алғашқы жартысында дүниеге келген туындылар.
Кітаптың жаңалығы ретінде Тобыл-Торғай өңіріндегі дәстүрлі ән мен күй өкілдерінің мұраларының бір жерге жинақталып берілгенін айтуға болады. Әрине, мұнымыз осы өңірдегі дәстүрлі музыка зерттелмеді, жиналмады деген сөзіміз емес. 1902-1908 жылдары Торғай облысында әкімшілік қызметте болған белгілі этнограф С.Г. Рыбаков осы жылдар ішінде жүзден аса музыка туындысын нотаға түсіреді. Бірақ, өкінішке қарай, С.Г. Рыбаков нотаға түсірген ән-күйлер әлі күнге табылған жоқ. А.В. Затаевичтің еңбектерінде де Тобыл-Торғай өңірінің музыкалық мұрасы біршама жақсы қамтылған. Кітаптың «Кустанайская губерния» бөлімінде 130, «Тургайский уезд» бөлімінде 63 ән мен күй берілген. Қазақ зерттеушілерінен Т.Бекхожинаның «Қазақтың 200 әні» кітабында Тобыл-Торғай аймағынан жазып алынған оннан аса музыкалық шығарма басылып шықты. Бірақ бұл мұралардың барлығы шашыраңқы күйде жатқан еді. Біз әр уақытта жарық көрген түрлі жинақтардағы, жеке кісілердің мұрағаттарындағы ноталарды, аудиожазбаларды жинақтап бердік. Осы уақытқа дейін көп көңіл бөлінбеген Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы секілді тарихи тұлғалардың музыкалық мұралары жинақталып, Қапақ сал, Құтжан Қанжығалин, Сәт Есенбайұлы сынды жергілікті жерде ғана аталатын өнерпаздардың ән-күйлері баспа бетін көрді. Арасында бұрын-соңды жарық көрмеген туындылар да бар. Сонымен қатар, Бұзаубақ Қабылұлы мен Байқадам Қаралдиннің "халық әні" деп айтылып жүрген әндері өз аттарынан жарияланды.
— Кітаптың жарық көруіне кімдер демеуші болды? Таралымы қанша? Оқырмандар қайдан алмақ?
— «Тобыл-Торғай әуені» музыка антологиясын шығаруда бірнеше жыл бұрын жарық көрген «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын негізге алған едік. Бұл – кейінгі жылдары қолға алынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясындағы «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» арнайы жобасының үдесінен де шығып тұрған, мұражайдағы түйінді еңбектеріміздің бірі. Кітап Қостанай облысы әкімдігінің мәдениет басқармасының қолдауымен шығарылды. Қолдау дегенде, бір жағынан алып қарағанда, мәдениетке қатысты мұндай дүниелер мәдениет басқармасының өздерінің жұмыс ауқымына кіретін шаруалар ғой. Таралымы – 200 дана. Оқырмандар облыстық кітапханалардан алып оқуына болады. Қалған даналарын облыстағы мәдениет ұйымдарына, әсіресе, зерттелетіндей, сахнаға шығатындай музыка мектептеріне, дәстүрлі өнерді сақтап келе жатқан әнші-домбырашыларға, жоғары оқу орындарына, белгілі музыка мамандарына таратамыз.
— Ресми тұсаукесері өтті ме?
— Ақпан айының басында, карантин талаптарын сақтай отырып, шағын шеңберде тұсаукесер өткіздік. Мұражайда өткен тұсаукесерімізге облыстық Мәдениет басқармасының басшысы Е.Қалмақов, кітаптың ақылдастар алқасынан Б.Әбенов, А.Қалиев және тағы басқа меймандар арнайы қатысты.
— Бұған дейін «Ескі сөз – ел мұрасы» атты құнды дүниенің жарық көруіне де еңбегіңнің сіңгенін білеміз. Мінекей, оның қатары осы жинақпен толығып отыр. Біз білмейтін басқа қандай кітаптардың жарық көруіне ат салыстың? Ендігі жоспар қандай? Шылбыр тастап қойған қандай тақырыптар бар?
— Иә, жарыққа шығуын шықты ғой. Бірақ ескеретін тағы бір мәселе бар.  Ол – осы аталған мұраларымызды пайдалану, көпшілікке насихаттау. Өкініштісі, өлкеміздегі дәстүрлі музыка өнерінің құнды мирастары ел игілігіне жаратып, кәдеге асыруға әлі толық көңіл бөлінбей келеді. Асыл мұра насихатсыз қалмауы тиіс. Тереңдеп бармай-ақ, қолымыздағы бар дүниелерді әр концерт сайын бірлі-екіліден шығарып отырсақ та, Тобыл-Торғай өңірінің рухани қазынасына қосқан үлесіміз аз болмас еді. Сонымен қатар туған топырағымызда дүниеге келген музыка мұраларын жинақтап, зерттеу, оларды жарыққа шығаруды да қолға алуымыз керек. Баба дәстүрін үзбей келе жатқан талантты өнер иелері әлі де болса бар. Қазіргі технологияның дамыған заманында олардың шығарған ән-күйлерін басып алып, ғылыми орта мен көпшілік қауымға жеткізу еш қиындық туғызбайды. Ол үшін аз ғана қолдау болса жарап жатыр. Бір байқағаным, өңіріміздегі дәстүрлі ән мен күйге деген қызығушылық бар. «Тобыл-Торғай әуені» жарыққа шыққаннан кейін хабарласып жатқан музыка мамандары көп. Олардың ішінде консерваторияда, қазақ ұлттық өнер университетінде сабақ беріп жүрген белгілі зерттеушілер де бар. Ел арасынан жаңа ән-күйлер де келіп түсіп жатыр. Ауқымы мұражай жұмысының шеңберінен шығып кететіні болмаса, осы бағытта әлі де бірталай шаруалар тындыруға болады ғой деп ойлаймын.
Ал, енді, бұған дейін Айбек Қалиев автор болған "Торғай ақындарының антологиясының" 3 томдығын құрастыруға қатыстым. Сондай-ақ, "Арқалық тарих толқынында" атты альманахының да құрастырушысы және әдеби өңдеушісі болдым. Бұл жобаға Дархан Кекимов деген азамат жетекшілік етіп еді… Шынын айтқанда, ақындар антологиясын шығару шаруасын әлі де жалғай түсуге болады. Егер қаржы болса, Қайнекейге дейінгі шайырларды қамтитын, әрқайсысы 10 баспа табақтан кем болмайтын 10 шақты томның жүгін көтеретін материал бар. Керекті дүниелерді түгендеп алу үшін жоғарыда аталған бағдарламалардың игілігін де пайдалана білгеніміз абзал.
— Әңгімеңе көп рахмет!  
 
Сұқбаттасқан Жандос Жүсіпбек
 

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓