Бюджет қаржысы қайта қаралды

Бүгін облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің қатысуымен облыс мәслихатының жетінші шақырылымының кезектен тыс сессиясы өтті. Жиында бюджетті нақтылау мәселесі қаралды.

Облыстық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлбарам Мұсағазинаның айтуынша, 2020 жыл бюджетінің кіріс бөлігінің артығымен орындалуы нәтижесінде осы жылдың басында артылған қалдық қаржыны мұқтаж бірінші кезектегі мұқтаждықтарға бөлудің қажеттілігі туындап тұр.

«Атап айтқанда, Жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары басқармасына 1 222,3 млн теңге бағытталып, ол аудандық маңыздағы Амангелді, Жангелдин, Денисов, Қарабалық, Науырзым аудандарындағы 5 автожолды және Қарабалықкентінің көшелерін орташа жөндеуден өткізу үшін бөлу ұсынылады. Білім басқармасына 564,6 млн теңге бөлу көзделеді. Оның 378,1 млн теңгесі Амангелді орта мектебін күрделі жөндеуден өткізуге, 98,5 млн теңге – оқу құралдарын және облыстағы 7 колледжге құрылғылар сатып алуға, 58,8 млн теңге – Ы.Алтынсарин атындағы Рудный әлеуметтік-гуманитарлық колледжі жатақханасын жөндеуге, 29,2 млн теңге Қостанай құрылыс колледжі ғимаратының шатырын күрделі жөндеуден өткізуге жұмсалады», — дейді басқарма басшысы.

Сонымен қатар, 464,0 млн теңге Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасына еншіленбек. Жіктей айтқанда, осы соманың 159,2 млн теңгесі Ұзынкөл магистральді су қзұбырын қалпына келтіруге бөлінбек. Бұл құбыр аудандағы Абай және Миролюбов ауылдары арасын жалғап жатыр. Тағы 138,6 млн теңге Амангелді, Әулиекөл, Денисов, Жангелдин, Қарабалық және Науырзым аудандарында 27 су тарату бекетін салуға жұмсау жоспарда бар. 76,1 млн теңге Қарабалық (1) және Науырзым (2) аудандарына 3 автоцистерна сатып алуға шығындалады. 58,6 млн теңге Денисов ауданының «Дидар» кәсіпорнына және Ұзынкөл ауданының «Ұзынкөл-Су» мекемесіне жүк тиегіш эксковатор сатып алуға жұмсалмақ. Сонымен қатар, соңғы қалдық – 31,5 млн теңге «Қостанай оңтүстік электр сервисі» мекемесіне қатты отынмен жылытылатын екі су жылыту қазаны бар блок-модульді қазандық сатып алуға бағытталады.

Аймақ басшысы бюджеттің қалдық қаржысын нақтыланып ұсынылған нұсқада бекітті. Ол облыстық мәслихат депутаттарына аймақ тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту үшін жоспарланған жобаларды іске асыруға қолдау көрсеткені үшін алғыс білдірді. Депутаттармен бірге халықтың өзекті мәселелерін шешуге күш жұмылдыратынын айтып, жиынды түйіндеді.

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓