Үкімет отырысынан

Елордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Онда Қазақстанның 2020 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары баяндалып, алдағы жоспары талқыланды. Бұл туралы Egemen.kz және ҚазАқпарат хабарлайды.

«Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығында – артық даңғаза мен ысырапшылдыққа жол берілмейді». Мемлекет басшысы Тәуелсіздігіміздің мерейтойын атап өтетінімізді айтып, осыған орай қолға алынған реформаларды қарқынды түрде жүзеге асыруымыз керектігін алға тартты. «Біз осы шаралар арқылы бірлік пен келісімді нығайтып, өскелең ұрпақтың бойындағы патриотизмді дамытуға тиіспіз. Оларды егемендігіміздің және мемлекеттіміздің құндылықтарын бағалай білуге үйретуіміз қажет. Сондықтан мен «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаламда қазіргі идеологиялық бағдарламаларды нақты атап көрсеттім. Біздің мақсатымыз – азаматтарымыздың тұрмыс сапасын жақсартып, табысын арттыру. Мемлекетік органдардың әрбір шешімі, әрбір әрекеті экономиканы дамытуға және халықтың игілігіне арналуға тиіс. Бұл біздің қолымыздан келеді», — деп сөзін түйіндеді Қ.Тоқаев.
 
Шағын және орта бизнесте ахуал қандай болса, халықтың жағдайы сондай – Мемлекет басшысы.
«Басты мақсатымыз — коронавирус пандемиясы мен оның салдарын жою. Бұған дейін сөз алғандар жұмыстағы оң нәтижелер туралы айтты. Сондықтан берген негізгі міндеттерге және жіберілген қателіктерді түзету үшін атқарылатын жұмыстарға тоқталамын. Бірінші — экономикалық белсенділікті қолдау. Пандемия мен карантин шектеулері, сауда қатынастарының бұзылуы елдегі іскерлік белсенділікке кері әсерін тигізді. Көптеген ірі кәсіпорындардың көрсеткіші төмендеді. Әсіресе шағын және орта бизнес қатты зардап шегуде»,- деді Мемлекет басшысы. ҚР Президенті былтыр дағдарысқа қарсы бірқатар шара қабылданғанын айтты. «Оның ауқымы аса зор болғаны және жүйелі жүзеге асырылғаны баршаңызға белгілі. Бизнестің сұранысына ие болып отырған маңызды шаралар осы жылдың соңына дейін ұзартылды. Шағын және орта бизнес халықтың үштен біріне жұмыс тауып беріп отыр. Бір сөзбен айтқанда, оның ахуалы қандай болса, халықтың да жағдайы сондай. Биыл шағын және орта бизнеске қолдау көрсету ең басты назарда болуы тиіс. Үкіметке «Атамекен» ҮКП-мен бірлесіп, 1 айдың ішінде осыған қажетті іс-шаралар топтамасын әзірлеуді тапсырамын», — деді Мемлекет басшысы.
 
«Орталық Азия» ХСО тезірек салынуы керек – Қ.Тоқаев
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-министрге «Орталық Азия» халықаралық сауда орталығын тезірек салуды тапсырды
«Азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі өзекті бола түсті. Ол мәселені технологиясы жоғары ауыл шаруашылығынсыз және бәсекеге қабілетті өңдеуші өндіріссіз шешу мүмкін емес. Бұл – аксиома. Былтырғы 11 айдың ішінде азық-түлік импортының көлемі 3,6 млрд долларға жетті. Бұл көрсеткіш 2019 жылғы (12 айлық) көрсеткіштің өзінен 9 пайызбен озып кетіп отыр. Оның үстіне АӨК-ты дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберіндегі декларацияланған көрсеткіштерге әлі де жете алмай келеміз. Былтыр халықтың табысы азайған кезде азық-түлік бағасы керісінше қымбаттай берді. Мемлекеттік органдардың бағаларды сақтап қалу бойынша шаралары, сондай-ақ сауда желілеріне жеңілдетілген несие беру – оң нәтиже берген жоқ. Әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағасы 11 пайызға артты. Жалпы инфляцияның ішіндегі олардың үлесі – 60 пайызға жетті. Үкімет нарықтық механизмді негізге ала отырып, жоғарыда аталған мәселені шешетін шараларды қабылдауы керек», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев
Президент өз сөзінде 24 жаппай тарату орталықтарын іске қосудан тұратын Ұлттық тауар өткізу жүйесін тезірек жолға қоюды жүктеді.
«Қазіргі таңда көкөністің 90 пайызын Өзбекстаннан импорттап отырмыз. Сонымен қатар бұл мемлекеттің Ресеймен сауда қарым-қатынасы да біздің елдің аумағы арқылы өтеді. Осыған байланысты «Орталық Азия» халықаралық сауда-экономикалық орталығының жобасы жарияланған еді. Бұл орталық бизнеске тұрақты түрде ақша табуға көмектесуі керек. Ал мемлекет ол арқылы бюлджетті толықтыруы тиіс», — деді ол.
Қ.Тоқаев бұл бастаманы кезінде Елбасының өзі тапсырғанын, бірақ 3 жылдың ішінде келіссөзге қол қоюдан басқа ештеңе істелмегенін мәлім етті.
«Премьер-министр бұл мәселені жеке бақылауына алып, бұл орталықты құру ісін тездетуі керек. Ол жөніндегі қабылданған шаралар жайлы бір айдың ішінде ақпарат беріңдер», — деді ол.
 
«Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасын әзірлеу тапсырылды
«Қоршаған ортаға ешқандай оң әсері жоқ, қаражатты құр игеруді көздейтін жасанды шараларға жол бермеу қажет. Сондықтан ағаш отырғызуға лайықты орындарды анықтау үшін ғалымдармен және жұртшылықпен бірлесіп, кәсіби талдау жүргізген жөн», деді Президент.
Мемлекет басшысы Үкіметке арнайы тапсырма берді.
«Үкіметке 2021-2025 жылдарға арналған «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасын әзірлеуді тапсырамын. Әсіресе, қоршаған ортаны қорғау ісіне қажетті барлық көрсеткіштерді цифрландыру – маңызды міндеттердің бірі», — деді Президент.
 
Жер учаскесі онлайн рәсімделеді – Асқар Мамин
Премьер-Министр Асқар Мамин жер учаскесін беру процесі түбегейлі өзгеретінін айтты. «Экономиканы сапалы цифрландыру бойынша белсенді жұмыс жалғасады. 2021 жылы талшықты-оптика 2 мыңнан астам ауылда пайда болады. Жер учаскесін беру процесі түбегейлі өзгереді. Жер учаскесін онлайн рәсімдеуге болады. Мемлекеттік қызметтердің 90 пайызы смартфон арқылы қолжетімді болады. 100 пайыз проактивті әлеуметтік төлемге көшу жоспарланып отыр», — деді Премьер-Министр.
Үкімет басшысының айтуынша, елде 100 жаңа ІТ-компания құрылып, 10 мыңнан астам білікті маман дайындалмақ. «Мәліметтерді өңдеу және сақтау саласындағы инвестиция өсімі 72 млрд теңгені құрайтын болады. Инновациялық жобалар 6 млрд теңгеге гранттық қаржыландыру алады», — деді ол.
Үкіметке жыл соңына дейін пайдаланылмай жатқан жайылымдар қайтарылуы тиіс – Президент
«Жайылымдар мәселесіне арнайы тоқталғым келеді. Бұл жерлер ең алдымен ауыл тұрғындарына қолжетімді болуы керек. Жергілікті әкімдіктер жұмысты дұрыс ұйымдастырмай жатыр. Соның салдарынан ауыл тұрғындары мал жаятын жайылым таппай қиналуда. Әсіресе Алматы, Түркістан облыстарынан арыз-шағымдар көп түсуде. Жайылымдардың 99 пайызы шаруа қожалықтардың иелігінде. Алайда оның 36 пайызында ғана мал жайылады. Қалған 46 млн гектар жайылым жер бос жатыр. Үкіметке Бас прокуратурамен бірлесіп, биылғы жылдың соңына дейін осындай жайылымдарды қайтаруды тапсырамын», — деді Мемлекет басшысы.
 
Жер кодексіне түзетулер енгізіледі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке қараша айына дейін Жер кодексіне түзетулер енгізілуін қамтамасыз етуді тапсырды.
«Биыл Жер кодексінің жекелеген нормаларына жарияланған мораторийдің мерзімі аяқталады. Осыған орай, Жер жөніндегі комиссияның жұмысын қайта жандандыру қажет. Ұсыныстар байыппен талқыланып, түбегейлі шешім қабылдануға тиіс. Үкіметке биылғы қараша айына дейін Жер кодексіне түзетулер енгізілуін қамтамасыз етуді тапсырамын», -деді Президент.
 
Халық денсаулығының шынайы көрсеткіштерін білуге тиіспіз – Президент.
«Пандемия кезінде медициналық статистиканың нақтылығына қатысты мәселе өткір болды. Өңірлер рейтинг қуып және жазадан қорыққандықтан істің шынайы мән-жайын жасырып, қаражатты тозаңға айналдырды және қабылданған күш-жігердің барлығын жоққа шығарды. Пациенттердің тағдыры тікелей байланысты негізделген басқарушылық шешімдер қабылдау үшін халық денсаулығының шынайы көрсеткіштерін білуге міндеттіміз» — деді Мемлекет басшысы. ҚР Президенті барлық өңірлер мен жас топтарының шегінде сырқаттанудың шынайы картинасы бойынша сенімді зерттеу статистикасын шұғыл ұйымдастыру қажеттігін баса айтты. «Ол бір айдың ішінде жүргізілуі тиіс және үнемі жаңарып отыруы қажет. Бұл оқушылардың білім алу режимін айқындау кезінде, бизнес пен азаматтар үшін карантин шектеуін енгізу барысында өте маңызды», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақстандық вакцинаны салдырамын»
«Оны сапалы өткізу үшін барлық жағдайды жасау керек. Вакциналау бойынша науқан ұйымдастырылған тәртіпте өтуі керек. Үкіметке әкімдермен бірлесе толыққанды дайындықты қамтамасыз етіп, 1 ақпаннан жаппай вакциналауға кірісуге тапсырамын», -деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Президент отандық вакцинаны тестілеудің оңтайлы нәтижесіне сенім артатынын тілге тиек етті.
«Осы жағдайда ол жақсы нәтижелер көрсетсе, мен дәл осы қазақстандық вакцинаны салдырамын», — деді Қ.Тоқаев.

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓