Жаппай вакциналау басталады

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин жаңартылған құрамда Үкіметтің алғашқы отырысын өткізді. Жиында елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай қаралды. Әсіресе, халықты 1 ақпаннан бастап жаппай вакциналауға кірісу туралы сөз болды.QazCovid-in отандық вакцинасы клиникалық сынақтардың III кезеңінен өтуде. Алдын ала көрсеткіштерге сенсек, жаңа екпенің тиімділігі 96%-ға шақ. «Спутник V» вакцинасының сапасын аттестаттау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оның үстіне, GMP стандарты бар вакциналар шығаратын биофармзауыт салыну үстінде.
ҚР Денсаулық сақтау министрі А.Цойдың баяндамасын тыңдаған Үкімет басшысы да бүгінгі таңдағы ең маңызды міндет – халықты жаппай вакциналауды ұйымдастыру екенін екпін сала айтты.
А.Мамин Денсаулық сақтау министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, 1 ақпаннан бастап медициналық ұйымдардың халықты «Спутник V»-мен жаппай вакциналауды бастауға дайын болуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Премьер-Министр өңірлердің әкімдеріне эпидемиологиялық ахуал нашарлаған жағдайда алдын ала шектеу шараларының жоспарын әзірлеуді, халық пен бизнес субъектілерінің белгіленген санитариялық нормаларды қатаң сақтауын қамтамасыз етуді, бір апта мерзімде инфекциялық стационарлар мен алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарында жеке қорғаныш құралдары мен коронавирусқа қарсы дәрі-дәрмек қорларына тексеріс жүргізуді тапсырды.
Ішкі істер министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, мониторингтік топтардың жұмысын күшейту, Ақпарат министрлігімен бірлесіп түсіндіру жұмыстарын күшейту тапсырылды.
Қазіргі таңда Covid-19 таралу қарқыны бойынша ҚР-ның 6 өңірі – Ақмола, Атырау, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары және Нұр-Сұлтан қаласы «қызыл аймақта» тұр.
Кейінірек белгілі болғандай, коронавирус инфекциясына қарсы «Спутник V» вакцинасын салғызатын адамнан міндетті түрде жазбаша келісім талап етіледі. Мұндай талаптың барын ҚазАқпарат тілшісіне Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаев айтты
«КВИ екпесін тұрғылықты мекені бойынша тіркелген емханадан алуға болады. Бұл ретте қауіп тобына жататын азаматтарды екпе алуға учаскелік дәрігерлер шақырады немесе жұмыс орыны мен оқу орынына байланысты екпе салу ұйымдастырылуы мүмкін», — дейді Ержан Байтанаев.
Оның айтуынша вакцина алу үшін азаматтар жазбаша келісім беруі керек. Вакцинация 21 күндік аралықпен екі кезеңде жүргізіледі.
«Осыған дейін аталған топтарға кіретін азаматтарға екпе тегін. Сонымен қатар халықтың қосымша осал топтарын енгізе отырып, контингентті арттыру көзделуде. Атап айтқанда бұл контингентке ТЖМ, ІІМ, Қорғаныс министрлігі, ҰҚК, Мемлекеттік күзет қызметі қызметкерлерін енгізу жоспарланып отыр», — деді ол.

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓